Cоңғы жаңалықтар
Back

«Тәуелсіздік ұрпақтары»: Алматы облысында жастардың бизнес идея үшін байқау басталды

Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел жастарының жарқын болашағын қалыптасыру жолында жас буынға үлкен қолдау керектігіне басымдық бергені ақиқат. Президент өз сөзінде «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек» деп қадап айтқан еді.

Тоқаев тапсырмасы республиканың әр өңірінде бұлжытпай орындалып келеді. Соның бір дәлелі, Алматы облысында бастау алған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты.

Гранттар Алматы облысының азаматына жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде тағайындалады.

Аталған грант қаражаты ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға, Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобалар үшін, жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды әзірлеуге, экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды шыңдауға және жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру ісіне бағытталып отыр.

Яғни, конкурсқа қатысушылар «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа» сынды бағыттарда бақтарын сынай алады.

Айта кетейік, бұл байқау Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен өткізіліп отыр. Жалпы, ұйымдастырушылардың айтуынша, грант берудің мақсаты белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекеттік таараптан қолдау болып табылады.

Айта кетейік, конкурс екі кезеңде өткізіледі:

1) бірінші кезең – Басқарма конкурстық өтінімдерді қабылдауы және ережеге сәйкестігін қарауы;

2) екінші кезең – конкурстық өтінімдерді бағалау және конкурс жеңімпаздардын анықтау.

Байқауға өтінімдер мемлекеттік және орыс тілінде қабылданады. Қатысушы, шарттарға сәйкес, нысан бойынша жобаның сипаттамасын, Слайд түріндегі жоба таныстырылымын және шығыстар сметасының жобасы мен бар болған жағдайда зияткерлік меншік туралы мәліметтерді қоса қамтуға тиіс.

Конкурстық комиссияның мүшелері байқауға өтінімдер ұсынылған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде бағалау парағы бойынша конкурстық өтінімдерді бағалайды және конкурс жеңімпаздарын айқындайтын болады.

Байқауда бабы мен бағы қатар шапқан қатысушы жеңімпаз атанады. Тағайындалғангрантты алу үшін, конкурс жеңімпазы екінші деңгейдегі банктерде жеке шот ашу қажет.

Сондай-ақ, конкурстық комиссияның конкурс жеңімпаздарын айқындау туралы хаттамасына қол қойылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде Басқармаға грантты аудару үшін банктік шоттың бар-жоғы және нөмірі туралы анықтаманы ұсынуы шарт.

Естеріңзде болсын, басқарма конкурстық комиссияның конкурс жеңімпаздарын анықтау туралы хаттамасының негізінде конкурс жеңімпазы банктік шоттың бар-жоғы және нөмірі туралы анықтаманы ұсынғаннан кейін конкурс жеңімпазымен шарт жасасады.

Грант алушыға қойылатын басты талап, жарты жылда бір рет жобаның іске асырылу барысы туралы есепті Басқармаға ұсынады. Өз кезегінде басқарма күнтізбелік бір жыл ішінде грант қаражатының нысаналы пайдаланылуына, оның ішінде грант алушының ұсынған есебі бойынша мониторингті жүзеге асырады.

Гранттың нысаналы пайдаланылмағаны анықталған жағдайда Басқарма грант алушыны шарт талаптарының бұзылғаны және гранттың толық сомасын қайтару қажеттігі туралы жазбаша нысанда хабардар етуге құқылы екенін қаперлеріңізде ұстаңыздар.

Айта кетейік, гранттың мөлшері мен санын Алматы облысының әкімдігі белгілейді. Бөлінген грант қаражаты жобаны іске асыру үшін пайдаланылады. Грантты пайдалану мерзімі бір жылдан аспайды.

Бүгінгі күні құжат қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Байқауға қатысам дейшілер 18 қараша мен 7 желтоқсан аралығында өтінім берулеріне мүмкіндігі бар.

Аталған байқауға Алматы облысының 14 пен 28 жас аралығындағы жастары қатыса алады. Қатысушы әрбір жасқа сәттілік серік болғай!