Cоңғы жаңалықтар
Back

Елорданың көшесі де, көлігі де талапқа сай болуы тиіс

Астана қаласының жолдары, оның сапасы мен жағдайы әр маусым сайын назардан түспейді. Қоғамдық көліктері де заман талабына сай жетілдірілуде. Соңғы жылдары ақылы автотұрақтар пайда бола бастады. Оның қаржылық тиімділігі өз алдына, маңызды әкімшілік нысандардың айналасында кептеліс мәселесін шешті десек те болады. Осындай күрделі шаруаларды үйлестіретін, реттейтін – қаланың көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы.

Бұл мемлекеттік мекеме, біріншіден, жол қауіпсіздігін ұйымдастыруға жауапты. Екіншіден, жолаушы тасымалдауды ұйымдастырумен айналысады, ал үшіншіден, елордадағы жолдар мен көлік нысандарын салу бағытында еңбек етеді. Нәтижелер де жоқ емес, оң дүниелерді күн сайын елорда көшелерінен байқап, көріп жүрміз.

«Жолаушылар тасымалы саласына тоқталатын болсақ, бүгінде біз елордада он жаңа бағытты іске қостық, қоғамдық көлік бағыттарының 20-дан астам схемасын оңтайландырдық. Орташа жол жөндеу, яғни көше жолдары желісінің жай-күйін сақтау аясында 250-ге жуық көшені жөндеп, жалпы ұзындығы 150 шақырымды құрайтын 14 жаңа көше салдық. Ағымдағы жылға да жұмыс жоспары жасалды. Мәселен, биыл қаланың тағы 100-ге жуық көшесін өңдеп, 14 нысан бойынша жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз, оның 7-уі күрделі құрылыс аясында толығымен аяқталады», – деп мәлімдеді басқармасы басшысы Жансұлтан Сапарбаев.

Ол елорданың жол төсемін жөндеу жұмыстары қаншалықты жиі жүргізілетінін де атап өтті. Көп нәрсе жол құрылысы материалдарының сапасына, жұмыс күші мен техникаға байланысты. Биыл елордада алғаш рет жаңа технологиялар қолданылып жатыр. Олар жолдарды бұзылудан қорғайды және учаскелердегі жөндеу санын азайтатын қорғаныс қабатын қоюға көмектеседі.

«Оникс» әдісімен елорданың Орталық саябағына шаңғы роликті жолын, ал «Комсомольский» тұрғын үй кешеніндегі «микросерфэйс» технологиясын қолдана отырып, Домалақ ана көшесін төседік. Алайда, соңғы кездері жөнделіп біткен Қабанбай батыр даңғылының бойында жаңа технологиялар қолданылған жоқ. Өйткені, бұл учаскенің жөндеу жұмыстары орташа жөндеу аясында жүргізілді», – деп түсіндірді жауапты маман.

Осы жылы ғана Ұлы Дала даңғылындағы көпір пайдалануға берілді. Бұл нысан Есілдің қос қапталын жүргізушілерге біршама жақындатқанын мойындауға тиіспіз. Қазір Алаш тас жолы көпіріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тәуелсіздік көпіріне келетін болсақ, қазіргі уақытта көпірлерге жақын жерлерге топырақ толтыру, нысанды бетондау жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс 2023 жылы аяқталатын көрінеді.

Жансұлтан Бердібекұлы азаматтар арасында талқыланатын тағы бір тақырып – елорда жолдарындағы көлік тұрақтары туралы әңгімеледі. «Astana Parking Space» ЖШС-мен жасалған келісімге сәйкес, қазір Астана қаласында 5 мыңнан астам ақылы автотұрақ бар. Алайда, олар «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерінің иелері, Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтардан зардап шеккендер, барлық санаттағы ардагерлер, мүгедек балалардың ата-аналары мен қамқоршылары үшін тегін.

Сонымен қатар, бұл аумақтарда ақылы күнделікті жазылымдар жұмыс істейді, олар күндізгі уақытта көліктерді ақылы тұрақ орнатылған қаланың әртүрлі бөліктерінде қалдыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ демалыс, мереке және жұмыс күндері сағат 19.00-ден таңғы 7-ге дейін жүргізушілер үшін ақысыз қызмет етеді.

«Ақылы тұрақтардан түскен қаржының басым бөлігі елорда бюджетіне түседі. Серіктеспен жасалған келісімге сәйкес, ол табыстың аз бөлігін алуға құқылы. Себебі, жеке автотұрақтарды ұстауға кететін барлық шығындарды мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында көтереміз. Төлемдердің барлығы бейнетүсірілім арқылы жазылады, оны да серіктесіміз – «Astana Parking Space» ЖШС жүргізіп жатыр», – деп атап өтті басқарма басшысы.

Жансұлтан Сапарбаевтың сөзінше, елорданың қала маңындағы 35 елді мекені 25 маршрутпен қамтамасыз етілген. Бұл бағыттарға Астана қаласының 1-ші коммуналдық көліктер паркі жауапты. Алайда, елордада жолаушылар тасымалдайтын жылжымалы құрам әлі де тапшы. Жергілікті әкімдік жеке инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатыр, олар өз қаражаттары есебінен қалаға тағы 100 электробус әкеледі, бұл, әрине, елордадағы автобустардың жағдайын жақсарта түседі деген сөз. Бұл жаңалық өз тиімділігін көрсететіні де ақиқат. Біріншіден, ол электробустар қоршаған ортаға эмиссияларды азайтады, екіншіден, климаттық бақылаумен және мүгедектерге арналған пандустармен жабдықталған. Бір электробустың сыйымдылығы 50 орыннан сәл асады.

Жауапты маман электробустардың климаттық бақылауы туралы толығырақ тоқталды. Өйткені, жолаушылар тарапынан №50, 70-ші бағыттардың жағдайы өте нашар екені айтылады, адамдар жазда салонда ысып, қыста тоңып қалады.

«Иә, дұрыс айтасыз, біз бұл қолайсыздықтарды білеміз. Біз бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. №70 бағытқа қатысты: осы бағытқа қызмет көрсететін «Жорға» ЖШС биыл өз автопаркіне жаңа автобустар алуды жоспарлап отыр.

Тағы бір өзекті мәселе – LRT құрылысын одан әрі жалғастыру. Біз қала тұрғындары арасында сауалнама жүргіздік, оған сәйкес респонденттердің 50 пайыздан астамы LRT құрылысына дауыс берді. Сондай-ақ, елорданың өте жылдам өсіп, дамып келе жатқанын атап өткен жөн. 2030 жылға қарай қала халқының саны 2 миллион адамнан асуы тиіс. Тиісінше, менің ойымша, қаламызға желілік көлік қажет. Қазір бұл мәселені қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. Біршама шешілді десек те болады. Демек, бұл заманауи көлік түрінің де игілігін астаналықтар көретін күн алыс», – деді Жансұлтан Бердібек ұлы.

Тағы оқыңыз:

Елордалықтардың алтын уақытын үнемдеп, өздерін жайлы сезінуі үшін бәрін жасаймыз – Мейрамбек Әшірбеков

Елде еріктілер қозғалысы дамып келеді