Елордалықтардың алтын уақытын үнемдеп, өздерін жайлы сезінуі үшін бәрін жасаймыз – Мейрамбек Әшірбеков

Dalanews 25 қар. 2022 07:00 281

Еліміздің бас шаһары «Ақылды қала» болуы тиіс. Өйткені, уақыттың талабы – сол. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Цифрлық дамудың игілігін елордалықтар тұрмыстың түрлі салаларында көріп келе жатыр. Бірнеше жылдан бері. Осы салада әлемнің талай қалаларымен бәсекелесетін деңгейге жеткенімізді ешкім жоққа да шығара алмайды. Астанадан үлгі алып жатқан мемлекеттер қаншама?! Жолаушылар тасымалы, білім, коммуналдық шаруашылық, денсаулық және басқа да салаларға енген жаңашылдықтар астаналықтардың алтын уақыттарын үнемдеп жатыр, әр минутын тиімді пайдалануға мүмкіндік беруде, заман ағымына ілесу үстіндеміз. Тағы қандай жаңалықтар бар? Жұртшылықты нендей игі істер күтіп тұр? Тіпті, бұл бағыттағы шаруаларда кедергілер де жоқ емес шығар... Осы сауалдарды Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Мейрамбек Әшірбековке қойып көргенбіз. Әңгіме барысында біраз тақырыптың басын шалыппыз.

– Мейрамбек Мұхтарұлы, өзіңіз жетекшілік етіп отырған елорда әкімдігінің басқармасы соңғы жылдары іргелі істердің ұйытқы болғанын мойындауымыз керек. Десе де, қалада  қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қалай жүзеге асырылды? Алдымен осы туралы айтып берсеңіз.

– Дұрыс айтасыз, «Цифрлық Қазақстан» жобасы арқылы тек Астанада емес, еліміздің барлық аумағында қыруар шаруа атқарылды. Көптеген қаржы бөлінді, бәрі де мақсатты игерілді деп айта аламыз. Өйткені, бүгінгі таңда цифрландыру мәселелері өмірдің барлық дерлік саласында қолданылады.

Бұған дейін қалалық деңгейде цифрландыруға қатысты мәселелерді 2017 жылы қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы, сондай-ақ сол жылы қабыданған «Смарт Астана» тұжырымдамасы негізінде жүргізіп келдік. Жоғарыда айтқанымдай, бұл құжаттар аясында атқарылған жұмыстар шаш-етектен. Оларды тізбектеп, қайталап жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі, жасалған жұмыстар халықтың игілігіне айналып кеткеніне көп болды. Құжаттардың қолданылу мерзімінің аяқталуына және бірқатар бағыттар бойынша өзектілігінің кемігеніне байланысты жұмыс аяқталды.

Қазіргі уақытта орталық мемлекеттік органдар мен салалық министрліктің биылғы шілдедегі бұйрығымен бекітілген «ақылды» қалалар құрылысының эталондық стандартына сәйкес жұмыс істеудеміз. Сонымен қатар елорданың урбанизациясының қарқынын және жақын болашақтағы міндеттерді ескере отырып, қазіргі уақытта 2022-2024 жылдарға арналған «Тұрақты және цифрлық елорда» тұжырымдамасы әзірленді. Осы құжаттардың шеңберінде жүйелі түрде тұрғындарға жағымды шараларды атқарып жатырмыз.

Жалпы, біз елордалықтардың алтын уақытын үнемдеп, өздерін жайлы сезінуі үшін цифрлық даму бағытында қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

– Астананың басты проблемаларының бірі көлік саласында екенін анық. Біздің білуімізше, мұнда да цифрландыру жұмыстары басталып кетті. Әсіресе, жолаушылар тасымалында көлеңкелі қаражаттың жекенің қалтасына кетіп жатқандығы көтеріліп еді бір жолы. Іле-шала электронды билет жүйесі іске қосылды. Жалпы, нәтиже қандай?

– Иә, жолаушылар тасымалында, көлік жүйесінде орын алған мәселелер үнемі жетілдіруді қажет етеді. Сіз айтқандай, бүгінгі таңда жылжымалы құрамның 100 пайызын электронды төлем жүйесімен жабдықтап үлгердік. Қолма-қол ақшасыз төлемдер көлеңкелі айналымнан қаражаттың 40 пайызына дейін алуға мүмкіндік берді.

Елорданың көше-жол желісін басқару жүйесін оңтайландыру және кеңейту үшін Интеллектуалды көлік жүйесі енгізілді. Осының арқасында тасымалдау жылдамдығы 18 пайызға, өткізу қабілеті 40 пайызға артып, орташа жол жүру уақыты 20 пайызға қысқарады.

Диспетчерлік жүйеге жолаушылар тасымалымен айналысатын, заман талабына сай жабдықталған 1000-нан астам автобус қосылған, маршруттардың қозғалысы, жолаушылар ағынының динамикасы және тағы басқа күрделі бөліктерін біршама реттедік. Мұнымен тоқмейілсіп, тоқтап қалған жоқпыз, елордадағы жолаушылар тасымалы желісі тұрақты негізде оңтайландырылуда.

– «Ақылды» қаланың бір индикаторы – қоғамдық орындарда қылмыс пен құқық бұзушылықты азайту емес пе? Қоғамдық орындардың қауіпсіздігі де аса маңызды дер едік. Ендеше, Астана да осы үдеден шығуға тиіс. Яғни, жолдар мен аулалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында қолға алынған шаруаларды да атап өтсеңіз...

– Елорданың әрбір тұрғыны өзін жайлы, ыңғайлы сезінуі тиіс. Бізге қойылып отырған талап осы. Сондықтан, қазына қаражаты есебінен жүзеге асырылған жобалар аясында жолдар мен аулаларға 30 мыңға жуық бейнебақылау камералары орнатылып, біріктірілгенін айтуға тиіспіз. Нәтижесінде, қоғамдық орындардағы қылмыстың көрсеткіштерін 73 пайызға, қала жолдарында жол-көлік оқиғаларының санын 36 пайызға, жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітімді 50 пайызға, жол-көлік оқиғаларынан жарақаттану көрсеткішін 24 пайызға төмендеттік.

Полиция департаментінің мәліметтері тіркелген қылмыстар деңгейінің 78 пайызға кемігендігін айғақтайды. Сондай-ақ қылмыстық және әкімшілік сипаттағы қылмыстарды ашудың екі есеге артқанын байқауға бллады.

Реті келгенде айта кетейін, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша операциялық орталық жобасы іске асырылды, оған барлық стратегиялық нысандар қосылды. Олардың қатарында Астана қаласы әкімдігінің ақпараттық-телекоммуникациялық инфрақұрылымы, Сергек ҚХА, Iqala, ikomek мониторинг орталығы, «Астана-Innovations» АҚ, «Астана-Энергия» АҚ, «Астана-Теплотранзит» АҚ, «Астана су арнасы» ЖШС, «CTS», АҚ» Астана-РЭК» мекемелері бар. Байланыс операторларының бірыңғай интернетке қол жеткізу шлюзі арқылы барлық КВОИКИ иелерін ғаламтор желісіне қосу, бағдарламалық қамтамасыз етудің жаңартылған дерекқорларымен антивирустық қорғау құралдарын жаңарту шаралары қабылданды.

Осы орайда, бір ғана мысал айта кетейін, «Ақылды» қаланы басқару мақсатында ikomek-109 орталығына 13 703 бейнебақылау камерасы орнатылса, жыл соңына дейін қаладағы балабақшаларға, мектептерге, емханаларға және тағы басқа осы секілді әлеуметтік нысандарға қосымша 21 781 камераны біріктіру жоспарлануда.

Негізінен, камералар сауда орталықтары, мешіттер, үлкен аялдамалар, вокзал сияқты адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарды қамтиды. Бұл ретте, қыс мезгілінде операторлар қалалық бейнебақылау жүйесі арқылы қарды уақтылы тазаламау, жаңбыр мен су тасқыны кезінде су басу фактілерін анықтап, қалалық коммуналдық қызметтермен жедел пысықтауға мүмкіндік алады. Операторлар GPS-мониторинг және бейнебақылау жүйелерін пайдалана отырып, қаланы санитарлық тазалауға арналған мамандандырылған техниканың жұмысын үйлестіреді, бұл көліктердің тұрып қалу деңгейін төмендетуге, көлік жүрісін қысқартуға және соның нәтижесінде көліктердің жүруін, отын және жөндеу шығындарын азайтуға өте ыңғайлы.

– Мейрамбек Мұхтарұлы, айтқандарыңыздың барлығын күнделікті көріп-біліп жүрміз. Яғни, цифрландырудың игілігін елордалықтар сезініп жатыр деуге әбден негіз бар. Десе де, емханалар мен ауруханалардағы ахуалдарға байланысты тұрғындар жиі шағымданып жатады. Жалпы, медицина саласында да сандық жүйе кеңінен қолданыла бастағаны белгілі. Ондағы жүйелі жұмыстар әлі де жалғастыруды қажет ететін сыңайлы.

– Өзіңіз де білесіз, қала тұрғындарының саны күн санап көбеюде. Алайда, қол қусырып отырған біз жоқ. пандемия кезінде де денсаулық саласын біршама алға ілгерілеттік деп ойлаймын. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері күн демей, түн демей қалалықтарға тік тұрып қызмет етті. Біздің мақсаттарымыздың бірі -  мегаполистегі медицина қызметкерлерінің орасан зор қызметін жеңілдетіп, қалалықтарға оңтайлы жағдай туғызу. Осы мүддеде әрбір тұрғынға электронды денсаулық паспорты жасалды, толтыру 100 пайызды құрайды, зертханалық зерттеулердің нәтижелері, электронды рецепттер, еңбекке жарамсыздық парақтары электронды форматта – «ДамуМед» қосымшасы арқылы беріледі.

Қазіргі уақытта мобильді қосымшаны пайдаланушылар саны 300 мыңнан астам адамды құрайды. Бұл – 18-50 жас аралығындағы интернетті пайдалануға икемі бар халықтың 48,6 пайызы деген сөз.

Астана қаласындағы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық көмек көрсетуге келісім-шарт жасасқан 118 медициналық ұйымның барлығы толықтай МЗРК және «Сақтандыру» ақпараттық жүйелерімен біріктірілген медициналық ақпараттық базаға енгізілді.

Осы секілді жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді. Өйткені, біз бір орында тұрып қалуды қаламаймыз. Уақыттың өзі осыны талап етіп отыр. Заман ағымына ілесу керек. Саладағы сан мың проблеманы бір пәсте шеше салу мүмкін емес. бұл орайда, Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе жұмыс істей беретін боламыз.

– Өзіңіз басқарып отырған басқарманың ең маңызды шаруаларының бірі – жер қатынастарын цифрландыру екенін білеміз. Соңғы жылдары «Астана қаласының геоақпараттық орталығы», яғни «елорданың цифрлық егізін» іске асыру аясында көптеген шаруа атқарылды деп ойлаймын. Солардың өз аузыңыздан естісек...

– Иә, біз бұл бағытта қыруар жұмыс атқардық деп айта аламын. Мәселен, 801 шаршы шақырым көлеміндегі елорданың жер телімдері 1 пиксельге 3 см дәлдікпен цифрланды. Елорданың цифрлық рельеф моделі мен цифрлық жергілікті моделі толығымен салынды, салынған бөлігінің 3D модельдері 100 пайыз құрылды, қала аумағының толықтай (2D картасы) цифрландырылды.

Қаланың негізгі инженерлік желілері де сандық жүйеге көшірілді. Сондай-ақ жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бойынша 15 мемлекеттік қызмет цифрлық форматқа ауысты. Цифрланған инженерлік желілер көлемі – 16 000 шақырымнан асады. Инженерлік-геодезиялық жұмыстардың нәтижелері бойынша магистральдық және аулаішілік желілердің 205 000 ұңғымасы зерттелді. Бүгінгі таңда геопортал ақпараттық қауіпсіздік бойынша аттестациялаудан өтуде.

– Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру да алдыңғы лектегі жұмыстардың қатарында еді. Бұл саладағы соңғы жаңалықтармен бөлісесіз бе?

– Айтып отырғаныңыз жөн. Мемлекеттік қызметтердің цифрланғаны, ең алдымен халықтың уақытын тиімді жұмсауға, жұмысын жеңілдетуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталады. Қазіргі кезде жергілікті әкімдік 164 мемлекеттік қызмет көрсетеді десек, соның барлығын электронды форматта алуға болады. Бүгінгі уақытта біз мемлекеттік қызметтерді көрсетудің бизнес-процестерін және жасырын мемлекеттік қызметтер мен мемлекеттік органдардың функцияларын үнемі анықтап, автоматтандырудамыз.

Әкімдік мемлекеттік қызмет көрсетуден туындайтын мемлекеттік органдардың функцияларын автоматтандыру бойынша бөлімдер арасындағы жұмысты бастады. Өткен жылы 850 функцияға талдау жүргізіліп, оның ішінен 10 функция таңдалып, автоматтандырылған. Алдағы уақытта әкімдікке бағынысты мемлекеттік органдардың функцияларын автоматтандыру да жалғаса береді.

Қазіргі таңда басқарма мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсетуді кеңінен насихаттау бойынша тұрақты негізде шаралар қабылдауда. Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру мақсатында әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерімен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ елорда бойынша филиалының мемлекеттік қызметтер көрсету бөлімшелерінің қызметкерлеріне 6 оқыту семинары өткізілді.

Халықты мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қамту 52 мың адамды құрады. Мәселен, 2022 жылдың 1 тоқсанында әкімдік 25-тен астам басылымды орналастырды.

– Мейрамбек Мұхтарұлы, жаңа сөзіңіздің арасында IQala қалалық қызмет көрсету орталығы туралы айтып қалдыңыз. Осы орталық жайында оқырмандарымызға кеңірек мағлұмат берсеңіз.

– Рас, елордада тұрғындарға ыңғайлы болу үшін iQala орталығы жұмыс істейді, онда бір терезе қағидаты бойынша тұрғын үй-коммуналдық секторды ұйымдастыру бойынша қызметтерді алуға болады. Бұрын қызмет көрсетудің регламенті болмаған. Мәселен, азамат пәтер сатып алғаннан кейін барлық монополистерді аралап, әрқайсысымен жеке-жеке келісім-шарт жасасып, сан мәрте телефон соғып, құжаттарының дайындығын біліп отыруы керек еді, бұл үрдіс бір айға созылатын. Енді кез келген тұрғын мұндай жағдайда iqala.kz сайтында өтініш беріп, 3-5 күннің ішінде құжаттарының дайындығы туралы смс-хабарлама ала алады. Демек, орталықтың мүмкіндіктері сол, көрсетілетін қызметті алушының фронт-офис операторына хабарласып, https://www.iqala.kz/ сілтемесіне өз бетінше кіріп, қызметтерді алу мүмкіндігі бар.

Елордалық iQala елдегі бірегей қызмет алу алаңы болды. Биылдан бастап iQala үлгісімен еліміздің аймақтарында «коммуналдық ХҚКО» ашыла бастады. Орталық ірге қалағаннан бері барлығы 133 қызмет түрі жүзеге асырылды, 450 мыңнан астам қызмет көрсетілді.

Орталық келесі ұйымдардың қызметтерін алуға мүмкіндік береді: «Астана-РЭК» АҚ, «АстанаЭнергоСбыт» ЖШС, «Астана энергия сату компаниясы» ЖШС, «АстанаТеплоТранзит» АҚ, «АстанаСуАрнасы» МКК, «АстанаБТО» ЖШС, «Clean city» ЖШС, «SPK Astana Development» ЖШС - «1000 орын», «Қазақтелеком» АҚ, «ELORDA ECO SYSTEM» ШЖҚ МКК.

– Енді Астанадағы білім беру саласына оралсақ, кейінгі буынды жаңа технологияға баулу жұмыстарына цифрландыру басқармасы да үлес қосып жатыр ма?

– Әрине, біз мүддеміз сай келетін басқармалардың барлығымен бірлесе еңбек етудеміз. Қазір қалада 3 IT мектеп бар (№ 8, 73, 85), олар бағдарламалау негіздері (бағдарламалау тілдері, компьютерлік графика), web-мастер; бейне технологиялар; мобильді қосымшаларды әзірлеу; мобильді робототехника (білім беру робототехникасы, электроника және мехатроника); ғылыми-зерттеу (құралдар мен жаңа технологияларды жасау және оқыту) бағыттарын қамтиды. Сонымен қатар бүгінгі күні Оқушылар сарайында мыңнан астам балаға білім беретін әл-Фараби атындағы «Таным» креативті технологиялар орталығы жұмыс істеп жатыр. Енді жыл соңына дейін 5 мыңнан астам оқушыға білім беретін «Sana» шығармашылық білім беру орталығын ашу жоспарлануда.

Тағы да айта кетерлігі, IT кадрларын даярлау бойынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің қызметтерін елордадағы 13 колледж көрсетеді, оларда 1500-ге жуық студент білім беру тапсырысы бойынша оқиды.

Соңғы кездері ата-аналар балаларының мектепте тамақтануын бақылай алатын «Мектептегі тамақты қолма-қол ақшасыз төлеу» жобасы енгізілді. Сонымен қатар, мектеп оқушыларының тамағын сатып алу автоматтандырылды, бұл өз кезегінде мектептегі тамақтандыру сапасын арттырды. Сондай-ақ қаладағы мектептерге 4,6 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылды. Әр білім беру нысанында – 92 мектепте, 94 балабақшада, 8 колледжде (барлығы 190) 24 камерадан бар. Қауіпсіздік цифрлық бейнебақылау 90 пайызды құрайды.

– Біздің білуімізше, қазір әлемнің дамыған мемлекеттері 5G талшықты интернет желісіне қол созып жатыр, біраз қалалар бұл игілікке қол жеткізіп үлгерді. Ал біздің Астанамызда қашан іске қосылады? Жалпы, мұның пайдасы туралы айтып бере аласыз ба?

– Бұл сұрақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құзіретінде, сол себепті қосылу мерзімін солардан алуға болады. Десе де Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі  министрлігінің вице-министрі Асхат Оразбек 5G желісімен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және барлық облыс орталықтарын қамту жоспарланғанын айтқан болатын. Биыл радиожиіліктер бойынша 5G аукционын өткізу жоспарланып жатқанынан хабардармын. Аукцион Республикалық маңызы бар үш қалада және барлық облыс орталықтарында өткізіледі. Операторлармен аукционға дайындық, міндеттемелерді қоса алғанда, сипаттамаларды әзірлеу бойынша тиісті жұмыс жүргізіледі деген де ақпарат бар.

5G заттар интернеті технологиясының (IoT) өсуін және дамуын қамтамасыз етуді қолдайды, ал бұл – аса жылдам бірыңғай желі арқылы кедергісіз қосылып, деректер алмасатын миллиондаған құрылғылар. Мобильді интернеттің бесінші дәуірі бүкіл әлем бойынша инклюзивті және тұрақты цифрлық қоғамдар құруға жәрдемдесе отырып, цифрлық келешектің қозғаушы күшіне айналады.

– Мейрамбек Мұхтарұлы, елордалықтарға интернет желілері қаншалықты қол жетімді? Соған мониторинг жүргізіліп тұра ма?

– Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы "Астана Innovations" АҚ-мен бірлесіп, Астана қаласының тұрғындарымен және белсенділерімен сапасыз байланыс және мобильді интернет туралы өтініштер бойынша кездесулер өткізуде. Ұялы байланыс операторларымен және тіркелген байланыс операторларымен ынтымақтастық шеңберінде базалық станцияларды орнатуға антенна-діңгек құрылыстарын салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, "Астана-АЭК" АҚ-мен бірлесе инвесторларды толық қаржыландыру есебінен елорданың тұрғын үй алаптарында электр беру және жарықтандыру тіректері бойынша оптикалық байланыс желілерін жүргізу мәселесі пысықталды. Сондай-ақ, "Қазақтелеком" АҚ-мен бірлесіп тұрғын үй алаптарында талшықты-оптикалық байланыс желілерімен жабылмаған аймақтарда пайдаланылатын 4G технологиясы бойынша жоғары жылдамдықты сымсыз интернет FWA (Fixed Wireless Access) технологиялары енгізілуде.

Айта кету керек," Қазақтелеком " АҚ 290-ға жуық үйді (Малайсары батыр, Таукент, Ер Төстік, Мәди, Мұрын Жырау, Омба, Сырым батыр, Бойтұмар, Жасыбай, Смағұл Сәдуақасов көшелері) қамти отырып, микротүйіршіктерді пайдаланып, желілер салуды жоспарлап отыр. Жұмыстар 2022 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Қазірдің өзінде проблемалы аумақ саналып келген, қаланың іргесіндегі «Көктал-2» шағын ауданының алғашқы абоненттері интернетке қосылды. Тұрғындар талшықты-оптикалық байланыс желілерін пайдалана отырып, жоғары жылдамдықты интернет пен цифрлық телевидение қызметтерімен қамтамасыз етілді. Заманауи GPON технологиясы жарықтандыру бағаналары мен электр желілерінің бойымен жұмыс істейді. Баршын, Құланөтпес, Саумалкөл, Айдарлы, Ақмола, Ұлытау және сияқты көшелер бойында орналасқан 200 үй қосылуға дайын.

Айта кетейін, GPON технологиясының (Gigabit Passive Optical Network) басты артықшылығы жоғары жылдамдығы және сымдарсыз бір желіде бірден бірнеше цифрлық қызметтерді қосу мүмкіндігі бар. GPON технологиясы абоненттің үйіне оптикалық кабель тартуды қамтамасыз етеді.

– Әңгімеңізге рахмет, жұмыстарыңызға жеміс тілеймін!

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x