Қазақстан және әлем: цифрлық ілгерілеуде қандай айырмашылық бар?

Dalanews 24 қар. 2022 06:38 554

2019 жылдың соңын ала басталған әлемдік пандемия жер бетіндегі барлық адамдардың өміріне өзіндік түзетулерін, бәлкім ережелерін енгізді. Нақтылай айтқанда, интернеттің рөлі күнделікті өмірімізге қажеттілік деңгейіне дейін өсіп, оны қоғамның барлық салаларында – мемлекеттің, бизнестің, сондай-ақ қарапайым азаматтардың қызмет етуінің маңызды факторына айналдырды. Алайда, бұл ахуал біреулер үшін ғаламторды пайдалану көлемінің күрт өсуін ғана білдірсе, кейбіреулер үшін коронавирус дағдарысы цифрлық оқшаулау шығындарын күшейтті. Ал осыны Халықаралық электрбайланыс одағының (ХЭО) мәліметтерімен сөйлететін болсақ, 2021 жылы 4G ұялы байланысы әлем халқының 88%-ын қамтыды деген дерекке сенуге тура келеді. Бірақ мемлекеттер мен жекелеген аймақтар арасында айтарлықтай айырмашылықтар болғанын да түйсінуге тиіспіз.

Интернет-теңсіздік және инфрақұрылым шығыны

Шынтуайтында, интернетке қолжетімділік деңгейі тұратын жеріңізге байланысты айтарлықтай өзгеріп тұрады. Мәселен, бүкіл әлем бойынша қалалық аймақтарда тұратын адамдар ауылдық аймақтарда тұратындармен салыстырғанда, үйлерінде дүниежүзілік желіге кіру мүмкіндігі шамамен екі есе көп. Санмен сараласақ, алғашқысы – 76 %, кейінгісі 39 % пайыз екен. Алайда, бұл айырмашылық та аймақтарға байланысты өзгерістерге ұшырайды.

Мысалы, Еуропада – қала тұрғындарының 87 %-ы ауыл тұрғындарының 80%-ы ғаламтормен қамтылған. Сол сияқты, Солтүстік және Оңтүстік Америкада – 83 пен 60 %, ТМД елдерінде – 85 % және 69 %.

Зерделеп қарайтын болсаңыз, айтарлықтай цифрлық теңсіздік екенін аңғаруға болады. Сала мамандары итернетке қол жеткізудің теңсіздігін көп жағдайда интернет-инфрақұрылымға инвестицияның жетіспеушілігімен байланыстырады. Солай екеніне өзіміз де көз жеткізіп жүрміз.


Интернет инфрақұрылымы, расында үлкен шығынды талап етеді. Тек қана Қазақстанда 2020-2021 жылдар аралығында телекоммуникация саласына рекордтық деңгейдегі инвестиция құйылды: бірден тиісінше қалалық аймақтарға 140,9 млрд теңге, ауылдық аймақтарға 128,6 млрд теңге жұмсалды.

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Республикасында ақпарат және коммуникациялар саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 46,9 млрд теңгені құрады.

Ғаламторға «құштарлық» немесе ауылдардың интернетпен қамтылуы

2021 жылы Қазақстанда 6 және одан жоғары жастағы интернетті пайдаланушылардың үлесі жалпы халықтың 90,9 %-ын құрады. Бұл санды өткен жылдармен салыстыратын болсақ, айтарлықтай жоғары екенін байқаймыз. Мәселен, аталған көрсеткіш 2020 жылы – 85,9 %-ды, 2019 жылы – 81,9 %-ды құраған. Орналасқан жері бойынша алшақтық небәрі 3,4 %-ға дейін қысқарды. Қалалардағы желіні пайдаланушылардың үлесі 2020 жылғы 87,7 %-дан 2021 жылғы 92,2 %-ға дейін, ауылдық жерлерде 83,4 %-дан 88,8 %-ға дейін өсті. Бұл көрсеткіштер әлемдік орташа көрсеткіштен айтарлықтай жақсырақ.

Ауылдарды жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен қамтамасыз етуді көздейтін «250+» жобасын жүзеге асыру арқылы интернетке қол жеткізудегі теңсіздікті жоюда кәдімгідей ілгерілеушілікке қол жеткізілді. Жоба Қазақстан Республикасының ұялы байланыс операторлары – Beeline, Kcell және Tele2/Altel компанияларының жеке қаражаттары есебінен жүзеге асырылды.

«250+» жобасын озық бастама ретінде жоғары бағалаған GSMA Intelligence мәліметтеріне сүйенсек, мобильді интернеттің Қазақстандағы бірегей абоненттер нарығына енуі 2020 жылдың өзінде шамамен 70 %-ды құрады. Қазақстан халқының 42 %-ы ауылдық аймақтарда тұратындықтан, елді мекендердің экономикалық дамуы үшін жоғары жылдамдықты байланысты кеңейту ел үкіметінің басымдық танытқан бағыттарының бірі болды.


Жоба басталған 2020 жылдан бері Beeline компаниясының өзі 1500-ден астам ауылды интернет желісіне қосып үлгерген екен. Оның ішінде 215 елді мекен бекітілген тізімнен тыс ғаламторға қол жеткізген, яғни компанияның өз бастамаларымен қосылған. Kcell де өз кезегінде 2020 жылы 329 ауылдық елді мекенде базалық станцияларын орнатты, ал қосымша 130 ауылды – міндеттемеден бөлек, ғаламтормен қамтыды. 2021 жылы бұл компания 213 ауылды интернет желісімен қамтамасыз етті. Осы аралықта «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобына кіретін Tele2/Altel «250+» бағдарламасы аясында 238 ауылды сапалы интернетпен қамтамасыз етіп, кейін бұл маңызды жобаны қолдауды жалғастырды.

Beeline Қазақстанның мәліметінше, 2021 жылы Қазақстанның ауылдық жерлеріндегі трафик көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 42 %-ға өскен. Бұл көрсеткіш Атыраудағы 18 %-ды, Солтүстік Қазақстан облысында 67 %-ды құрайды.

 

Интернеттің проблемасы бізде ғана емес...

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, Қазақстан Республикасындағы қаласы бар, ауылы бар, барлық 6,4 мың елді мекеннің 5 мыңға жуығы әртүрлі технологияларды пайдалана отырып, дүниежүзілік желіге қолжетімділікпен қамтамасыз етілген. Бұл елді мекендерде ел халқының басым көпшілігі тұрады. Қалған 1,4 мың елді мекенде 250 мыңнан 270 мыңға дейін адам тұрады, бұл кез келген технологияны енгізу қымбат немесе техникалық жағынан өте қиын шағын ауылдар. Оның ішінде 500-ге жуық елді мекенді Қазақстан Республикасы телекоммуникацияны қолдаудың әртүрлі тетіктерін (мысалы, салықтық жеңілдіктер) пайдалана отырып, өз күштерімен қамтуына мүмкіндік бар. Ал қалғанын Starlink және OneWeb сияқты геостационарлық емес спутниктік шоқжұлдыздардың технологияларын пайдалану арқылы ғана қамтуға болады.

Интернетке тең және сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету – дүние жүзіндегі мемлекеттердің дәл қазіргі басты мақсаттарының бірегейі болып тұр. Қазақстанда бұл мәселені жеткілікті түрде дамыған деп санауға болады, ал басқа елдер, соның ішінде жоғары дамыған елдер бұл мәселені шешуде әлдеқайда төмен деңгейде.

Сенбей отырған шығарсыз. Ендеше нақты деректерді сөйлетіп көрелік, мысалы, Америка Құрама Штаттарында көптеген ауыл тұрғындарына әлі де ғаламторға қол жетімділік жоқ. 30 миллионнан астам американдықтар ең төменгі рұқсат етілген жылдамдықта кең жолақты инфрақұрылымы жоқ аймақтарда тұрады. Бұл – бүкіл елдегі ауылдық қауымдастықтардағы басты мәселе. Басқа да Еуропа елдеріне тән осы проблема. Ауылдық жерлерде кең жолақты желіге қолжетімділікті жақсарту және аз қамтылған отбасылар үшін кең жолақты ғаламторға қолжетімділікті арттыру мақсатында Федералды үкімет Инфрақұрылым және жұмыс орындарын инвестициялау туралы заң арқылы 65 миллиард доллар бөлген. Бұл заң Америка Құрама Штаттарындағы цифрлық теңсіздікті азайтатын Американдық Құтқару жоспарының бөлігі ретінде «тарихи» деп аталады. Ол 100 жыл бұрынғы бүкіл елді электрлендірумен салыстырылады және оған үлкен мән беріледі.

Заң жобасы сонымен қатар қаржыландырумен қамтылғандардан арзан, қолжетімді деректер жоспарын ұсынуды талап ету арқылы интернет қызметтерінің бағасын төмендетуге көмектеседі. Төрт үй шаруашылығының біреуінен астамы осы жаңа қолжетімді қосылым жәрдемақысына құқылы болады.


Ал Ұлыбритания корольдігінің үкіметі гигабиттік кең жолақты интернетке қол жеткізу қиын аудандарға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін «Гигабит» жобасына 5 млрд еуро инвестициялауда. Үкімет пен төрт ұялы байланыс операторы 4G ұялы байланысын 95%-ға дейін арттыру үшін бірлескен инвестиция ретінде тағы 1 миллиард фунт стерлинг бөлді. Цифрлық құрылысқа Цифрлық, мәдениет, БАҚ және спорт бөлімі демеушілік жасайды.

Гигабит жобасы – Ұлыбритания тарихындағы ең үлкен кең жолақты орналастыру және Премьер-Министрдің қауымдастықтарды алдағы қырық жыл ішінде қажет болатын болашаққа сенімді байланыспен қамтамасыз ету жоспарының бір бөлігі. Корольдіктегі 500 мыңнан астам ауылдық үйлер мен кәсіпорындар жоғары сапалы жылдамдықты интернетке қол жеткізе алады.

Бүкіл әлем интернетке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесіне алаңдаулы, бұл салада мемлекеттік жобалар жүзеге асырылып қана қоймай, коалициялар да құрылуда. Мысалы, «Қолжетімді интернет үшін альянс» дамыған және дамушы елдердегі жеке, мемлекеттік және коммерциялық емес секторларды қамтитын әлемдегі ең ірі технологиялық сектор коалициясы болып табылады. Альянс интернетке қол жеткізу құнын және әлемнің кез келген нүктесінен желіге кіру мүмкіндігін төмендету бойынша жұмыс істейді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x