Сағыныш болған жақұт жан

Dalanews 27 қаз. 2022 08:20 290

Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін жандар бар. Уақыт өткен сайын  көңіл түкпірінде қонақтаған анамның мәңгі бейнесі жүрегімді сыздатып, өзінің қымбат тұлғасымен көз алдыма келе береді. Анам өмірден озғаннан кейін ойға түйгенім, өзің жақсы көрген адамның келбеті көзден таса болса да, ақжарқын мінезі мен биязы жүріс-тұрысы көңілден кетпейді екен. Әсіресе, көңіліңді демеп, бойыңа қуат дарытатын бір ауыз жылы сөзі зәру болды. 

Өмірден озған анамның қайтпайтынын түсінемін, дегенмен жүрегің қолтаңсып, көңілің қобалжып, жаның жабырқап тұрады. Жан сарайың бос қалғандай күй кешеді екенсің. Анашым жанымда жүргенде қайтып көре алмайтынымды ойламаппын, бәлкім құнттамаған болармын. Енді міне, ауылға келсем әрдайым күлімсіреп қарсы алатын анамның әдебін ешкім орындай алмайтынына көз жеткіздім. Анама тән мейірім мен ыстық ықылас өзімен бірге ілесіп кеткендей...

Анамның шексіз мейірімі, кенен пейілі, ақыл-парасаты және іскерлігі аналар құдіретінің эталоны іспетті символға айналғандай. Әттең,  ағайын-туысты баурап алатын кең пейілің, ұрпақтарыңды аялаған нұрлы жүрегің - жердің тарту күшіндей қуатты еді. Әттең, ардақты ана, сіздің құдіретті қуатыңыздан нәр алған ұрпақтарыңыз үшін тірліктегі орныңыз ойсырап тұр.

Өмірден озғанына бір жыл болса да, анам менімен үнемі бірге жүргендей. Қазақы пайымда, адам о дүниеге аттанған соң, оның рухы бұ дүниедегі жақындарын желеп-жебеп жүреді деген түсінік бар. Мүмкін, анам алып ағаш «Әулиеағаштай» балаларын панасына  алып жүргендей елестейді. Ана мен бала арасындағы жіпсіз байланыс, мүмкін, мәңгі болар. Әлі күнге, қуанышты сәттерімде балаша қуанып, қиналған тұстарымда жаны ашып мені қолдап жүргендей сезінемін. Көзге көрінбейді, дегенмен түйсік соны меңзейді. Алланың адамзатты  ұлы мейіріммен жаратқаны хақ болса, балаларын да мейіріммен дүниеге әкелген анамның рухы мен үшін мәңгілік. 


Анамның дүниеден өтуі маған үлкен ой салды. Мен ер жасы елуден ассам да, маған ақыл айтудан әсте жалықпады, әсіресе, қатқыл мінезімді – кешіріммен қарауға бағыттап отыратын.  Ерекше жан еді. Асыра мақтағаным емес, «жақұт жан» деген атқа сай мықты жан болатын. Тіршілігінде анам туралы толғауымда, мақала тақырыбын «жақұт жан» деп атаған едім. Әлбетте, ұрпақ жалғасын сомдаған, шексіз мейірімімен әулеттің игілігін идірген, қалтқысыз қызметімен қоғам құрметіне бөленген, менің анам, шынымен де, көзге оттай басылатын жақұт жан еді.

Анам саналы ғұмырының 40 жылдан астамын күш-жігері мен бар білімін сарқа отырып, жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған тәлімгер-ұстаз. Нағыз ұстаз болды. Анамның тәрбиеші-тәлімгер  болуы мамандық болса, ұстаздық етуі жаратылысынан бойына дарыған құдірет­ті қасиет еді. Ұстаздық құдіреті қандай еді!  Сол құдіретті күшпен өз құрсағынан шыққан балалары мен балабақша бүлдіршіндерінің талаптарына мұқалмас жігер беріп, өмірлеріне өзек болар әдеп-әдетті бойларына дарыта білді.

 Өмірге он екі құрсақ әкеліп, он баласын адам қатарына қосты. Төрехановтар әулетінің қара шаңырағындағы ынтымақ-ырысты жарастырып, балаларының және немере-шөберелерінің ажырамас бірлігін күйттеді. Өнеге-тәрбиесімен біздерге қиындықпен күресудің озық үлгісін, ауыртпалықты жеңіп шығудың айшықты жолын көрсетті. Осындай ақыл-жігері мол, парасатты анадан туғанымды мақтан тұтамын.


Ана деген жаратушы құдіретке тән бар асыл қасиеттер анамның бойында бар еді. Ең кереметі - құдай қосқан қосағы әкеміздің де, Алла берген балаларының да не қалайтынын айтпай-ақ түсінетін және айтқызбай істейтін еді.  Әрине, әлемдегі асыл аналардың орнына менің анам жүре алатынына кәміл сенемін. Ал анамның орнына кім жүреді? Ешкім де жүре алмайды! Бір кем дүние!

Артында отағасы, ұрпақтары, өзін құрмет тұтқан ел-жұрты қалды. Шүкір! Осы қалың қауым үнемі дұғаларынан тастамай жүретіні көңілге демеу!

Әттең ... сексеннің сеңгіріне жетіп, гауһар тойдың төрінде отырсам  деген арман үдесіне жете алмады.

Ардақты ана жатқан жерің Жәннаттың төрі болғай!

Айбын Әдепханұлы Төреханов

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x