Қазақстан – Ресей әскери әріптестігі: сарапшы құжаттың негізгі ерекшілігін айтты

Dalanews 21 шіл. 2022 13:42 143

Еліміздің Қорғаныс министрлігі «Ашық үкімет» порталында Қазақстан мен Ресейдің әскери әріптестігі жөніндегі құжатты талқылауға ұсынды деп хабарлайды Dalanews.kz.

Құжатта одақтас елдердің әскери саладағы әріптестігі екі елдің шекаралық тұтастығына сызат түсірмейтіні, керісінше, сырттан төнетін кез-келген қауіп-қатерге бірлесіп төтеп беретіні айтылған.

«Мемлекеттің ішкі ісіне тұмсық тықпау, территориялық тұтастықты сақтау, осының негізіндегі халықаралық құқық аясында қарастырылған талаптарды орындау басты мүдде» делінген құжатта.

Dalanews осы ретте саясаттанушы Эдуард Полетаевқа хабарласып, әскери әріптестікке қатысты пікірін білген болатын.



«Әскери саладағы әріптестік қазіргі заман үшін таңсық дүние емес. Стратегиялық бағытта бірлесе қимылдауды құп көретін мемлекеттер әскери салада тығыз байланыс орнатып, көрген-білген тәжірибесімен бөліседі.

Бұдан қауіп күтудің қажеті жоқ және осыған қатысты қаңқу сөздерге назар аудармау қажет.

Ресейдің әскери саладағы тәжірибесі толайым, өткен 30 жылда Ресейдің әскери училищелерінде 8 мыңға жуық қазақ офицері тәлім алып шықты.


Бүгіндері олар еліміздің шекарасын бекітуге өз үлесіп қосып отырған жайы бар, олардың білімі мен білігі әскеріміздің сапасын көтеруде. Келісімшарт аясында біздің ел Ресейдің озық үлгідегі әскери техникаларына қол жеткізетін болады», – дейді сарапшы.

Ал әскери әріптестік 10 бағыт бойынша өрбитін болады. Жаңа құжаттың тезистеріне сай:

  1. Белгілі бір тарап көмек сұрағанда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әскери көмек ұсыну;

  2. Аймақтық қауіп-қатерге бірлесе жауап қату және оның алдын-алу;

  3. Әскери білім мен ғылым;

  4. Лаңкестікке қарсы тұру;

  5. Бітімгершілік миссиясы;

  6. Әскери салада екі тарапқа да ұғынықты болатын құқықтық база қалыптастыру;

  7. Мемлекеттік құпияны сақтау

  8. Екі елдің әскери делегацияларын халықаралық ұйымдардың жұмыстарына атсалыстыру секілді бағыттардан тұрады.


Айта кетелік, жалпы құжаттың негізгі тарихы 1994 жылдан басталады. Дәл осы жылдың наурызында Қазақстан мен Ресей үкіметінің басшылығы әскери әріптестік туралы келісімге қол қойған еді.

Эдуард Полетаевтың атап өткеніндей бұған дейін құжатта көрсетілген міндеттер мен мақсаттардың басым көпшілігі орындалған. Ал бұл жолғы құжат 10 жылға жарамды.

«Егер осы уақыт аралығында құжатта көрсетілген барлық талаптар, міндеттер орындалған болса, әріптестік автоматты түрде созылатын болады. Қазақстан мен Ресей тату көршілер, бұл тарапта қандай да бір түсінбеушілік туындамауы тиіс», – дейді сарапшы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x