Назарбаев тағы бір атағынан айырылды

Dalanews 12 қаң. 2023 07:32 269

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Құрметті сенатор» атағынан айырылды. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz

– Бұған дейін «Құрметті сенатор» атағы бір-ақ адамға берілген. Енді заңдарда «Құрметті сенатор» деген атақ жоқ. Оны бірден айтайын. Сенат регламентіне өзгеріс енгізілді. Осы регламентте қарап, оны алып тастадық. Бұған дейін ол бір-ақ адамға (Нұрсұлтан Назарбаевқа – автор) берілді. Енді мұндай атақ ешкімге берілмейді. Өйткені қазір бізде ондай құқықтық негіз жоқ, оны алып тастадық, – деді Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, осыдан үш апта бұрын Сенат регламентіне тиісті өзгеріс енгізілген.

– Осыған байланысты біз «Құрметті сенатор» атағын регламенттен алып тастадық. Енді бізде ондай институт жоқ. 2022 жылы өткен референдумда бүкіл халық қолдап, Конституциядан Елбасына қатысты нормалар алынып тасталды. Ертең Тұңғыш Президент – Елбасы туралы заң күшін (Парламент палаталарының бірлескен отырысында) жояды, – деді Сенат төрағасы.


Еске салайық, 2019 жылдың 30 мамырында өткен Сенат отырысында ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті сенатор» мәртебесін беру мәселесі талқыға салынды. Депутаттар ұсынысты бірауыздан қолдап дауыс беріп, Парламент экс-президентке мәртебе беруді қаулы етті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x