Қызметке жолдама: президенттік кадрлық резервке қалай кіруге болады?

Dalanews 24 ақп. 2023 04:57 246

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді дамытуда, болашағын жасауда жастардың қозғаушы әрі шешуші күшке ие екенін айтқан болатын. Соны негізге ала отырып, «Президенттің кадрлық резервін» жасақтауды тапсырды. Бастаманың негізгі әрі маңызды тұсы  мемлекеттік қызметте жастардың үлесі мен сапасын арттыру. Ендеше, бұл бастаманың бүгінгі аяқалысы қандай?

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі президенттік Жастар кадрлық резервіне кезекті іріктеу биыл күзде өткізілетінін хабарлады. Жалпы, президенттік кадрлық резервке іріктеу ең алғаш рет 2019 жылы өткен болатын. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы Дархан Жазықбаевтың айтуынша, бүгінде денсаулық сақтау, энергетика, білім беру секілді әлеуметтік маңызы бар салаларда резервшілер саны аз. Сондықтан ведомство резервтің салалық топтарын қайта қарауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, өткен жылдың желтоқсанында резервтен шығу тәртібін бекітетін жарлық қабылданған. Агенттік басшысы бүкіл республика бойынша өңірлік Жастар кадрлық резервтерін құруды жоспарлап отырғанын, ал бұл өз кезегінде өңірлердің жастары үшін әлеуметтік баспалдаққа айналатынын атап өтті.

Енді кадр резервіне іріктеу қалай жүргізілетініне тоқталсақ. Президенттік Жастар кадрлық резервіне іріктеу 2019 және 2021 жылдары жүргізілді. Биыл іріктеу ашық әрі әділ болуы үшін кезеңдердің басым бөлігі онлайн форматта арнайы құрылған электрондық платформада өтеді.

Мәселен, 2019 жылы іріктеуде кезеңдер арасында:

- құжаттарды қабылдау;

- қабілеттерді сынау;

- тестілеуді тексеру;

- эссе жазу;

- жобаларды таныстыру болды.

Ал сараптамалық комиссияда құзыреттерді бағалау және әңгімелесу үміткерлердің тікелей қатысуымен жүргізілген.

Агенттіктің берген мәліметтеріне сүйенсек, 2021 жылы іріктеу кезеңдеріне эссе жазудың және жобаны таныстырудың орнына ситуациялық есептерді шешу және құзыреттілікті бағалау жұмысының бөлігі ретінде құрылымдық мінез-құлық сұхбаты жаңадан енгізілген. Сондай-ақ үміткерлер мемлекеттік тілді орта деңгейден төмен емес білетіндігін растауға тиіс болған. Құжаттарды қабылдау, қабілеттерді тестілеуден өту, ситуациялық міндеттерді шешу, барлығы электрондық платформада жүргізілсе, ал сараптамалық комиссияда құзыреттерді бағалау және әңгімелесу офлайн форматта өткен екен.

Үміткерлерді іріктеуге тек Мемлекеттік басқару академиясы ғана емес, басқа да мемлекеттік органдар қатысқан. Қажет болған жағдайда қоғам қайраткерлері, академиялық орта және бизнес қоғамдастық өкілдері тартылады. Бірақ соңғы шешімді Ұлттық комиссия қабылдайды.

Сонымен, іріктеу кезінде қандай критерийлер ескеріледі?

Бұл жоба бірінші кезекте жас және талантты қазақстандықтар үшін әлеуметтік баспалдақ ретінде құрылғанын ескере отырып, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі талаптар тізімін қатаңдатпауды, көбейтпеуді ойластырыпты. Осылайша, талаптардың ең аз тізбесі жасалады, атап айтқанда үміткердің Қазақстан Республикасының 35 жастан аспаған азаматы болуы, жоғары білімі және бес жылдық жұмыс өтілі болуы тиіс.

Таңдау қаншалықты қиын? Осы төңіректегі қолда бар мәліметтерді «сөйлетер» болсақ,  2019 жылы іріктеуге 13 мыңнан астам адам қатысыпты. Бірақ резервке тек 300 адам кірген. Бұл үміткерлердің небәрі 2,2 пайызы ғана. Бұл өз кезегінде жастар кадрлық резервіне бәсекелестік өте жоғары әрі қатал екендігін көрсетсе керек.

2021 жылғы іріктеу қорытындысы бойынша өтінімдер саны сегіз мыңнан асқан, оның 50-і ғана, яғни 0,6 пайызы өз мақсатына жетті.

Қанша резервші мемлекеттік органдарда лауазымға ие болды деген сұраққа жауап іздер болсақ, алдыңғы екі іріктеудің қорытындысы бойынша резервке 350 адам қабылданған. Оның ішінде 258 резервші лауазымдарға ие болды. Атап айтар болсақ, Орталық мемлекеттік органдарда 129 резервші, өңірлерде – 39, ұлттық компанияларда – 49, жеке және өзге де ұйымдарда – 41 резервші бар. Осылайша, мемлекеттік органдарда 168 резервші жұмыс істейді. Оның ішінде заңгерлер, экономистер, IT, Мұнай және газ саласының өкілдері басым.

Сонымен қатар, резерв мүшелері жауапты мемлекеттік қызметтерді атқарады. Мәселен, саяси лауазымдарды 23 резервші, «А» корпусының лауазымын – 10 адам, Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде – бір, облыстық мәслихаттың депутаты лауазымын – бір адам атқарады.

Қандай жағдайда резервшілер тізімнен шығады?

Лауазымды ауыстыру резервтен шығару үшін негіз болып табылмайды. Резервшілер сол тізімде қалып, басқа лауазымдарға тағайындалуға және қайта тағайындалуға құқылы. Жалпы, 2019 жылы резервші болу мерзімі – бес жыл, ал 2021 жылдан бастап резервші болғандар үшін үш жыл мерзім бекітілген. Осылайша, 2024 жылға дейін резервшілер резерв шеңберінде лауазымдарға тағайындалуға құқылы. Бұл ретте резервке қабылдау лауазымға міндетті тағайындаудың шарты болып табылмайды. Барлық тағайындаулар мемлекеттік органдардың қолданыстағы қажеттіліктері шеңберінде жүргізіледі.

Ал резервтен шығаруға ықпал ететін нәрселердің қатарында:

- өз еркімен;

- Қазақстан Республикасының азаматтығынан айрылу, шет мемлекет азаматтығының болуы;

- Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық;

- оның қызметінің тиімділігін бағалау негізінде лауазымын төмендету немесе жұмыстан шығару;

- қоғамдық тәртіп пен адамгершілікке қол сұғатын құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылыққа тарту;

- әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау;

- қылмыс немесе қылмыстық теріс қылық жасау;

- сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдаудан бас тарту;

- соттың әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп тануы,

- ҚР заңдарына сәйкес теріс себептермен жұмыстан шығару бар.

Міне, осылайша баяғы қасаң қағида – «Тіреуі барлар ғана мемлекеттік қызметке тұрады» деген түсінік біртіндеп ескіріп, артта қалып келеді. Президент өзінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» аталған Жолдауында да «Уақыт өткізіп босқа отыратындар мен тапсырма орындаудан жалтаратындар қызметін босатуы керек. Біз қазір дамудың шешуші кезеңіне қадам бастық. Мемлекеттік аппарат біртұтас механизмдей жұмылып, жұмыс істеуге міндетті» деген еді. Ал ол міндеттерді жұдырықтай жұмылып жүзеге асыру үшін мұндай бастамалардың, бағдарламалардың

маңызы аса зор.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x