NEET санатындағы жастар, үшінші топтың жүгі ауыр болып тұр

Dalanews 19 нау. 2023 06:10 306

Күнделікті өмірімізде NEET санатындағы жастар деген ұғым-түсініктің пайда болғанына да біраз уақыт болды. Осы ретте NEET санатындағы жастар деп кімдерді атауға болады? Жастардың мәселесін көтеріп жүрген қоғамдық ұйымдардың уәжіне құлақ ассақ, қандайда бір мамандық алмаған, екі қолға бір күрек таппай жұмыссыз жүрген жастарды NEET санатындағы жастардың қатарына жатықызуға болады.

Сонымен қатар мамандар NEET санатына жататын жастар оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арттыруға құлықсыз жастарды жатқызу керек екенін айтуда.

Еліміздегі жастар саясатына жауапты мемлекеттік мекемелердің деректеріне назар аударатын болсақ бүгінде елімізде NEET санатындағы жастардың үлесі 6,3%-ды құрайды. Бұл – дерек біраз жастарымыздың өмірден орнын таба алмай жүргенін көрсетеді. Мұндай жастарға мемлекет тарапынан қамқорлық қажет.


Бүгінде Үкімет NEET санатындағы жастардың жұмысқа орналасуына және басқа да мұң-мұқтажын есепке алып оларға қолдау көрсетуге көңіл бөлуде.

Ал жастар ісімен айналысатын құзырлы орындар елімізде NEET санатына жататын жастарды 4 топқа бөліп қарастыруды жөн көріпті. Мұны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадіров атап көрсеткен болатын.

Бүгінде елімізде жергілікті атқарушы органдардың деректері негізінде NEET санатындағы жастар туралы деректер базасы дайындалуда. Осы деректер базасына 4 топты енгізу жоспарлануда.

Олардың үлкен шоғырын жұмыссыз жастар құрайтыны белгілі. Бұл топқа колледждер мен жоғары оқу орындарында оқитын, бас бостандығынан айырылған және әскери борышын өтеп жүрген жастар жатады.

Ал екінші топты өндірістік қызметке қабілетті және мүмкіндіктері шектеулі жастар кіріп отыр.

Үшінші топқа жататындарды «белсенді емес жастар» деп ат қойып, айдар тағыпты. Бұларға алкогольдік ішімдік пен нашақорлыққа салынған және созылмалы ауру түрлеріне шалдыққан жастарды жатқызады екенбіз. Бұл топқа жататын жастарды оңалту орталықтарына жіберіп, қоғамдық өмірге қайта қосудың маңызы зор.


Соңғы төртінші топқа – үй шаруасымен айналысатын жастарды жатқызады екенбіз. Мұндай жастар отбасылық бизнеске көмек көрсетіп, бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүре беретіні белгілі. Бірақ олардың қоғамдағы әлеуметтік статусы айқындалмаған.

Бұл жерде NEET санатының үшінші тобына жататын жастармен жұмыс істеудің маңызы жоғары болып тұр. Осы ретте Үкімет дәл осы топқа жататын жастар үшін еңбек жасақтарын құруды көздеп отыр. Осылайша оларды еңбекке араластырып өмірден өз жолын тауып кетуіне ықпал етпекші.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x