«Cылтау айту орынсыз». Смайылов халықпен дұрыстап кездеспеген министрлер мен әкімдерді сынап тастады

Dalanews 31 қаң. 2023 05:28 187

Министрлер 216 жеке қабылдау өткізіп, 1498 азаматтың арыз-шағымын тыңдаған. Кездесуде 1679 проблемалық мәселе көтеріліп, оның 1241-і (74%-ы) шешілді. Ал 438-і мемлекеттік органдардың орындауында, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әкімдердің халықпен 19,8 мыңға жуық кездесуі өткізілді. 33,4 мыңнан астам (99%) мәселе көтеріліп, ұсыныстар айтылды.

Премьер-Министр сұрақтар негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, сондай-ақ баға мәселесіне қатысты екенін атап өтті.

«Олардың басым бөлігі министрлердің халықпен кездесулерінде жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен сол жерде шешілді. Ал қалған мәселелер мемлекеттік органдардың Іс-қимыл жоспарларына енгізілді», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, олардың кейбіріне заңнамалық өзгерістер, қосымша қаржыландыру немесе басқа ведомстволардың шешімдері қажет. Сондықтан Іс-қимыл жоспарларына енгізілген проблемалық мәселелерді уақытылы шешуді қамтамасыз ету керек.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов бірқатар министрліктердің басшылары кездесулерді алдын ала хабардар ете отырып, сапалы ұйымдастырып, қорытындысы бойынша арнайы брифингтер өткізгенін айтты. Ал, кейбір министрлік басшылары жоспарланған 15 кездесуді өткізген жоқ.

– Бұл жерде қандай да бір сылтау айту орынсыз. Ешқандай себеп қабылданбайды. Барлық кездесулер өткізілуі тиіс. Оған вице-министрлерді де тарту қажет. Бұл азаматтарды көбірек қабылдауға мүмкіндік береді. Бізге ашық және нақты байланыс қажет. Халық үніне құлақ асатын мемлекет үшін мұндай іс-шаралар халықпен қарым-қатынастың маңызды құралына айналуға тиіс, – деді ол.


Премьер-Министрдің айтуынша, бүгінде әкімдердің кездесулері жаңа форматта өткізіледі. Бұл қатысушылар санын айтарлықтай арттырып, көп мәселені шешуге мүмкіндік береді. Есептерге қарасақ, әкімдермен кездесулерде проблемалардың шамамен 99%-ы шешімін табады. Бұл орайда, Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Алматы қаласындағы оң тәжірибені атап өтуге болады. Ал, Алматы, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында тұрғындардың проблемасын шешу көрсеткіштері төмен.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов «е-Өтініш» ақпараттық жүйесіне келіп түсетін азаматтардың арыздарына қарайтын болсақ, басқаша жағдай қалыптасып отырғанын атап өтті. 2022 жылы осы жүйе арқылы 1,7 млн-нан астам адам өтініш берді және қаралды. Оның 82%-ы жергілікті атқарушы органдарға тиесілі.

– Сондықтан әкімдіктер жергілікті жерлерде мәселелерді шешудің тиімділігін арттыруы қажет. Сонда электронды жүйе арқылы арыздардың азайғанын көреміз, – деді Әлихан Смайылов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x