Қазақ әйелдері туралы ащы шындық: «Astana tv» арнасы өзекті ток-шоудың кезектісін көрерменге ұсынады!

Dalanews 21 ақп. 2023 08:54 340

Белгілі қазақстандық тележурналист, продюсер, жаттықтырушы-мотиватор Ғазиза Райымбек жаңа бағдарлама туралы:

2023 жылдың ақпанында қазақстандық телекөрерменнің назарына ілініп, қоғамның көлеңкеде қалған көрінісін баяндайтын  «Ащы шындық» жобасы эфирге шығады. Енді еліміздің түкпір-түкпіріндегі қыз-келіншектің әлеуметтік мәселесін еститін құлақ, бей-жай қалдырмайтын тұтас команда бар. Жеке бастың проблемасын, түйткілін қоғам алдына жайып салу оңай емес, әрине, бірақ қазақта «ауруын жасырған өледі» деген ащы ақиқат және бар. Мәселені ортаға салғанда ғана оны шешуге бар күш жұмылдырылады. Жобаның басшысы және жүргізушісі, белгілі отандық журналист әрі продюсер Ғазиза Райымбек біздің басылымға берген көлемді сұхбатында ток-шоу туралы маңызды ақпараттың бәрін айтып берді.

–  «Ащы шындық» ток-шоуының мақсат-міндеті қандай? Жоба туралы идея қалай келді?

–  Негізі "Ашы шындық" сияқты жобаны бастау – бұрыннан ойда жүрген дүние. Әуелде «Өзіңді табу» (найти себя) деген айдармен ашқым келді. Өмірден өзін, өз орнын таба алмай жүрген қыз-келіншекке бағдаршамдай жол нұсқайтын бағдарлама болса деп ойлағанмын. Ал дәл осы жобаға не үшін кіріскенімді сұрасаңыз, әңгімені әріден бастау керек. Алты жыл бұрын шешендік өнер курстарында дәріс оқып жүріп мына нәрсеге көзім жетті: маған келген қыз-келіншектің көбі әлеуметтік ортадағы орнын таппаған. Бойларында бұғып жатқан қарым-қабілетті оятып, өмір салтын өзгерткісі, демеу болып, жөн сілтейтін мамандардың көмегін алғысы келетін. Яғни олар дұрыс ойлап, сөйлеуді ғана үйреніп қоймай, тұтас өмірін өзгерткісі келеді екен. Біздің жобада мәселелер бүкпесіз, ашық айтылады. Кейіпкерлеріміздің өмірге деген құштарлығын арттыруға менімен бірге арнайы мамандар, сарапшылар атсалысады. Ал нәтижесінде біз бұл әлемге нәзіктік пен сұлулық сыйлау үшін жаралған әйелдің дәл сол міндетін өзіне қайтарып береміз. Мұндай мүмкіндік әр әйелде болуы керек. Онсыз болмайды.

Әйелдің өмірі мен тағдырын, ең алдымен, өзіне деген, содан соң айналасындағыларға деген махаббаты өзгерте алады. Меніңше, қыз-келіншектің түрлі тренингке қатысып, үнемі ізденуінің себебі сол: бұл әлемде көп нәрсенің өздеріне байланысты екенін, бар ізгілік әйелден бастау алатынын іштей сезіп, сезінеді. Кез келген отбасының бақытын әйелдің бақытынан бөліп қарай алмайсыз. Егер ол өзінің болмысын, таланты мен мүмкіндігін толық аша алса, қоғамда кәдеге жаратса, онда бұл әйелдің бақытсыз болуы қиын. Мәселен, біздің қоғамда «әйелдің бақыты – балада» деген ұғым қалыптасқан. Ал мен бала туып, оны бағып-қағуды ғана әйелдің бар бақытына теңемес едім. Әйелдің ғана көзі көретін дүниелер бар. Оның нәзік табиғаты, бірден проблеманың түбіне үңіле алатын қасиеті көп түйткілдің түйінін тарқатып, қоғамға пайдалы бола алады. Өзін қоршаған ортаға септігі тиіп, мүмкіндігі шектелмей, толыққанды өмір сүріп жатқан әйелді ғана бақытты деуге болады. Ал енді іске асырар әлеуеті мол бола тұра, үйінен шықпай, бала бағып отырған әйел мен әлгінде біз айтқан қоғамдағы орны ығыстырылып, мүмкіндігі шектелмеген әйелдің қайсысы бақытты, айтыңызшы?

  «Koremiz» бағдарламасынан кейін сіз 1,5 жыл бойы ток-шоу жасаған жоқсыз. Қайда болдыңыз және немен айналыстыңыз?

– Менің телевидениеде жұмыс істегеніме 18 жылдан асыпты. Осы жылдары, әрине, бір басыма жетерлік тәжірибе жинадым. Бұл салаға мен техникалық бағыттағы жоғары оқу орнын бітіріп келгенмін. Мамандығым – металлургиялық өнеркәсіптің инженер-экономисі. Журналистік білімім болмаса да, мен кәсіби маман ретінде де , тұлға ретінде дәл осы салада жүріп қалыптастым. Менің продюсерлік орталығым соңғы 1,5 жылда  тынбай еңбек етті. Әлі де сол үрдістен танғанымыз жоқ. Біз республикалық телеарналар үшін  қызықты жобалар, ал өзіміздің клиенттер үшін пиар-стратегия әзірлейміз. Бұдан бөлек, мен шешендік өнер мен тұлғалық даму бойынша тренингтер өткіземін. Жүгі ауыр шоу-бағдарламаны жасауды маған тапсырған телеарна басшылығының артып отырған сенімі мен үшін өте маңызды. Бұл қызық әрі керек жоба!

Ұсыныс түскен кезде мен: Бұны да атқарып көрейін, бұл да тәжірибе, –дедім де, бірден іске кірістім. Жаратқанның бергенін байқай білу керек сынды. Есік алдыңнан бекерден-бекер ашылмайды ғой.

Қазір мен өзімнің кәсіби командаммен бірге «Ащы шындық» деген сапалы әрі мығым өнімді дайындап жатырмын.

Шығарылымдарды дайындап жүріп, қандай қиындықпен бетпе-бет келіп жатырсыздар?

–  «Ащы шындық» жобасының басында мен тұрмын. Идеясы, құрылымы мен мазмұны менің миымда пісіп-жетілгеніне біраз болған. Іштей дайын болғанда бір ауыздан бастап кеттік. Мұнда, айта кетерлігі, мен басқаратын «Media Professional» компаниясы қызық тақырып пен кейіпкерлерді жылдам табуға жақсы машықтанған. Сондықтан шоуға тән элементтері бар кез келген жобаны түсіре алады. Сол арқылы осы нарықтағы үздік командалардың бірі екенін дәлелдеді де.

Ток-шоу – ең қиын жанр, яғни оны түсірудің де машақаты жетеді. Бұл бағыттың қиын да қызық тұсы – үнемі адамдармен жұмыс істейтініміз. Әр адамның ығына жығыла сөйлеп, тыңдай білу, арызына дер кезінде үн қату оңай шаруа емес. Әрқайсысының сыздаған жан жарасы бар. Әрқайсысына көмектескің келеді.

Біздің міндетіміз – жағдайды көрерменге объективті жеткізу. Ал мұндағы басты қиындық мынау: жүйкесін жұқартқан мәселені қарсы жақтың көзінше ашық талқылауға көбінің батылы жете бермейді. Жасыратыны жоқ, кейде түрлі айлаға салуға мәжбүрміз. Кейіпкерлерді ниетіміздің шынайы екеніне, нақты көмектің де берілетініне сендіруге тырысамыз. Мен, кәсіби журналист ретінде, ақпараттың бейтарап, сауатты дайындалып, ұсынылғанын құп көремін. Қандай тартысты жағдай болмасын, екі жақтың да толық тыңдалып, түйткілдің әділ шешілгені дұрыс. Кейде кейіпкердің студиядан тұра қашуының кесірінен бүкіл дайындығымыз, ізденген еңбегіміз зая кетеді. Қолын бір сілтеп, кетіп бара жатқан кейіпкерді қайтаруға барымызды салып, бағдарламаны соңына дейін жеткізген кездеріміз де болған. Қысқасын айтқанда, адреналин жетіп жатыр!

Бағдарламаның тақырыбын қалай таңдайсыздар? Белгілі бір критерийлер бар ма? Кейіпкерлерді қалай табасыздар?

– Көрермен телефон арқылы редакциямен байланыса алады. Бұған қоса, әлеуметтік желі арқылы, тіпті Instagram-дағы менің жеке парақшама шықса да, кері байланыс орнату қиын емес. Оқырмандар менен direct-те көмек сұрап, өз оқиғаларын айтып береді. Маған проблемалар бір-біріне ұқсас болып көрінеді. Байқағаным, көп қыз-келіншек құқықтық сауатсыздықтың кесірінен арам ниетті адамдардың құрығына түсіп қалады. Мұндай жандарға біз кәсіби құқықтық көмек көрсете аламыз. Бір өкініштісі, біздің құқық қорғаушылар да өз міндетін дер кезінде атқармай, салдарынан бүтін бір шаңырақ шайқалып, ана байғұстың тағдыры тәлкекке түсіп жатады. Біз мұндай жағдайда да қауқар көрсете аламыз!

Командаңыз туралы айтсаңыз. Кімдер жұмыс істейді? Кім қандай бағытқа жауапты?

– Бізде тек жоғары білікті мамандар жұмыс істейтінін мақтанып айта аламын.

Бірінші талап – ана тілімізде еркін сөйлеп, жаза алуы керек. Екіншісі, телевидениедегі тәжірибесі мол болуы керек. Менің ұжымымда еңбекқор журналист, жақсы бейнеинженер, пысық продюсер, қырағы режиссер мен сауатты бас редактор жұмыс істейді. Әзірге командама көңілім толады. Олар берілген тапсырманы керек уақытта, қажет сапада бұлжытпай орындай алады. Екі-үш ауысым бойы жұмыс істейтіні және бар. Кейде тіпті «сендердің ауысымдарың бітті, үйлеріңе қайтыңдар» дегеніме де қарамай, үйдегі жайлы төсектен гөрі жұмыстың креслосында көз шырымын алғанды артық көреді. Менің сүйікті, еңбекқор ұжымым алға қойған биік мақсаттарға жету үшін таң жарығынан түн қараңғысына дейін үздіксіз жұмыс істеп жатыр.

Республикалық арнадан бүкіл ел көретін екі сағаттық апталық ток-шоуды жасау қиын. Бірақ нағыз мамандар іске кіріссе, алынбайтын қамал жоқ. Осы сәтті пайдаланып, командама шынайы алғысымды білдіргім келеді. Жанқиярлықпен еңбек ету өз ісін шексіз сүйетіндердің ғана қолынан келеді. Бұл контентті жасарда біз хайпты көздеген жоқпыз. Жанжал, елдің көз жасы арқылы атақ жинауды емес, талқыға салынатын мәселелердің оң шешім тапқанын қаладық. Осы жоба арқылы қазақ әйелдерінің өміріне игі өзгеріс әкеле алатынымызға сенім сол!

Бағдарлама шын мәнінде кейіпкерлердің проблемасын шешуге көмектесе ме? Бәсекелестеріңіз туралы не ойлайсыз?

– Әрине. Бұл мен үшін өте маңызды. Біріншіден, біз кейіпкердің мәселесі шешілмейінше, оны студиядан ешқайда жібермейміз. Екіншіден, студиядағы шарт-пұрт эмоцияларды қанағат тұтатын жөніміз жоқ, кейіпкердің кейінгі өмірін назардан тыс қалдырмаймыз, бақылауда ұстаймыз. Үшіншіден, біз кейіпкердің ертеңгі күніне деген сенімін нығайтып, бағдарламадан соң өзіне сенімді тұлға болып шығуы үшін күш саламыз. Басқа жобалардан басты артықшылығымыз да осы сияқты. Біздің жобаға ұқсас ток-шоулардың болғаны өте жақсы, өйткені бәсекелестік бар жерде өсу де болады. Естуімше, кей әріптестеріміз бағдарламаларының құрылымын өзгертіп, командаларын күшейтіп жатыр екен. Өздерін бізбен салыстыратындары да бар, ондайда қуанбасам, ренжімеймін. Демек, біздің алған бағытымыз дұрыс.

Ғазиза, сіз мықты орыстілді журналиссіз. Сөйте тұра, қазақ тіліндегі ток-шоуларды жүргізесіз. Жүрегіңіз қалай дауалады?

– Бұл жобаны жүргізуге мен арнайы дайындалған жоқпын. Ондай мүмкіндік те болмады. «Koremiz» жобасын жүргізгенде, қанша тырыссам да, мен көп қате жібердім. Қиын болды, әрине. Бірақ туғаннан тілім орысша шығып, сол тілді ғана естіп өссем де, тілімді бұрап, қате сөйлегенімде жұрттың күлгеніне қарамай, ана тіліме адал болуға тырыстым. Өйткені мен ана тілімді сүйемін. Күлген адам күле берсін. Күндердің күнінде маған күлгендердің көбінен асып түсемін. Мен оған сенімдімін. Қазақ тілін үйренуге деген ынтам айналамдағыларға да оң әсерін тигізді. Асфальтта өскен, тілдері орысша шыққан, бірақ өз тілінде сөйлегісі келетін замандастарым маған қарап қазақша тіл сындыра бастады.

Мен, қазақ ретінде, қазақ тілінің аясын кеңейтуге күш салып келемін, оның  нәтижесі де жоқ емес. Тек «шала қазақтар» бар ынтасын салып, қазақша үйреніп жатқанда, «таза қазақтар» саусақ шошайтып күлмесе екен. Қазақ тілі өркен жайсын десек, өз тілінде сөйлеуге ниетті қандастарымызға барынша қолдау білдірейік.

Сіздің болашаққа жоспарыңыз қандай? 

– Даму және жоғары рейтингтер. Әр қазақстандық сағат 17.55 -де «Ащы шындық» ток-шоуын көруге экран алдына жиналса, кейіпкерлермен бірге сынаса, жыласа, уайымдаса, демек, мақсатымызға жеткеніміз. Жобамыздың ғұмыры ұзақ болады деп есептеймін, өйткені біздің көмегімізге зәру адам көп, тағдыр көп.

Батылырақ жоспарымызды білгіңіз келсе, Қазақстан нарығын жаулап алсақ дейміз. Онымен тоқтап қалмай, халықаралық деңгейдегі маңызды марапаттарды алу үшін де тер төгуге дайынбыз. Жобамыз басқа тілдерге аударылып, өзектілігі артып жатса, мен үшін ең үлкен атақ сол болар еді!

Біз сіздермен біргеміз. Бізді көріңіздер, түйін шығарыңыздар, үйреніңіздер, жақсы жаққа өзгеріңіздер. Шығармашылық топ үшін сіздердің назарларыңыздан артық сый жоқ, құрметті көрермен!

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x