Ассамблея мүшелері Жаңа Қазақстанның қабырғасын қалауға әзір – Марат Әзілханов

Dalanews 27 шіл. 2022 07:35 196

Соңғы кездері кейбір ресейлік саясаткерлер тарапынан Қазақстанға тіл тигізу жағдайлары орын алғаны белгілі. Алайда президент Тоқаевтың Петербор форумындағы мәлімдемесінен кейін мұндай арандатулар біршама азайған болатын.

Десе де, қазіргі геосаяси жағдайды есепке алсақ, мұндай мәлімдемелер екі елдің арасына сызат түсіретіні жасырын емес. Қазақстан билігі ресейлік сарапшылардың тарапынан айтылатын айыптауларға лезде жауап қатып, арандатудың алдын-алуда.

Бұл тұрғыда Ассамблеяның белсенділігі қандай? Ассамблея шетелдік саясаткерлердің арандатуына қалай жауап қатады? Ұйым төрағасы Марат Әзілхановтың айтуынша ұйым қатарындағы мамандар мұндай айыптаулардың қауесетке ұласып кетпеуіне бірінші кезекте мән береді.

«Әлгіндей мәлімдемелерге жіті талдау жүргіземіз. Жалпы көрші елдердің саяси кеңістікте жүрген тұлғалары ауыздан шыққан сөзге абай болғаны жөн. Қазақстан ешкімге соқтықпай, бейтарап жатқан ел. Сондықтан мұндай айыптаулар шындыққа жанаспайтынын Ассамблея мүшелері де көріп біліп отыр.

Еліміздегі ұлтаралық ахуалды ушықтырғысы келетін арам пиғылды, жат көзқарасты контентті ауыздықтау мемлекеттік деңгейде жүруі тиіс. Сонымен бірге, одақтас елдер ретінде бізге Ресей қоғамында пікір қалыптастырып отырған тұлғалармен жиі жүздесу керек.


Оларға елдегі жағдайдан хабар беріп, Қазақстанда ешбір этнос өкілдерінің қиыншылыққа ұшырамай, бейбіт өмір сүріп жатқанын көрсетуге тиіспіз. Ресейлік саясаткерлердің көпшілігі Қазақстандағы жағдайдан хабарсыз. Шын-өтірігі аралас ақпараттан оқыған мәліметті назарға алып, әлгіндей айыптауға жол беріп қояды. Сондықтан диалогтан қашпау қажет», – дейді Марат Әзілханов.

...

Оның атап өткеніндей бүгінгі таңда Ассамблея жұмысын Жаңа Қазақстанның талап-үдесіне бейімдеу маңызды мәселе. Президент Тоқаевтың төрағалығымен өткен күні кешегі Ассамблея кеңесінде Мемлекет басшысы тарапынан ұйым жұмысын жетілдіруге қатысты 37 тапсырма берілген.

«Ассамблея мүшелері Жаңа Қазақстанның қабырғасын қалауға әзір. Иә, Тұңғыш президент іргесін қалаған ұстанымдар қаз-қалпында қалады, десе де Жаңа Қазақстан жаңаша ойлауды талап етеді. Сондықтан да бүгінгі таңда Ассамблеяның ақпараттық жұмысын мықтап қолға алдық. Ең алдымен әлеуметтік желідегі жұмысымызды жүйелеудеміз. Жаңа ақпараттық технологияларға арқа сүйеуіміз керек. Халық ұйымның атқарып жатқан жұмысынан үнемі хабар алып отыруға тиіс», – дейді Ассамблея төрағасының орынбасары.

...

Әзілхановтың айтуынша Қаңтар оқиғасы Ассамблея қатарындағы кәсіпкерлерге ой салған. Олар қарапайым халыққа бұрынғыдан бетер қол ұшын созуға әзір отыр.


Айта кетелік, бұған дейін Ассамблея мүшесі, Қостанайдағы Кәріс этномәдени орталығының директоры, меценат А.Ким көп балалы Төлегеновтар отбасына үй салуға қажетті қаржы берген еді.

«Жалпы Ассамблеямен етене жұмыс істейтін кәсіпкерлер жақсылық жасағанын жарнамалай бермейді. Бұл бағытта ұйым ауқымды іс атқарды.

Айталық, былтырғы жылы Ассамблеяға мүше кәсіпкерлердің көмегімен 3400 қайырымдылық акциясы өтті. 16 мың отбасыға немесе 90 мыңнан аса әлеуметтік жағдайы төмен азаматқа қолдау көрсетілді.

Пандемияның өршіп тұрған шағында Ассамблея қатарындағы шағын және орта бизнес өкілдері 300 мың адамға көмек көрсетті. Көмектің сомасы 270 млн теңгеден асып жығылды. Ел басына күн туғанда Ассамблея мүшелері әрдайым көмекке келуге әзір дейді», – дейді Әзілханов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x