Ауыз су мәселесі: Қазақстанда суды ұқыптап қолдану мәдениеті қашан қалыптасады?

Dalanews 20 шіл. 2022 12:41 733

Сарапшылардың пікірінше Қазақстан су мәселесіне келгенде көршілерге мұқтаждықтан арылып, ауыз судан тарықпайтын жүйелі жоспар құрғаны жөн.

Бұлай деуіміз бекер емес. Еліміздегі су саласының мамандары 2035-40 жылға қарай Қазақстандағы суға сұраныс 45 пайызға артады деп отыр, ал су жетіспеушілігі жылына 12 текше шақырымды құрайтын болады.

Айта кетелік, елімізде халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған «Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асуда. Алайда бірқатар мәжіліс депутаттары осынау жобаның тиімділігіне күмәнмен қарайды. Халық қалаулысы Екатерина Смышлияеваның айтуынша 2025 жылы барша Қазақстан тұрғындарын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді көздеген Үкімет жоспарының орындалуы неғайбыл.

Депутаттың ақпарат құралдарына ұсынған дерегі бойынша бұл жоспарды іске асыруда Үкімет көптеген кедергілермен бетпе-бет келуі мүмкін.

«Жұмысқа жауапты министрлік 2023 жылы жоспарланған 120 елді мекеннің тек 90-ын ғана ауыз сумен қамтуға уәде беріп отыр. Себебі, алдағы жылдарға бағытталған қаржының басым бөлігі жұмсалып кетті. Қаржы бөлінісіне келгенде кешігулер болғанынан хабардармыз, соның салдарынан мердігерлерге жұмысты кешігіп бастауға тура келді. Ал жер қатып, қар түскен түскен кезде құбыр жүргізу машақат іс», – дейді мәжілісмен.

Өз кезегінде су саласын жетік білетін эколог Арай Сапарқызы ауыз мәселесін шешуге жиі орын ауысатын министрлердің кедергі болып отырғанын айтады.


«Осы күнге дейін еліміздегі Су кодексіне 70-тен астам өзгеріс енген екен. Елімізде салаға жауапты министрлер де жиі ауысады, соның салдарынан осы бағыттағы бағдарламалар тұралап қалатын кездер көп. Бұл мәселені кешенді түрде қарастыру қажет», – дейді ол.

Сарапшы ауыз мәселесіне келгенде Қазақстанды көрші елдерге тәуелділіктен құтқарудың жолын ұсынып отыр. Оның айтуынша суға келгенде көршіге мұқтаждықтан арылу үшін 10-ға жуық су қоймасын салуымыз қажет.

Өз кезегінде «Таза-Су» компаниясының басшысы Мақсат Темірланұлы бұл тұжырыммен келіспейді.

«Елімізде су жеткілікті, – дейді ол. Тек суды тасымалдайтын инфрақұрылымдардың тозығы жеткен, су құрылысы саласына жаңашыл идеялар жетіңкіремейді. Оның үстіне, тұрғындардың тарапынан суды ұқыпты қолданатын этика қалыптаса қойған жоқ. Су бағасы арзан, судың қадірін түсінбей отырмыз...».

Айта кетелік, бұған дейін су мәселесіне қатысты өткір пікір білдіріп жүрген Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бұл салада өз ісін жетік білетін кадрлардың тапшы екенін айтқан болатын.


Dalanews депутат сөзінің анық-қанығын тексеру үшін, шағын зерттеу жүргізіп, Жаңбыршиннің жалған сөйлемегенін растады.

Мәселен, 90 жылдардың басында су саласында 40 мың жуық маман еңбек етсе, бүгінгі таңда олардың саны 7-8 есе қысқарған. Ал эколог Арай Сапарқызы ұсынған дерекке сенсек, Қазақстанда 500 мыңға жуық адам судан тапшылық көріп отыр.

«Осы күнге дейін ауыз мәселесін шешуге бағытталған бірнеше бағдарлама әзірленді. Әзіргі күні «Нұрлы жер» бағдарламасынан үміттіміз. Бүгіндері шамамен 1500-ге жуық ауыл сапалы ауыз суға қолы жете алмай отыр», – дейді ол.

Бағдарлама аясында еліміздегі ауыз су мәселесін шешуге 230 млн доллар қаржы бөлінген. Бағдарламаның нәтижесі бойынша 2025 жылға дейін қазақстандықтар 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі қажет.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x