«Бизнесімді ініме тапсырдым». Тараздың жаңа әкіміне қаладағы 3 мейрамхана тиесілі

Dalanews 20 қыр. 2022 09:52 319

Әлеуметтік желіде Тараз қаласының жаңа әкімі Бақытжан Орынбековтің бірнеше кәсібі бар екені туралы ақпарат тарады. Қызметке тағайындалғанына жарты ай болған Орынбеков бұл сұраққа өзі жауап берді, – деп хабарлайды Halyq Uni.

Қала әкімі БАҚ өкілдерімен кездесіп, бұған дейін бизнеспен айналысқанын айтты. Алайда барлық бизнесін інісіне тапсырған.

– 2004 жылға дейін бизнеспен айналысқаным рас. Алайда сол жылы барлық кәсібімді ініме тапсырдым. Тараз қаласында бизнеспен айналыспадым. Мемлекеттік холдингте қызмет еттім. Отбасымның барлық мүшесі бизнеспен айналысады. Ескерте кететін жайт, олардың ешқайсысы мемлекеттік мекемеде жұмыс істемейді. Қазір менің ешқандай бизнеске қатысым жоқ, – деді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.

Орынбековтің айтуынша, отбасының ірі қалаларда бизнесі бар.

– «Атриум», «Тойқазан», «Чао какао» мейрамханалары менің отбасымдағы адамдарға тиесілі, компания да отбасы мүшелеріне тиесілі. Сонымен қатар отбасымызға тиесілі Астанада, Алматыда, Таразда мүлік бар. Менің жақындарым –  адал бизнесмендер, – деді қала әкімі.


Ол сондай-ақ Таразды дамытуда жарнамаға емес, жүйелі жұмысқа басымдық беретінін айтты.

Айта кетейік, 5 қыркүйекте Бақытжан Орынбеков Тараз қаласының әкімі болып тағайындалды.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x