Сатыбалды соты. Ол медиациялық келісімге келіп, миллиардтаған қаржы төледі

Dalanews 20 қыр. 2022 14:33 232

Астанада Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының ісі бойынша өтіп жатқан сотта жәбірленуші тарап – "Қазақтелеком" және "Көліктік сервис орталығы" медиациялық келісімге келуді ұсынды. Екі компанияның өкілдері сотта Сатыбалды "айыбын толық мойындап, бүкіл шығынды өтегенін" мәлімдеді, – деп хабарлады Азаттық сайты.

Назарбаевтың немере інісі заңсыз жолмен "Қазақтелекомнан" 12,7 млрд теңге, "Қазақстан теміржолы" компаниясына тиесілі "Көліктік сервис орталығынан" 28,6 млрд теңге жымқырған деп айыпталған.

Сотта Сатыбалдының өзі ештеңе айтқан жоқ, оның айыбын мойындағанын жәбірленуші тараптың адвокаттары жеткізді.

Осыдан соң судья Нұрлан Баяхметов прокурор Жангелді Есебаевқа медиациялық келісім бойынша жедел шешім шығаруды сұрады. Прокурор судьядан шешім қабылдауға уақыт сұрап, сотта үзіліс жарияланды.

Сот отырысына Қайрат Сатыбалдының туған інісі, ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбіш пен балалары онлайн қосылды. Бұл – Самат Әбіштің Қаңтар оқиғасынан бері алғаш көрінуі.

Сот басында Қайрат Сатыбалды Самат Әбішпен, балалармен амандасып жағдай сұрасты.

Самат Әбіш ағасына "әлхамдулилла, Құдайға шүкір, амал жасап жүрмін" деді. Кейін Сатыбалды ұлына "Самат ағаңның жанында бол, балам, онымен ақылдас жақсы ма?" деді. Ал ұлы әкесіне сағынғанын жеткізді.


Сот процесі басталғанда судья видео-фото түсіруге тыйым салды. Азаттықта жарияланған фото мен видеолардың бәрі сот процесі басталмай тұрып түсірілген.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды наурызда қамауға алынған еді. Оның үстінен "алдау жолымен мүліктік залал келтірді", "сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салды" деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.

Бұдан бөлек Сатыбалды "салықтан және кедендік төлемдерден жалтарды", "қылмыстық жолмен тапқан табысын заңдастырды" деген күдікпен де тергеліп жатыр. Ол Forbes Kazakhstan есебі бойынша Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендердің тізіміне кірген. Оның әйелі Гүлмира Сатыбалды да "бизнесті рейдерлік жолмен тартып алды" деген айыппен қамауға алынған.


Ал Қайрат Сатыбалдының інісі Самат Әбіш Қаңтар қырғынынан кейін ҰҚК төрағасының орынбасары қызметінен босатылған еді. ҰҚК Самат Әбіш "тергеу назарында" екенін мәлімдеген.

Қайрат Сатыбалды мен Самат Әбіш – Нұрсұлтан Назарбаевтың бауыры Сатыбалды Назарбаевтың (1947-1981) балалары.

Сарапшылар Қаңтар оқиғасынан соң экс-президент туыстарының қамауға алынып, отбасы мүшелерінің жоғары лауазымдардан шеттетілгенін бұрынғы кланның әлсірегені ретінде бағалайды.

https://dalanews.kz/del-qazir/81431-putin-ne-isterin-bilmey-alasuruda-r

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x