Back

“200 мыңнан астам бала алимент ала алмауда”. Сарапшылар өзекті мәселені сөз етті

Астана қаласы Қазақстандық қоғамдық даму институты алаңында «Қазақстан Республикасындағы алименттік қатынастарды реформалау» тақырыбы бойынша отырыс өтті.

Шараны Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институтының Отбасы институтын зерттеу орталығы ұйымдастырды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жыл қарсаңында 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек».

      Кездесудің мақсаты – Қазақстанда мемлекеттік алимент қорын құру қажеттілігі мен мүмкіндігін талқылау.

Отырысқа Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының өкілдері, қоғамдық бірлестіктердің басшылары, саясаттанушылар, ҚҚДИ сарапшылары қатысты.

Іс-шара ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Лира Раисованың модераторлығымен өтті.

Ол өз сөзінде мемлекет отбасы институтын қолдауға үлкен көңіл бөлетінін айтты, оған Мемлекет басшысының қыркүйек айындағы Жолдауы дәлел екендігін және онда әлеуметтік қолдаудың жаңа шараларын жарияланғанын атап өтті.

Сонымен қатар соңғы кездері қоғамда еліміздегі алименттік қатынастарға қатысты көптеген сұрақтар туындап, бұл салада реформалардың мүмкіндігі мен қажеттілігі туралы ұсыныстар айтылды.

Осы тақырыпта ары қарай сөз қозғаған Президенттің кадрлық резервінің мүшесі, кәсіпкер Сұлтан Тұндықбаевтың баяндамасы құнды ақпараттарға толы болды.

Баяндамада қызықты статистикалық деректерді келтіріп, қоғамда бар мәселелерді атап өтті, осы саладағы қажетті реформалар туралы өзінің көзқарасын айтты.

«Бүгінгі таңда алимент өндіруде ашықтық жоқ, көбінесе балалардың қолына түспейтін алименттің төленіп жатқандығына тиісті бақылау жүргізілмейді. Бүгінде 200 мыңнан астам бала алимент ала алмауда, оларға бұл ақша ертең немесе кейін керек емес, дәл бүгін қажет», – деді спикер.

Ол қайтарымды болуы тиіс мемлекеттік алимент қорын құру идеясын қолдап, оның жұмыс істеу механизмін ұсынды.

Қазақстан Республикасы Жеке сот орындаушылары Республикалық палатасы төрағасының орынбасары Ғалымбек Смағұловтың өз сөзінде алимент өндіру тәжірибесі мен осы саладағы қазіргі жағдайға тоқталды. Сондай-ақ ол Палата жұмысына және орын алып отырған мәселелерге, алименттік істерді орындау бойынша қабылданған және жоспарланған заңнамалық өзгерістерге тоқталып, сондай-ақ, талқыланып отырған мәселе бойынша ЖСО палатасының ұстанымын атап өтті.

«Бүгінде алименттерді өндіріп алудың нәтижелілігі сот орындаушыларына 90% және борышкерге 10% байланысты. 93 пайызында алимент төлеу орындалса, 7 пайызында мәселелер бар. Алимент төлемеу – бұл мемлекеттік әлеуметтік мәселе, сондықтан ол бойынша заңнамалық деңгейде шешімдер қабылдайтын кез келді»- деді спикер.

Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жанаргүл Алпысбаева өз сөзінде Мемлекет атаулы әлеуметтік қолдау саласында, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бағытында көп жұмыс атқаратынын, сондай-ақ Мемлекет басшысының қыркүйек айындағы Жолдауында да қолдаудың маңызды шаралары айтылғандығына тоқталды.

«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Отбасы институтын зерттеу орталығының жетекшісі Жұлдыз Батталова «Мемлекеттік алимент қорын құрудың халықаралық тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады.

Отырысқа қатысқан спикерлер: «Право» қоғамдық қорының төрағасы Ольга Рыль, Қазақстан Республикасы Жеке сот орындаушылары республикалық палатасы төрағасының кеңесшісі Ирак Елекеев, ҚҚДИ стратегиялық талдау тобының жетекшісі Лязат Нұрқатова және басқа да шараға қатысушылар да талқыланып жатқан мәселе бойынша өз пікірлерін білдіріп, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін қолдады.

Жиын соңында модератор Лира Фазылова қатысушыларға іс-шараға белсенді қатысқандары үшін алғысын білдіріп, маңызды мәселені талқылау жұмыстары жалғасатынын, айтылған барлық ұсыныстар алдағы жұмыста ескерілетінін атап өтті.