Козачковты қамау мерзімі 18 наурызға дейін ұзартылды

Dalanews 31 қаң. 2023 05:17 157

Қазақстанда сотқа дейінгі тергеу органының өтініші бойынша журналист Михаил Козачковтың қамаудағы мерзімі 18 наурызға дейін ұзартылды. Бұл туралы Алматы қаласының ауданаралық тергеу соты мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

"30 қаңтарда сотқа дейінгі тергеу органының өтініші қанағаттандырыдып, Козачковтың қамаудағы мерзімі үш айға – 2023 жылдың 18 наурызына дейін ұзартылды", - деп жазылған соттың баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.

18 желтоқсанда қаржы мониторинг агенттігі журналист, Kozachkov offside телеграм-арнасының авторы Михаил Козачковтың ұсталғанын хабарлаған. Ол "Болат Назарбаевтың көмекшісі" деп аталған Елдос Қоспаевтың қылмыстық тобына рейдерлік жасауға көмектесті деген күдікке ілінген. Агенттік өкілдерінің айтуынша, Қоспаев "рейдерлік құрбандарына ақпараттық шабуыл жасау үшін Козачковтың қызметіне жүгінген". Козачков сол үшін "қылмыстық топ мүшелерінен" 52 млн теңге (112 мың доллар) сыйақы алған деп айтылады. Журналистің әріптестері Козачковты кәсіби қызметі үшін қудалап отыр деп мәлімдеді.

19 желтоқсанда кешке журналист Вадим Борейко Facebook парақшасында әріптесі Козачковтың мәлімдемесін жариялады. Онда мәлімдеме авторы өзінің ұсталуын "қаржы мониторинг агенттігінің жетекшісі Жанат Элимановтың жеке мақсатта кек алғысы келгендігімен" байланыстырған. Мәлімдеме авторының айтуынша, ол Элимановтың "әйелі туралы мақала жазғандықтан" агенттіктің өзін түрмеге "жапқысы келетіні" жөнінде бірнеше рет хабар алған.

Қаржы мониторинг агенттігінің жетекшісі Жанат Элиманов журналист атынан таратылған мәлімдемеге реакция білдірмеді.

20 желтоқсанда бас прокуратура журналист Михаил Козачковтың ісі "прокуратура органдарының бақылауында болады" деп айтқан.

Козачковтың ұсталған соң елде ондаған басылым мен медиа ұйымдар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, журналисті босатуға шақырған еді.

Ал Қазақстан журналистер одағы "органдарды ел заңын сақтауға", "Козачковтың ісін жан-жақты, обективті түрде қарауға" шақырған. "Әділ сөз" журналистер құқығын қорғау қоры "Козачковтың кұқығы өрескел бұзылғанын" мәлімдеп, оны босатуды сұрады.

Нью-Йоркте орналасқан Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Қазақстанда коррупциялық істер жайды жазып жүрген журналистің ұсталғанына алаңдаушылық білдірді.

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай "бұл іс іс Қазақстан заңына сәйкес тең құқықтар шеңберінде қаралуға тиіс" деп жазды.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x