Ресей әскері кері шегінуде: Қадыров бұған кінәлі адамның атын айтты

Dalanews 03 қаз. 2022 03:50 421



Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Ресей әскерінің Лиманда шегінуіне орталық әскери округқа жетекшілік ететін генерал полковник Александр Лапин кінәлі деп мәлімдеді.

Бұл туралы Азаттық хабарлайды.

"Сол аумақ қорғанысына орталық әскери округқа жетекшілік ететін генерал-полковник Александр Лапин жауап береді. Лисичанскіні алғаны үшін Ресей батыры жұлдызын алған Лапин. Оған батыс әскери округының әскерін де сеніп тапсырған" деп жазды Қадыров.

Бір күн бұрын Украина әскерінің Донецк облысында Лиман қаласына кіргені расталған. Бұған қоса, онда бес мың орыс солдатының қоршауда қалғаны хабарланған еді. Кейінгі күндері мұнда қызу шайқас жүрген.

Шешенстан басшысының айтуынша, Лапин Лимандағы орыс әскерін қажетті байланыспен қамтамасыз етпей, оқ-дәрісіз қалдырған. Ол осы аймақта жеңіліс болуы мүмкін екенін бұрын ескерткенін, Лапиннің өзі мұны Ресей қарулы күштерінің жетекшісі Валерий Герасимовпен талқылағанын айтты.

"Бірақ генерал Лапиннің қолбасшылық өнеріне шәк келтірмей, Лиман мен маңында шегініс болмайды деп сендірген" деді Қадыров.


Қадыровтың айтуынша, бір апта өткен соң Лапин өз штабын Лиманнан жүздеген шақырым жердегі Старобелскіге көшірген, генерал-полковниктің өзі Луганскіде болған.

"Лапиннің дарынсыз басшы болғаны емес, жоғарыдағы бас штаб жетекшілерінің оны қорғап-қолпаштап отырғаны жабырқатады. Маған салса, Лапинді марапаттарынан айырып, қатардағы жауынгер қылып, қолына автомат ұстатып, алдыңғы шепке жіберер едім. Өз масқарасын қанымен жуып-шайсын" деп жазды Қадыров.

Шешенстан басшысының пікірінше, шекара аумақта әскери жағдай жариялап, "қуаты аз ядролық қару" пайдалану керек.

Мамыр айында BBC-дің Орыс қызметі генерал Лапиннің өз ұлын – 1-гвардиялық танктер полкін басқарған, Сумы мен Черниговтағы шабуылын сәтсіз аяқтаған подполковник Денис Лапинді марапаттағанын жазды. "Звезда" телеарнасында Ресей армиясын марапаттау туралы сюжет шығатын күні орыс күштері Чернигов пен Киев бағытында шегініп жатты.

https://dalanews.kz/news/81101-otbasyndagy-zorlyq-zombylyqqa-zhol-be


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x