Татулықты дәріптеу баршамыздың ортақ міндетіміз – Бейбіт Исабаев

Dalanews 08 желт. 2023 11:22 389

Бүгін Талдықорғандағы Салтанат сарайында Жетісу облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Бейбіт Исабаевтың төрағалығымен өңірлік ҚХА-ның  «Тұрақтылық, бірлік және бірегейлік – Әділетті Қазақстан дамуының негізі» тақырыбында ІI сессиясы өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында «Әділетті Қазақстанды қалыптастырудағы Жетісу облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының негізгі бағыттары» тақырыбы талқыланды.

Еліміздегі саяси жаңғыруға, жалпыұлттық тұтастықты нығайтуға Ассамблеяның қосып отырған үлесіне тоқталған облыс әкімі біртұтас ұлт болып ұйысуға атсалысу, отаншылдықты, өзара сыйластық пен татулықты жан-жақты дәріптеу баршамыздың ортақ міндетіміз әрі айнымас стратегиялық бағдарымыз екенін атап өтті. Бұл ретте облыстық ҚХА-ны «Аймақ халқының бірлігі мен ортақ мүдделерін біріктіретін байланыстырушы буын, бірегей алаң» деп атады.

– «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында Президент алдымызға бірқатар келелі міндеттер жүктеді. Осы орайда біз өздеріңізбен бірлесіп осы ауқымды міндеттерді өңірде іске асырудың нәтижелерін талқылап, алдағы іс-шаралардың бағыт-бағдарын айқындайтын боламыз, – деді Бейбіт Исабаев. 


Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты бірқатар азаматтар сөз алды. Облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев келер жылға ұсынылатын Ассамблея жұмысының басым бағыттарын баяндап берді. Соның ішінде мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырудың жаңа форматына көшіп, шығармашылық пен креативті көзқарас таныту, этномәдени бірлестіктердің әлеуметтік маңызы бар бастамаларын гранттық қаржыландыруға ауыстыру, өзге этнос өкілдерінің жастарын мемлекеттік қызметке, құқық қорғау және әскери қызметке жұмысқа орналасуға ынталандыру және мүмкіндіктер туғызу сияқты көптеген бастамалар бар.

Жиында сол сияқты «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Руфина Усанова этносаралық қатынастар саласын дамыту бағытында Президенттің берген тапсырмаларының іске асырылуы туралы баяндама жасады.

 

Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Атсалим Идигов, облыстық корей этномәдени орталығының төрағасы Владимир Ли, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Злобин ой-пікірлерін ортаға салды.

Сессия жұмысын қорытындылаған облыс әкімі мемлекеттік мекемелерге этнобірлестіктер жұмысын жандандыра түсу, мемлекеттік тілді үйрету ісін жаңғырту, Талдықорғанда «Достық аллеясын» салатын лайықты орын қарастыру және этнос аралық татулықты нығайтуға бағытталған басқа да тапсырмалар берді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x