Ақ апа (әңгіме)

Dalanews 24 ақп. 2023 02:35 360

...Денбекшіп әлі жатыр. Ұйқысы келер емес. Таң да атып қалған. Уақыт болды, тұрыңдар дегендей қорадағы көк әтеш те бақылдауын қояр емес. Қасындағы кішкентай Әли қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр. Ауыз үйден Дәмештің тықыры естілді. Ол көзін жұма қойды. Тәтті ұйқыда балбырап жатқан адам тәрізді. Дәмеш ыдыс-аяқты салдырлата бастады. Бұл «Typ, сенікі не жатыс» деген белгі

– Тұрсынгүл, әй, Тұрсынгүл! Тұр. Таң атты ғой, – деп дауыстай бастады. Ойпырым-ай, неғып атын атады. Әкесі болғасын ба? Жо-жоқ, бұл білетін Дәмеш әкесіне дес бермейді ғой. Әлде ақыл-есінің кірейін дегені ме? Күлкісі келді. Ақ апасы құбылмалы ауа райы сияқты. Түске дейін жылынып, түстен кейін қарлы боран борайтын.

Қазір күліп отырады да, сәлден сон көзі аларып, аузынан небір былапыт сөздер шығады. Қысқасы, ақ апасы түлен түрткендей, біресе адам, біресе шайтан кейпіне енеді.

Анасы бақилық болғаннан кейін, үй іші құлазып азып кетті. Әли екеуі анасы кіріп келердей ауық-ауық есікке аландаса, әкесі шөлмектен бас көтермеді. Осылай бір жыл өтті. Әкесі бірде: «Мына кісі енді аналарың болады», – деп үйіне ақ апасын алып келді. Түсі суық, мінезі қатал жанды көргенде, Тұрсынгүл жылан шағып алғандай ыршып түсті. Ақ апасы жаман адам болып көрінді оған... Жүрегі құрғыр алдамапты. Ана орнына келген апасы улы жыланнан бетер. Тілін таппасаң, шағып үлгереді. Үйге алғаш келгенде: «Айналайын, қызым», – деп іші-бауырына кіріп, басынан сипап, барын беретін. «Айналайыны» бірте-бірте «Тұрсынгүлжанға», кейін «Тұрсынгүлге» ұласты. Қазіргі eciмi «Әй, қыз!». Тұрсынгүл далаға шығып, күндегі әдетінше бір керілді де, мал тұратын аулаға беттеді. Бұзаулары да мұны күтіп тұрғандай енелеріне қарай ұмтыла бастады. Мал екеш мал да аналарын жақсы көреді-ау! Осындай кезде оның есіне анасы түседі...

Ақ жаулығы желкілдеп Дәмеш самаурын жаға бастады. Ал Тұрсынгүл күндегі әдетінше қос сиырды алып, өріске беттеді. Жолда, анау шетте тұрған ақ бейіт оны қол бұлғап шақыратындай, үнемі осында соғады. Сиырлары да үйренген. Бейіт жанында кідіріп, содан соң өріске бет алады. Мауқын бір бассын дейді-ау, сірә. Ол тізерлей отырды да, құлпытастағы ана суретін сипап, күндегі тірлігін баяндай бастады:

«Таңертен Әлидін көрпесі ашылып қалыпты: «Апа, сені сағындым», – деп мені құшақтай алды. Бала ғой әлі. Кейде: «Ақ мамам қашан келеді?», – деп ақ апасына жылап, қиғылық салады. Ақ апасы қайдан сіздей болсын...

Әкем үйдегі тірліктің бәрін біледі. Көрсе де көрмейді, естісе де естімейді. «Мылқау». Ешкімге ештеңе айтпайды. Нағашыларым да хабарсыз қалды. Сен болмаған соң бата алмайтын шығар... Мен сені сағындым, мама, сен ше?

– ?

– Суық топырақ денеңді жауып, жаншылдың-ау, мама. Бәрін тастап, саған кеткім келеді. Анау апа тірідей сойып, отқа қақтағандай қылады (біреу естіп қойма-ды ма дегендей жан-жағына көз жүгіртті). Сиырлар әлі бейіт маңынан ұзамапты. Ала сиыр Тұрсынгүлге қарап қояды. Аяды-ау шамасы.

– Ештене айтпайсың, мама. Күлімдеп қарсы алып, мұңайтып шығарып саласың. Бүгін үйге ерте баруым керек. Ақ апа шаруа көп деп отыр. Ертең соғармын...

Тұрсынгүлге қиыны – анасының бейітінен ұзап кету. Сағынады. Жазда сиырларды өріске шығарып салғанда келіп тұрады ғой. Қыстың күні қайтпек? Үйіне келгенде ақ апасы үнемі ашумен қарсы алады. Сондағы айтатыны: «Әй, қыз, қаңыраған бейіттен не таптың? Жылағанда шешең қайтып келе ме?». Бұл үнсіз құтылады. Бүгін де солай. Ақ апасы көзі шытынап, көгере қарсы алды: «Әй, қыз! Молаға барып, не бітірдің. Шешесін мен өлтіргендей, еңірейтіні несі? Мен сені күтіп отырмын ғой!»... айтылып жатыр. Еттен емес, сүйектен өтер қарғыстар айтылып жатыр. Есік алдында отырған әкесі үнсіз. Томпаңдап ойнап жүрген Әли айқайдан қорқып кетті білем: «Әй-әй, апа, тимеші тәте- ме», деп етегіне орала кетті. «Қараңды батыр. Менің сорыма тап болған өңкей жетімектер», – деп оны итеріп жіберді. Екі бауыр жылап тұр. Үнемі айқай, ащы сөз қос сәбиді шаршатып жіберді. Тұрсынгүл жылап жүріп қазан астына от жағуға кірісті. Ак апасы бүгін тары түймекші. Бажылдап, айқайлай жүріп, әлсін-әлсін мұның басынан ұрып қояды. Ежелден бергі жауы сияқты. Ақ апасынын ұрғанына Тұрсынгүлдің еті үйренгелі қаш-а-ан. «Ұра берсін. Басым жарылып, көзім шыққан жоқ қой» деп ой үстінде жүргенде:

– Қазанды қақсытып не істеп жүрсің? – деген ащы дауыстан селк ете қалды. – Су қайда, су! Әлі су әкелмегенсің бе? Әй, мына қыз не істеп жүр өзі, а?..

He шелекле, не құдыққа барарын білмей қалбалақтап тұрған Тұрсынгүлдің басына қазан ішіндегі ыстық ожау сарт ете қалды. Көз шықпады, ...бас жа- рылды. Жып-жылы қан сорғалап жатыр. Ақ апасы қорқып, аяр деп ойлаған.

– Жо-оқ... Су әкел бар, су. Жоғал, қансырамай, деп үйден қуып шықты.

Еңіреп келеді. Көзден аққан жас пен басынан аққан қанды сүртуге шама жоқ. Бар сенері көрші үйдегі Зибаш әжесі. Жетімді жебей білетін қария ғой. Басына киіз күйдіріп басты:

– Шешең барда алтын асықтай болып жайнап жүрген бала едің, қарағым-ай, қайтейін. Менің қолымнан не келеді? Кешкілік үйіне барып, әкеңмен сөйлесейін, – деп жұбатып қояды.

Долы қатынға ешкімнің де батылы бармайды. Әкесі оған не десін... Зибаш әжесін қалдырып, кешкісін үйіне қайтты. Ойы Әлимен кездесу. Бірақ үй маңы тып-тыныш. Үйге кірсе, ақ апасынын аямайтыны белгілі. Не істеу керек? Осындай сәтте демейтін қамқоршыңның болмағаны қандай қиын. Бір ғана сүйеніші бар. Ол – өзіне ыстық баяғы ақ мола. Ештенеге алаңдамастан, түннің қараңғылығына да дес бермей талдырмаш қыз ана бейітіне қарай бет алды. Адамға ең жақын жанашыр ана ғой. Бұл жалғанда анадан асқан жан бар ма? Қиналғанда қол ұшын берер, қуанғанда қолпаштар ананның жер астында мәңгілік ұйқыға кеткені жанына батады. Келте ғұмыр. Қайта оралмас қу дүние. Ана мен баланы шырқыратып, көрместей етіп екі арнаға белген жалған-ай... Тұрсынгүлдің ойына «Әкемді алсаң ал, Құдай, шешемді қой, шекпен тоқып берсе де өлмеймін ғой» деген өлең жолы орала берді, орала берді... Анасы тірі болғанда, балалық балдәуренін мұндай қиналыспен өткізер ме еді? Кім білген? Ақ апасы аналық парызын өтей алмады. Бұл ғұмырға бір-бірін көріп, аз уақытты қызықты өткізу үшін, артына мол мұра қалдыру үшін келгенін ұғынбады...

Өзіне жақсы таныс ана бейітінің құлпытасын құшақтап: «Міне, мен де келдім. Өмірге әкелдін ғой, енді өзіңмен бірге ала кет. Әлиді де әкелейін бе? Бірақ ол ақ апасымен бірге...» – деп сандырақтай бастады.

Не айтып, не қойғанын өзі білмейді. Құлағына «тәте, тастамашы мені» деп жылаған Әлидің даусы естіледі. Құлпытасқа сүйенген қыздың ұйқысы келді. Ешкім оята алмас тәтті ұйқыны аңсады. Көз алды тұманданып, қарғалардың қарқылы естіледі. Дүние шыр айналып, жерден мұны бір алып құс алып бара жаткандай сезінді. Шіркін-ай, тек құс аузынан түсіп кетіп, ақ апасына жолықпаса игі еді. Уа, алып құс мұны анасына жеткізді-ay... Сәлден соң пәк, жаны таза сәби қалың ұйқыға кетті. Мәңгі ұйқыға... Оның ұйқысын енді ешкім де бұза алмайды.

Ертеңіне өріске мал айдаған ауыл адамдары ақ бейіттің жанында ана құлпытасын құшақтап жатқан кішкентай қыздың денесін тапты... Тұрсынгүлдің өліміне ел тегіс еңіреді. Тіпті, жаймашуақ жадырап тұрған күннің өзі де мүрдені шығарарда нөсерлете жөнелді. Табиғат та бейкүнә сәбидің мезгілсіз өмірден өткеніне аһ ұратын сынайлы. Бәрінен де Тұрсынгүлдің денесін есік алдына әкеліп қойғанда, кішкентай Әлидің «Ақ тәте-ay, мамама қашан апарасың?» деген сөзінен жүрегі тілінбеген жан қалмады...

Айгүл ЖҰБАНЫШ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x