«Самұрық-Қазына» жетісулықтардың кәсіп ашуына көмек көрсетті

Dalanews 25 қаң. 2023 16:12 307

Жетісу облысында тұратын әлеуметтік жағынан аз қамтылған 24 азамат өзінің жеке кәсібін ашуға қажетті құрал-жабдықтарға ие болды. Солардың бірі көп балалы ана Аида Баймұхамбетова өндірістік тігін машинасын және торлағыш машинаға қол жеткізді.

«Самұрық-Қазына» қоры тобының бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қолдауымен Жетісу өңірінде жүзеге асқан «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасының түлектеріне өндірістік тігін машиналары, өндірістік пештер, өндірістік миксерлер және басқа да қажетті құрал-жабдықтар түріндегі гранттар берілді. Соның нәтижесінде олар аспаз, электр механигі, сұлулық салонының маманы, тігінші сияқты бірқатар кәсіптерді бастауға мүмкіндік алды

Құрал-жабдық жиынтықтарын салтанатты түрде табыстауға арналған іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ мен оның өңірлік еншілес компаниялары және жергілікті атқарушы орган өкілдері, жоба жетекшілері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Жалпы аталған жобаға жергілікті жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көмегімен жұмыссыздар қатарындағы көп балалы, мүгедек бала асырап отырған, толық емес отбасылар және еш жерде оқымайтын, еш жерде жұмыс істемейтін жастар тартылған. Осылайша жетісулық алғашқы 24 түлек жоба шеңберінде 1 ай бизнес негіздеріне, қаржылық сауаттылық, бейіндік дайындықтан сабақ алып, арнайы өндіріс орындарында іс тәжірибеден өтті. Қорытындысында әрқайсының ашуға ниет еткен кәсібіне сай құрал-жабдықтар оларға тегін беріліп отыр.

Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли «Табысты отбасы» жобасы Жетісу облысы үшін әлеуметтік жағдайды, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартудың бір жолы әрі жеке кәсібін ашуға ниет еткен тұрғындарға берілген тамаша  мүмкіндік екенін айта келе, жобаның барлық түлектерін құттықтап, олардың бастамаларының табысты болуына тілектестігін білдірді.

– Бес облыстың ішінде Жетісу облысының әкімдігі ұсынған тізім аясында әлеуметтік желідегі маркетинг, тігіншілік, электр механигі, сұлулық салоны маманы, аспаздық  кәсіптерін 1 айда алғашқы легінің 24 түлегі игеріп, «Самұрық-Қазына» қоры атынан құрал-жабдық түріндегі қайтарымсыз грант алуға мүмкіндік иеленіп отыр. Қазір оқудың екінші легінде 36 қатысушы білім алып бастады, – деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» КҚ Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Лаура Демесінова.


Сол сияқты ұйымдастырушылар бизнесін бастаған әр түлектің ісін ары қарай ілгерілету үшін кемінде 3-4 ай құқықтық, кәсіптік жағынан ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсетіп отырмақ. Қайтарымсыз құрал-жабдыққа ие болғандардың бірі – көп балалы ана Аида Баймұхамбетова.

– Отбасында 4 бала тәрбиелеп отырмын. Өзім Ескелді ауданының тұрғынымын. Осындай бірегей жобаға қатысып, жеке кәсібімді жүргізуге мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Бүгін мен өндірістік тігін машинасы мен торлағыш машинаға ие болдым. Осы кәсіпті меңгере бастағаннан-ақ маған тапсырыс түсе бастаған. Енді тек отбасыма ғана емес, басқа тұтынушыларға да жұмыс істейтін боламын, – дейді жоба қатысушысы А. Баймұхамбетова.

Жоғарыда аталған бес аймаққа барлығы 300 грант қарастырылып, «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы 200 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жоба көпбалалы аналарға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы мүшелеріне және аз қамтылған отбасыларға, жастарға тікелей табыс табуға нақты мүмкіндік береді. Өз ісін ашқысы келетін әрбір қатысушыға 150 АЕК сомасына жабдық өтеусіз беріледі.

Алдағы уақытта осы секілді өз ісін ашуға қажетті құрал-жабдықтар түріндегі грантты «Табысты отбасы» жобасы аясында Ұлытау, Абай, Ақтөбе және Түркістан облыстарының 114 түлегіне табысталады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x