Cоңғы жаңалықтар
Back

Қаржы пирамидасы салымшылардың ақшасын қайтара бастады

Осыдан бірнеше жыл бұрын атышулы «B2B Ювелир» қаржы пирамидасына алданған салымшылардың ақшасы қайтарылып жатыр. Бүгінде 230 адамның 300 миллион теңгеден аса қаржысы өтелген. Бұл туралы Алматы қаласының экономикалық тергеу департаменті мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

«B2B Ювелир» компаниясы алғашында зергерлік бұйымдар сататын дүкендер желісі болып ашылған.

Ақмарал Асқарова компанияның уәдеге толы жарнама қағаздарын алып, кейіннен сан соғып қалатынын ол кезде ойламапты. Оңай олжаға қызыққан тұрғын 1 миллион 350 мың теңге ақшасын салып жіберген.

– Тіркелгенге 5 мың теңгеге бонус береді. Соны жинап зергерлік заттар алуға болады деп. Сол бойынша негізі қызығып барғанбыз. Сол кезде ақша салдық, ақпанның аяғында кабинеті ешкім болмады. Наурызда жабылды, – деді салымшы Ақмарал Асқарова

Алданғанын аңғарған соң өзге де зардап шеккендермен бірге қалалық экономикалық тергеу департаментіне арыз жазыпты. Тергеу амалдары мен сот процестерінің нәтижесінде салынған қаржыны үш жыл өткен соң өндіріп алып отыр. Жалпы азаматтар 10-15 млн теңгеге дейін салым жасаған.

– Ақшамызды алдық. Құрметті тұрғындар, өзіміз де жүгіруіміз керек, шынайы еңбектеніп жүгірсеңіз ақшаңыз қайтады. Іс шынымен қаралып жатыр, жазған өтініштің барлығы қаралып жатыр. Сол үшін департамент қызметкерлеріне рахмет айтамын, – деді салымшы Ақмарал Асқарова

Адамдардың ақшасын алып шетел асырмақ болған компания бүгінде ресми түрде қаржы пирамидасы деп танылған. Тергеу барысында жобаның 2 млрд теңгеден аса қаражаты мен мүлкіне шектеу қойылыпты. Бүгінде қалалық экономикалық тергеу департаменті салымшыларға қаражат қайтару жұмыстарын белсенді атқарып жатыр.

– Бастапқыда 197 азамат 123 млн теңгеге жуық өзінің қаражатын қайтарған болатын. Бүгінгі таңда 230 азамат яғни 300 млн ақшаны қайтарды. Бұл жұмыс әлі жалғасын таппақ. Қызметкерлер қаржы пирамидаларын ғаламтор желілеріне шыға бастағаннан бастап шектеу қойып, жұмысты белсенді жүргізіп жатыр, – деді Экономикалық тергеу департаментінің өкілі Жақсылық Мырзахан.

Жалпы дәл осы компанияның арбауына еліміз бойынша 10 мыңға жуық адам ілінсе, соның ішінде 2 мыңнан аса азамат арыз түсірген. Ал 2022 жылы Алматыда 8 қаржы пирамидасы анықталып, жолы кесілген.

Тағы оқыңыз:

“Болашақ” түлектері биліктің жалына жармасып, шенеунік болуға неге құмар?