СҚО-да соңғы 5 жылда 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынған

Dalanews 20 қар. 2022 22:59 249

Бүгінде елімізде бұқаралық спортты дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте жер-жерде спорт нысандарын салып, халықтың пайдалануына берудің маңызы зор. Жақында СҚО әкімдігі облыс орталығы Петропавл қаласында жалпы аумағы 33 мың шаршы метр құрайтын спорт сарайын салатындарын мәлім етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Петропавлда бой көтеретін спорт сарайын салуға 8,3 гектар жер телім бөлінген. Көпбейінді Спорт сарайында 17 залдан және қосымша үй-жайлар болады деп күтілуде.

Нысанның негізгі бөлігінде 3124 көрермен сиятын үлкен әмбебап спорт залы орын тебеді. Ауқымды зал шағын футболдан, волейбол, баскетбол, гандболдан ауқымды жарыстарды өткізуге мүкіндік береді. Сондай-ақ, оны концерттерге, түрлі іс-шараларға да қолдануға болады.

– Технологиялық жағынан нысан бірнеше автономды бөлікке бөлінеді. Бұл бір мезгілде бірнеше іс-шараны қатарынан ұйымдастыруға мүмкіндік бермек. Жоба іске қосылған жағдайда 200-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Бүгінде жоба толық жасалды, қазір мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр, – деді СҚО әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев.


Жалпы СҚО-да соңғы 5 жылда 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, қолданысқа берілген. Биыл тағы төртеуі аудан орталықтарында салынуда. Бұдан басқа бюджет пен жеке қаражатқа қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында аудан орталықтарында 7 жабық хоккей корты салынған. Биыл тағы екеуінің құрылысы Айыртау, Тайынша аудандарында қолға алынды.

Ал UEFA ережелері мен стандарттарына сәйкес болу үшін Петропавлдағы «Қарасай» стадионын жаңғырту қажеттігі туындады. Бүгінде атқарылатын жұмыстың жобасы әзірленді, мердігер компания таңдап алынды.

Жоба бойынша футбол алаңы автоматты түрде суарылып, жылытылады. Сондай-ақ жаңадан жарық тартылып, электронды таблосы мен дыбыстық қондырғы ауыстырылмақ.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x