«Ауыл» партиясы Алматы метросында фотосурет көрмесін ұйымдастырды

Dalanews 22 ақп. 2023 06:10 171

«Ауыл» партиясы Алматы қаласындағы «Сайран» және «Мәскеу» метробекеттерінде «Өнімдер сөрелерде өспейді» тақырыбында фотокөрме ұйымдастырды. Шараға Мәжіліс депутаттығына кандидат – Айбын Төреханов, Жандос Тұрсынғалиев, Қантай Әлібек, Алмас Мұхаметов, Ілияс Досхожаев, Анна Данченко және Қарақат Әбден қатысты.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына «Ауыл» ХДПП атынан түсетін кандидаттар «Өнімдер сөрелерде өспейді» тақырыбында ұйымдастырылған фотокөрме аясында қала тұрғындарына партия сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндірді. Партияның азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бойынша қолданатын тәсілдері жайлы айтты. Азық-түліктің шығу төркінінен түсінігі жоқ, ел азық-түлік қауіпсіздігін дүкен қамтамасыз етеді деп есептейтін бүгінгі буынның жетесіне жетердей үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

– Азық-түлік сөрелерде өспейді, сөрелерде баға өседі. Оның неліктен өсетінін және оны қалай тұрақтандыруға болатынын «Ауыл» партиясы жақсы біледі. Салалық  мемлекеттік органдар мен жалпы Үкімет үшін негізгі және бірінші кезектегі міндет өндіріс көлемін, әсіресе экологиялық таза өнім көлемін ұлғайту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін қайта өңдеу мен логистикалық инфрақұрылымды жолға қою болуы тиіс.  Өнімдер сөрелерге тікелей түсуі керек. Біз Мәжіліске барғанда азық-түлік нарығынан артық делдалдарды ығыстыру үшін бар күшімізді саламыз. Фермерлерді ірі сауда орталықтарына мүмкіндігінше жақындатамыз. Партияның Парламент Мәжілісіне ұмтылуындағы  басты себептерінің бірі – осы, – деді ҚР Парламентінің Мәжілісі сайлауына «Ауыл» партиясы атынан түсетін кандидат Айбын Төреханов.


Метрода өтіп жатқан фотокөрмеге назар аударып, кандидаттардың үгіт-насихатына құлақ түрген жолаушы қалалықтар айтылғандарға қызығушылық танытып, қолдау білдірді. Кандидаттар азық-түлік өндіру ісінің байыбына бармайтын, оны оңай шаруа деп ойлайтын қала жастарына адам арқауы астың дүкен сөрелеріне қандай еңбекпен келетінін фотокөрме арқылы қызықты форматта көз алдарына келтіріп, саналарына сәулелей құйып, сынадай қағып берді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x