О - Сино

Dalanews 17 нау. 2023 03:52 305

Оңтүстік варварлардың ғибадатханасы. Әдетте бұл кезде терезенің түрлі әйнегінен күн сәулесі түсіп тұрар еді. Бірақ сілбі жауын басталып, аспанды бқлт құрсап, бөлменің іші ымырт үйірілгендей көмескі тартқан. Ортада, мінберді алқалай тұрған биік готикалық колонналардың шыңылтыр ағашы реңсіз жылтырайды. Алыс түкпірде, өшпес шамдал, киоттың ішінде тұрған әулиенің бейнесі сәулелендіріп тұр. Kici аяғы басылған.

Қараңғыда шошайып жалғыз тұрған жирен шашты әулие әкенін сұлбасы шалынады. Ол басын иіп дұға оқып тұр. Жасы қырық бес – қырық алтылар шамасында. Маңдайы қысыңқы, шықшыттары алға қарай шығыңқы, сақалы қалың. Монахтар киетін жамылғының етегі еденмен сүйретіліп жатыр. Жасыл тыстан құраған таспиқ, білезікті бір орап төмен салбырап тұр. Ғибадатхананың іші тым-тырыс. Әулие әке қаққан қазықтай болып, дуғаға шомып кеткен.

Міне, есіктен қорқақтай басып бір әйел кірді. Ол самурайдың әйелі сияқты, таңбалармен кестеленген ескі кимоно киген. Жасы отыздар шамасында болғанымен, анықтай қарағанда өз жасынан әлдеқайда кәрі көрінеді. Өңі аурушаң. Көзінің айналасы қаралтым тартқан. Әйтседе ажарлы жүз. Бірақ осы мінсіз ажардан әлебір қатыгездіктің лебі есетіндей...

Кітап қоятын тағанға үркектей көз тастаған ол ішке қарай өтті. Ымырт ішінде, михрабтың алдында тізерлеп тұрған әулие әкені сонда байқаған. Әйел шошып кеткендей қалт бөгелді. Артынша, оның дұғаға шомып тұрғанын түсінсе керек, одан көз алмаған күйі қапталдаса тұрды. Ғибадатхананың іші әлі жым-жырт. Әулие әке қозғалмады, әйел де меңірейіп қалғандай.

Ақыры дұғасын оқып болған әулие әке орнынан тұрды. Алдында, бірдеңе айтуға оқталғандай болып тұрган әйелді сонда байқаған. Ғибадатханаға кісі кеп кіретін, көп жұрт крестке керілген таңғажайып Будданы көруге келетін. Бірақ мына әйел ерігіп жүрген адамға ұқсамайды. Жылы жымиған әулие әке тілін әзер сындырып жапонша сауал қойған:

– Қандай арыз-арманыңыз бар?

– Менін сізге деген бір өтінішім бар еді..

Әйел басын төмен салып әдеппен иілді. Киімі жұпыны, бірақ шашы «когаймагэ» үлгісімен әдемі етіп түйіліп қойылған. Әулие әке ризашылығын білдіріп мейірлене жымиды. Жасыл тастан құралған таспиқ саусаққа бір оратылып, бір тарқатылды.

– Менің есімім Сино, мен Итибангасэ Хамбэйдің жесірімін. Ұлым Синнодзе қатты ауырып қалып еді...

Әңгімесін мүдіріп бастаған әйел, артынша бойын оңдап, бір сүрінбей сөйлеп кетті. Ғибадатханаға келген себебі мынадай екен: Синнодзе биыл он беске толыпты. Көктемде бір белгісіз дерт жабысқан. Ауыз жаппай жөтеледі, ыстығы түспейді, асқа тәбеті жоқ. Сино баласын барынша мәпелеп, емшілерге көрсеткен. Керек дәрі-дәрмек алған, қолынан келгеннін барлығын істеген. Бірақ баланың оңалатын түрі жоқ. Қайта, күн өткен сайын кері кетіп барады. Онын үстіне кейінгі кезде жоқшылық қолды байлап, емшілерге ақы төлеуге де мүмкін болмай отыр. Ғибадатханадағы әулие әкені керемет емші, тіпті түрлі мерезді емдей алады деседі. Сондықтан Синнодзеға көмектес деп жүгініп келіп отыр.

– Менікі құр әурешілік емес пе? Келесіз бе? – деп әйел әулие әкеге қадала қapaп. Оның көзінде жалыну да, жалбарыну да жоқ, тек қана қатқыл талап бар еді.

– Жақсы, көрейн балаңды, – деді әулие әке, сақалын ойлана тарамдап тұрып. Әйел жанға емес, тәнге дәру тілеп келіп тұр. Бірақ оның несі сөкет? Тән – жанның тұрағы емес пе? Тұрағы таза болса, тұрғыны да сауыкпай ма? Пірадар Фабиан дінге осындай жолмен келмеп пе еді? Және жалғыз ол емес. Мүмкін бұл әйелді де Құдай айдап келген шығар?

– Ұлың осында келе ала ма?

– Келе алмайды-ау...

– Олай болса мені оған ертіп бар. Әйелдін көзінде қуаныш оты жарқ етті.

– Шынымен барасыз ба? Неткен бақыт!

Әулие әкенің көңілі босады. Сол сәтте әйелдің бетіндегі пердесі ысырылып, астынан ананын жүзі көрінді. Бұл енді самурайдың жесірі емес, тіпті жапон әйелі емес – ана еді. Мейірімі шексіз, қут иесі, ақырда жатқан нәресте Айсаны – емшек беріп асыраған Аспан Патшайымындай-ақ ана еді бұл. Бойын сәндене керген әулие әке әйелге дем бере сойлеген:

– Қорықпағын. Баланның ауыруын бармай-ақ біліп тұрмын. Мен оны емдейін. Қолымнан келгенін аямаймын. Ал енді қолымнан келмей жатса...

– Тек көрсеңіз екен, – деді әйел жасқана тіл қатып, одан кейін бұйырғанын көреміз. Болмаса, онда Киемидзу путханасындағы бодхисаттва Каннонға жүгінуім ғана қалады.

Бодхисаттва Каннон! Бұл сөзді естігенде әулие әкенің бет-әлпеті қарайып, түтігіп кетті. Аңырып ештеңе түсінбей қалған әйелге қахарлы көзін қадаған күйі, ашулы сөзді сеңдей ақтарған.

– Байқа! – деген ол айқайлап, басы селкілдеп, – Каннон, Шакья, Хатиман, Тэндзин сендердің бұл табынып жүргендерің бар болғаны ағаш пұттар ғана. Шын Құдай біреу-ақ, ол – Аспан Әміршісі. Тек Құдай ғана сенің балаңның жанын ала алады, немесе сауықтыра алады. Бұл пұттардың қолынан келмейтін іс. Егер балам десең - пұттарға сиынғаныңды қой.

Әйел ескі кимоносының жағасын қымтанған күйі әулие әкеден көз ала алмай тұрып қалды. Ашулы уағыздың мағынасы санасына жетті ме екен? Кім біледі. Алайда әулие әкенің онда шаруасы жоқ еді. Күректей сақалын алға ұсынып, әйелдің үстіне төне түскен ол әңгімесін ары қарай індетті:

– Хақ Құдайға ғана сен. Ал Хак Құдай – ол Иудеядағы Вифлеемде туған Айса. Басқа Құдай жоқ. Сайтан ғана, жолдан тайып кебінен айрылған періште ғана солай ойлайды. Бізді құтқару үшін Айса, тіпті өзін крестке кергізген. Қара мынаған. Міне ол.

Әулие әке қолын созып артындағы түрлі-түсті әйнекті нұсқаған. Күннің реңсіз жарығы түскен әйнек қараңғы ғибадатхананың ішінен суреттей анық көрініп, Құдайдың шеккен азабын баян етіп тұр еді. Төменіректе жылап тұрған Мәриям мен шәкірттері бейнеленіпті.

Әйел жапон ізетімен қол қусырып әйнекке жасқана көз тастады.

– Оңтүстік варварлардың аты бүкіл әлемге мәшхүр Бодхисаттвасы осы ма еді? Егер крестке керілген Әулие баламның жанын алып калса, мен оған қалған өмірімде құлшылық етіп етуге дайынмын. Өтінемін, жалбарыныңыз оған, кереметін көрсетсін, қорғасын бізді. Әйел жай сөйлегенімен, даусынан қатты толқығаны сезіліп тұр еді. Әулие әке жеңіске масаттанғандай, әйнектен көз алмаған күйі бұрынғыдан да қабындай сөйледі.

– Айса, күнә мен қиянатқа батқан адамзатты құтқару үшін, біздің жанымызды құтқару үшін көктен жерге түсті. Оған қандай несібе бұйырды екен, ол қандай азап шекті екен – тыңда енді.

Ғибадатхананың ішін аршындай кезген әулеие әке Айсаның өмірі жайлы тебірене толғанған. Ару Мәриямға Құдайды өз құрсағынмен алып келесін деп хабар берген періште туралы. Оның мал жем жейтін акырда туғандығы туралы, оның туғандығынан белгі берген жұлдызға еріп, шығыстан келіп. оған сыйға хош иісті шырыш әкелген дуахандар туралы, Мессияның келуінен қорыққан Ирод патшаның нәрестелерді өлтіргендігі туралы, оның Иоаннан қалай шоқынғандығы, тауға шығып уағыз айтқандығы, суды шарапқа айналдыргандығы, Мәриям Магдалинаның бойынан жеті шайтанды қуып шыққандығы, өлген Лазарьды тірілткендігі, су үстімен қалай жүргендігі, Иерусалимге қашыр мініп кіргендігі, соңғы шерлі сұхбат пен Елеон тауында дуға оқығандығы туралы айтқан.

Ғибадатхананы жайлаған қараңғылық ішінде әулие әкенің даусы Құдайдың әуезіндей күркірей естіліп жатты. Әйел оны үнсіз тыңдады. Айса, екі баукеспе ұрымен бірге крестке таңылыпты! Бұл не сый! Оның бұл қайғысына, шеккен бұл азабына қабырғаң қалай қайыспайды! Оның соңғы айқайы ше! «И ли, Или! Лама савахфани!» депті. «О, Тәңірім! О, Тәңірім! Мені неге жападан жалғыз тастап кеттің!» деген сөз. Неткен қасірет!

Кенет әулие әке үнсіз қалды. Жүзі құп-қу әйел, астыңғы ернін жымқыра тістеген күйі оған қадала қарап тұр екен. Оның көзінде ешкандай да тебіреніс жоқ, тек қана жиіркеніш пен өшпенділік бар еді. Таңқалып тіл айрылған әулие әке біраз уақыт мылқау адамша көзін жыпылықтатып тұрып қалды.

– Солай де! Сендердін «хак Құдайларың», оңтүстік варварлардың Бодхисаттвасы осындай екен ғой!

Әйелдің бұрынғы ұяңдығынан нышан да қалмады. Ол енді жауын ақтық рет шауып өлтіргелі тұрған адамдай сөйледі.

– Менің күйеуім Итибангасэ Хамбэй бар болғаны Сасаки әулетінің төленгіті, қатардағы ронин еді. Бірақ ол ешқашан жауға сыртын бермеген. Үстіндегі сауытын астындағы атын картаға ұттырған ол, Текодзи сарайының жанындағы шайқасқа жалаңаш шықты десе де болады. Бірақ сын сағатта ол «Будда Амида, жар бола көр!» деген жазуы бар қарапайым хаориді оранып, байрақтың орнына бамбуктың сабағын ұстап, жалаң қылышымен жауға ұмтылды. Ода мырзаның шерігіне бөрідей тиген Сибатаның әскерін кері серпіп, қанша адамнын басын қарбыздай шапты. Ал сендердің Құдайларың мынау ма? Оны крестке кереді екен – ал ол қыңсылап жылағанды ғана біледі! Сужүрек қорқақ! Оның дінінен не дауа? Құдайыңмен екеуіңнің ішкенің бір су. Күйеуімнің әруағы тұрған үйге енді аттап баспассың. Баламды да саған емдетпеймін. Синнодзе қылышкер Хамбейдің ұлы! Оған қорқақтың қолынан шыққан дәріні ішкізгенше өзімнің ішімді семсермен есейін! Бұлай екенін білгенде, бұл жерге ешқашан келмес едім. Осыған ғана өкінемін.

Көз жасына тұншыққан әйел жалт бұрылды да, обадан қашқандай ғибадатханадан жылдам басып шыға жөнелді. Меңірейген әулие әке тұрған орнында қала берді...

Рюноскэ АКУТАГАВА (жапон зашуысы)

Аударған Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x