Еңбекшіқазақ ауданындағы 4 кәсіпорын облыстағы өнеркәсіп өнімінің 72 пайызын береді – Марат Сұлтанғазиев

Dalanews 23 қыр. 2022 17:59 341

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындарымен кездесіп, аймақтың экономикалық жай-күйіне тоқталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тұтас Алматы облысында 8 ай ішінде инвестиция ағыны 19%-ға ұлғайды, оның жалпы құны 320 млрд теңгеден асып түседі. Облыс әкімінің сөзіне сенсек, жыл басынан бері облыста 54,2 млрд. теңгенің 10 ірі инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, 700-ге жуық жұмыс орны ашылды.

Ең ірі жобалар – «Наурыз Агро» асыл тұқымды құс репродукторы,  «Алюгал» қорытпаларынан құрылыс материалдарын шығаратын зауыт, «Медикал Холдинг Sintez-KZ» медициналық титан имплантаттары мен тренажерлар өндірісі  және «Қарасаз Агро» балық шаруашылығы және т.б.

Соның ішінде  Еңбекшіқазақ ауданының экономикасын дамытуға 26 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есеге артық.

Дейтұрғанмен, ауданның жалпы облыс көлеміндегі үлесі 8 пайыздан шамалы ғана артық. Облыс әкімі осы орайда, аталған аймаққа инвестиция ағынын арттыру қажеттігін атап өтті.

– Бүгінгі күні іске асқан 20 шақты жоба болса, соның ішінде  «Жетісу энергиясы» ЖШС-нің қуаты 60 МВт Шелек жел электр станциясы жақында іске қосылғаны баршаға мәлім. Жобаға тартылған инвестиция көлемі – 37,4 млрд. теңгені құрайды. Сәйкесінше, 30 жұмыс орны құрылған болатын, – деді өз сөзінде Марат Сұлтанғазиев.


Инвестициялық жобалар аймақтың әлеуметін жақсартуға үлкен үлес қосады деген өңір басшысы «Жерұйық Энерго» серіктестігі Шелек дәлізінде қуаттылығы 50 МВт жел электр станциясының және өнімділігі 7 мың тоннадан астам «Фроско» жеміс-көкөніс өнімдерін өндіру, терең мұздату және сақтау зауытының құрылысы жүріп жатқанын кездесу барысында мәлім етті.

Еңбекішқазақ ауданындағы 4 кәсіпорынның өнімділігі облыстағы өнеркәсіп өнімінің 72 пайызын құрайды. Жалпы ауданында өнеркәсіп саласында 137 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 89-ы өңдеу өнеркәсібінде, ал қалған 48-і тау-кен өнеркәсібінде жұмыстарын жалғасытырып жатыр. Негізінен аудан өнеркәсіп өндірісі бойынша аудан 5-ші орында тұр.

Облыс әкімі ауданның негізгі өнеркәсіптік кәсіпорындары «Фуд Мастер компаниясы» және «Адал сүт» сүт өнімдерін өндіретін зауыттарының аяқ алысына тоқталды. Бүгінде қос зауыттың  жұмыс жүктемесі 90%-дан асады екен.

Сонымен қатар өңірде шарап, алкогольдік сусындар, шырындар шығарумен «Голд Продукт» және «Винзавод Дионис» сияқты ірі кәсіпорындар айналысады. Бұл зауыттардың жүктемесі шамамен 30-40%-ды құрайды.

–  Аудандағы 4 кәсіпорынның өнім көлемі облыстың жалпы өнеркәсіп өнімінің 72 пайызын немесе үштен екісіне жуығын құрайды. Сондықтан  өзімнің орынбасарым Арслан Дандыбаевқа қайта өңдеу кәсіпорындарын толық жүктеу мақсатында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау және ынталандыру, сонымен бірге сату нарықтары іздестіру жұмыстарын күшейтуді тапсырамын, – деді Марат Елеусізұлы.


Экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі шағын және орта бизнесті дамыту болып табылады. Облыста 105,0 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұрса, оның 21 мыңға жуығы Еңбекшіқазақ ауданында немесе облыстың бестен бір бөлігі, мұнда 34,5 мың адам жұмыспен қамтылған.

Марат Сұлтанғазиев оң динамикаға қарамастан, ағымдағы жылдың қаңтар-тамызында шағын және орта бизнес субъектілерінен бюджетке түсетін түсімдер небәрі 1,2%-ға өскенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, халық тығыз орналасқан аймақ үшін бұл өте аз көрсеткіш.

Сондықтан облыс әкімі, жергілікті атқарушы билік халықтың оның ішінде жастар арасында кәсіпкерлік негіздеріне үйрету, шағын несиелер мен гранттар алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажеттігін ескертті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x