Жоңғар Алатауы жел энергиясын өндіруге таптырмайтын орын - сарапшы

Dalanews 15 там. 2022 07:16 223

Қазақстанның энергосекторы көмірге негізделгені өтірік емес. Жаңа Қазақстан билігі қоршаған ортаны улайтын қуат көзінен бас тартып, "жасыл экономикаға" бет бұруда. Алайда мұның жолы жеңіл болмайды. 

Эколог, еліміздегі жел энергиясының потенциалын зерделеумен айналысатын сарапшы Әлбина Әссенованың айтуынша, Қазақстанның экологиялық таза энергия көздеріне көшетін барлық мүмкіндігі бар.

"Елімізде жел қуатын молынан пайдалануға болатын 42 орынды анықтадық. Бұл жерлерде жыл оны екі ай жел соғып тұрады, оның жылдамдығы да қуат өндіруге жеткілікті. Жел энергиясын өндіруге еліміздің оңтүстік өңірлері қолайлы. Оңтүстік өңірлердің қуат көзінен тапшылық көріп отырғаны да жасырын емес. Жел электрстанцияларын Жоңғар Алатауы, Сарыжазда, Жүзімдікте және Таразда көптеп орналастыруға болар еді.

Қалыпты жер деңгейінен 50 метр биіктікте тұрған таулы-қыратты өңірлерде жел энергиясынан молынан өндіретін мүмкіндік бар", – дейді ол.

Сарапшының атап өткеніндей, көпшілік жел стансыларын кез-келген жерде орналастыруға боларына сенімді.  Негізінде, оның экологиялық аспектілерінен бөлек, экономикалық тиімділігіне де назар аудару қажет. 


40 млрд тонна көмір қоры және барланған 40 млрд баррель мұнай қоры бар Қазақстанның "жасыл экономикаға" көшуі айтарлықтай уақыт алатын процесс. Елдің жағдайы түзеліп, тұрмысы оңалған сайын электр қуатына да сұраныс та артады.



Сарапшының мәліметінше 2030 жылға қарай Қазақстандағы энергия сұранысы 180 ТВт-ға жетуі мүмкін мүмкін. Еліміздегі электр энергиясының 85 пайызын солтүстік өңірлердегі (Павлодар мен Қарағанды) өндірістік кешендер өндіреді.

"Павлодар мен Қарағандыдағы көмір электростанциялары қоршаған ортаны улап, табиғат ананың тынысын тарылтуда. Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерін көшетін мүмкіндігі мол. Еліміздегі желдің орташа жылдамдығы секундына 6 метрді құрайды, бұл қуат өндіруге жеткілікті мөлшер.

Үкімет желдің потенциалын пайдалану керегін енді-енді түсіне бастады. Содан болар соңғы жылдары "жасыл экономиканың" үлесі өсіп келеді. 2018 жылы Қазақстандағы жел стансылары сағатына 300 Мвт қуат өндірген, бұл 2013 жылғы көрсеткіштен 100 есе көп.

Десе де, Қазақстанның энергетикалық балансындағы жаңартылатын энергияның үлесі мардымсыз, 1 пайызға да жетпейді. Желдің әлеуетін толық пайдалана алмай отырмыз.

Жыл сайын еліміздің көмір стансылары қоршаған ортаға 275 млн тонна зиянды қалдықтар бөледі.


Жел - Қазақстанды энергетика саласындағы дағдарыстан құтқаратын қуат көзі.

Мұндай стансыларды жерден 50 немесе 100 метрде биіктіктегі таулы жерлерде орналастыру қажет. Желдің жылдамдығы секундына 6-7 метрге жететін аймақтар елімізде көптеп кездеседі. Соның бірі – Жоңғар Алатауы. Мұнда желдің жылдамдығы секундына 25 метрге дейін жетеді. Бұл өлкеде күз бен қыс кезінде желдің жылдамдығы жойқын болады", – дейді Әлбина Әссенова.

Оның пікірінше, бұдан бөлек Қордай, Сарыжаз, Тараз, Жаркент, Жүзімдік, Шілік және Жамбыл облысындағы Ақбақай ауылына жел стансыларын көптеп орналастыруға болады.

"Жоңғар Алатауына жел стансыларын орнатар болсақ сағатына 4400 Квт электр қуатын өндірер едік. Тұтастай алғанда Жоңғар Алатауының потенциалы жылына 280 ГВт-ны құрайды", – дейді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x