Талдықорғанда Достық үйінің 15 жылдығына арналған шарада ұлтаралық татулық барынша дәріптелді

Dalanews 28 қар. 2023 04:00 331

Талдықорғанда Достық үйінің 15 жылдығына арналған «Бейбітшілік пен келісім – қазақстандық қоғамның ең жоғары құндылықтары» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Талдықорған төрінде өткен іс-шараға облыстық және қалалық әкімдіктердің өкілдері, қалалық және аудандық ішкі саясат басқармаларының басшылары, республикалық және облыстық қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері, Жетісу облысы этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен “Ассамблея жастары” РҚБ белсенділері қатысып, көкейде жүрген ойларын ортаға салды.

Талдықорған қаласының филармониясында Достық үйінің 15 жылдығына арналған «Бейбітшілік пен келісім – қазақстандық қоғамның ең жоғары құндылықтары» тақырыбында ғылыми – практикалық конференция Қазақстанда мекендеп жатқан өзге этнос өкілдері арасында бейбітшілікті, келісімді және этносаралық тұрақтылықты сақтау мәселесі сөз болды.

Жетісу жерінде талай уақыттан бері өзге ұлттар мемлекет құраушы халық қазақтармен тату-тәтті ғұмыр көшіп келеді. Олардың кейбірі қазақтарға сіңіп кетті десе де болады. Сондықтан өңірде ұлтаралық татулыққа қатысты мәселе жоқ. Жұрттың ортақ іске жұдырықтай жұмылып, мемлекет мүддесі үшін барын салып жұмыс істейді.

Шара барасында сөз сөйлеген Жетісу облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрысынбайұлы осыдан 15 жыл бұрын облыс орталығы Талдықорған қаласында Достық үйінің ашылуы өңір тұрғындары үшін тарихи оқиға болғанын алға тартты.

– Өз басым Талдықорған қаласында Достық үйінің ашылуы тарихи оқиға деп қабылдаймын. Өйткен сол кезде Жетісу жерін мекендеген өзге ұлт өкілдерінің 70-тен астам мәдени орталықтары өз бетінше жұмыс істеді. Бір үйлерінде отырып жұмыс істесе, енді бірі кеңсе жалдап жұмыс істегенін білемін. Ал Достық үйі ашылғаннан кейін олардың бір орталыққа келіп, өздерінің мәдениеті мен салт-дәстүрін дамытып, облысымыздағы ұлатарлық татулықты сақтауға өз үлестерін қосуға мүмкіндік алды. Бір сөзбен айтсақ, Достық үйі Жетісу жеріндегі қоғамдық келсім мен ұлтаралық татулықты сақтау ісін жаңа деңгейге көтерді деп нық сеніммен айта аламын. Өйткені кезіне өз басым осы Достық үйін басқарып, көптеген іс-шаралардың бел ортасында жүрдім, – деді Достық үйін кезінде басқарған аптал азамат.

Достық үйінің 15 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған конференция барысында Ұлттық шаруашылық және ұлттық киімдер дефиле көрмесі де өткенін айта кетуіміз. Көрмені тамашалағанымызда Жетісу облысындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері бұл іске барынша дайындалғанын байқадық. Көрмеге қатысушылар әрбір ұлттық тұрмыстық өмірін қолданатын заттар мен ұлттық киімдерін жұртшылық назарына ұсынып, өздерінің мәдени құндылықтарын барынша насихаттап қалуға тырысты.

Конференция барысында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясының белді өкілі, Жетісу облысы Қоғамдық келісім мекемесінің жетекшісі Руфина Усманова еліміздегі ұлтаралық татулықты сақтауға қатысты көкейде жүрген ойын ортаға салды.

– Тәуелсіздік жылдары Жетісу жеріндегі өзге ұлт өкілдері еліміздегі ұлтаралық татулықты сақтап, дамытуға өлшеусіз еңбек сіңірді. Ол кезде Жетісу мен Алматы облысы бөлінбей тұрғанын білесіздер. Қазақстан халқы Ассамблеясын құруға сол кезде жетісулықтар айрықша ықпал етті. Жалып, Жетісу жері Қазақстандағы ұлтаралық татулықты сақтаудың алтын қазығы десек болады. Еліміз бойынша ең алғашқы Достық үйі жерұйық мекен Жетісуда бой көтеруінен көп жайтты аңғаруға болады. Бүгін сол бірінші болып салынған Достық үйінің 15 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Бұл біз үшін тарихаи сәт, – деді Руфина Усманова.

Айтса айтқандай достық пен ұлтаралық татулық Жетісу жерінде тамырын тереңге жіберген басты құндылық десек болады. Алдағы уақытта облыстағы этномәдени бірлестіктер бұл бағыттағы жұмыстарын өрістетіп, достық пен ынтымақты дәріптей беретін болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x