Президенттік кадр резерві жастардың бойына сенім ұялатты

Dalanews 04 там. 2022 15:50 327

Қазіргі таңда мемлекеттік басқару саласында өзекті мәселелер жетіп-артылады. Осы жайтты басшылыққа алып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің басқару тізгінін қолына алғаннан кейін Президенттік жастар кадр резервін жасақтауды құзырлы орындарға тапсырған болатын. Бүгінде осы жобаның арқасында озық ойлы жастардың жауапты қызметтерге тағайындалып, мемлекет басқару ісіне  араласуда.

Тәуелсіздік жылдары елімізде білімді жастардың үлкен шоғыры қалыптасты. Осыған дейін олардың билік басына барып, мемлекет басқару ісіне араласуына мүмкіндігі боламады. Ал Президенттік жастар кадрлық резерві жүзеге аса бастағаннан кейін талантты жастарға жол ашылды.

Қазір мемлекеттік қызмет қолы ұзын адамдардың ұл-қыздары ғана айналысатын дүние емес. Бұған дейін ірі шенділердің балалары ғана мемлекеттік қызметтің жалына жармасып, жайлы кабинеттерде жұмыс істеп келгенін білеміз. Қазір білімі мен біліктілігі қызметіне сай адамдар бір орында ұзақ аялдай алмайтын күн туды.

Мемлекеттік деңгейде қабылданған Кадрлық резерв жобасы мемлекеттік қызмет саласында бәсекелестік ортаны қалыптастырып, саланың  жаңғыруына негіз болғаны анық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында «сабақтастық, өрлеу» деп баршамыздың алдымызға үлкен мақсат қойып, талантты жастарды мемлекеттік қызметке тартуға баса мән берді. Жастар Президент Тоқаевтың қолға алған саяси-экономикалық реформаларын алға сүйрейтін негізгі күшке айналуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадрлық резервін қолға алғанда осындай мақсатты көздегені анық.

Президенттік жастар кадрлық резервіне 35 жасқа дейінге жоғары білімі бар, кез келген салада бес жылдық жұмыс өтілі бар жастар қатысып, өздерінің бақтарын сынай алады.

Жоба қолға алынған 2019 жылы кадрлық резервке еліміз бойынша 8 мыңнан астам жастар өтініш берген еді. Осыдан-ақ жастар арасында мемлекеттік қызметке деген қызығушылықтың зор екенін байқадық.

Бүгінде Кадрлық резерв жобасынан сүрінбей өткен 350 жас Үкімет пен жергілікті өзін-өзі басқару саласында ел дамуы жолында қызмет етіп жатыр. Олардың алды вице-министр қызметіне дейін тағайындалғанын да айрықша атап айтуға болады.

Президенттік кадрлық резерв жобасын сәтті жүзеге асырған ҚР Мемлекеттік қызмет істер жөніндегі агенттіктің төрағасы Дархан Жазықбаев қазіргі таңда жастарды мемлекеттік қызметке тарту ісі кең көлемде жүзеге аса бастағанын Dalanews.kz ақпараттық агенттігіне әңгімелеп берді.

– Президенттік жастар кадрлық резерві жоғары лауазымды қызметтерге талантты жастарды тартуда ел үмітін ақтаған жоба болды десем қателеспеймін. Осы жобаның арқасында жастардың бойында сенім пайда болады. Іріктеуден сүрінбей өткен жастарымыз жоғары лауазымды қызметтерді абыройымен атқарып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда.

Жастарды мемлекеттік қызметке тартудың тиімділігін ескерген Мемлекет басшысы біздің агенттікке мемлекеттік қызметке жастарды қабылдаудың тиімді жолдарын дамыту турасында тапсырма берген болатын. Бұдан кейін жоғары оқу орындарында соңғы курста оқып жүрген жастардың оқу бітіргеннен кейін ауыл мен аудандық деңгейдегі әкімдіктердегі төменгі лауазымды қызметтерге ешқандай мемлекеттік-конкурстық байқаусыз жұмысқа тұруына мүмкіндік беретін жүйе дайындадық. Бұл үшін біздер жастардың біліміне баса мән береміз. Мемлекет жыл сайын білім беру гранттары үшін қыруар қаржы бөліп келеді. Оқуын жақсы аяқтаған жастар енді қайда барып жұмыс істеймін деп алаңдамаса да болады.

Біздер бұл бастаманы осыған дейін қабылданған «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен байланыстырып отырмыз. Осылайша, оқуын жақсы аяқтаған жастар конкурстық іріктеусіз жұмысқа тұрды әрі «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін көре алады, – дейді Дархан Жазықбаев мырза.

Тоқаев билік тізгінін қолға алған күннен бастап ескі кадрларды жаңа кадрламен алмастыру турасындағы әңгімелер әлеуметтік желіде біраз сөз болғаны белгілі. Жаңа кадрларды дайындау бір күнде шешілетін дүние емес. Бұл жүйелі әрекетті қажет ететін сала. Алдағы уақытта Президенттік кадр резервіне іліккен жастардың бәрі билік орындарына барып, Жаңа Қазақстанды құру жолында аянбай тер төгетін болады. Сондықтан бұл жобаның ел дамуына серпін беретін күні алыс емес.

Қуаныш СМАҒҰЛ 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x