Жастар кешегі мен бүгінгіні байланыстыратын алтын көпір

Dalanews 23 қаз. 2022 06:51 277

«Таңдамасаң жастай жолдың дұрысын,

 Жас болып та көрген күнің құрысын».

Әбдірахман Жәми осы бір ауыз сөзімен-ақ, жас атаулыға қаратыла айтылар сөздің барлығын жеткізіп қойғандай. Расымен, өмір жолында қай бағытқа бет бұрсақ, соған жетеріміз сөзсіз. «Жасында тырысқан, қартайғанда қуанады» деп те бекер айтылмаса керек.

Жалпы, жастар мәселесі өте көлемді тақырып. Жастар – ел болашағы, мұны барлығы жақсы біледі. Олардың болашағы өздерінің ғалым, жазушы, саясаткер, атақты адам немесе кәсіпорындарда мықты маман бола ма, қиындықтарды қалай жеңе алатынына байланысты.

Осы орайда білім, әдет-ғұрып, нормалар мен дағдыларды, құндылықтарды кім, қалай жеткізетіні де аса маңызды.

Жастар мен жасөспірімдерге қоғам болып қолдау көрсету өте маңцызды. Көптеген құндылықтардың өзі өзектілігін жоғалтып жатқан қазіргі заманда жастарды «бұрын былай өмір сүрген» деп өткенмен салыстыра алмаймыз.

Кеңестік кезеңдегі және қазіргі таңдағы жастар бұл әлемге деген жаңа көзқарастарымен ғана емес, сонымен бірге құндылықтарымен де ерекшеленеді. Сондықтан жастармен жұмыс барысында таптауырын, жаттанды жүйемен емес, жаңаша, тың бағытта, жаңа жүйемен жұмыс істеген абзал.


Бүгінде елімізде жастарға қолдау көрсету – ел билігінің басым бағыттарының бірі. Солардың бірқатарына тоқталар болсақ, студенттердің шәкіртақысы әр жылда 20 пайызға артып келеді.

Ал доктаранттар мен магиструтура оқитындардікі 15 пайызға көтерілді. Студенттер үйі – жатақхана тапшылығын жою үшін кейінгі үш жылда 30000 орын берілген. Ағымдағы жылы 31 жатақхананың құрылыс жұмыстары аяқталып, оған 10 мың студент қоныстанбақ.

Сондай-ақ, «Халық табысын арттыру» бағдарламасы шеңберінде 4 жылда «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бойынша 160000-нан астам жас 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде грант иегері атанбақ.

Мұнымен қоса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде, жастар практикасына қатысудың мерзімі 6 айдан 12 айға дейін, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша бір жылдан 18 айға дейін ұзартылды. Бағдарламаға қатысушылардың жалақылары да сәйкесінше 20 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Жастарға қолдау тізбегі мұнымен тәмамдалмайды.

Олардың кәсіп ашып, іс бастауына қолдау үшін қаралатын қайтарымсыз гранттың көлемі 600 мың теңгеден 1 миллион 200 мың теңгеге дейін көбейтілді. Бағдарлама шеңберінде 2025 жылға дейін 2 миллион жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, оның басым бөлігіне жұмыссыз жастар қабылданбақ.

Мәселен, ағымдағы жылдың басынан бері инвестициялық жобалар бойынша жұмысқа тартылған 100 мың адамның ішінде 50 пайызға жуығы, нақтырақ айтсақ, 44 мыңы жастардың қатарынан болған. Көп жастар жұмысқа орналасарда тәжірибесі жетпей әрі сұраныстың аздығынан түрлі қиындықтарға тап болғандықтан, жұмыспен қамтудың тағы бір бағыты – креативті индустрия бағыты қолға алынуда. Біз мақалада келтірген мысалдар жастарға көрсетіліп жатқан қолдаулардың бір парасы ғана.


Алайда, жастарға жасалып отырған бұл жағдайлар мен қолдаулар, мүмкіндіктердің бәрі өздерінің ізденуін, еңбек етуін талап ететін әрекеттер. Жастар – қоғам дамуының негізгі қозғаушы күші, әлем аренасында бәсекеге қабілетті болу үшін, қазақтың дәстүр-салтын болашаққа жеткізіп, кешегі мен бүгінгіні байланыстыратын алтын көпір.

Сол көпірдің берік болып салынуы – оған бөлінген қаражатқа, сапаға да тікелей байланысты. Алдыңғы буын сапалы қолдау білдірсе, артқы буын, яғни, жастар сол берілген мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып, жауапкершілік жүгін сезіне отырып әрекет етсе, құба-құп.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x