2025 жылы Қазақстандағы "жасыл энергияның" үлесі 6 пайызға жетеді

Dalanews 25 шіл. 2022 11:42 162

Орта Азия, соның ішінде біздің ел әлі күнге дейін жер қойнауынан шығатын жанармайға тәуелді.

Сарапшылардың дерегінше Қазақстандағы электр қуатының 70 пайызы көмір электр станцияларынан алынады.

Dalanews-ке пікір білдірген Энергетика министрлігіне қарасты Қайта қалпына келетін энергия көздерін ендіру және мониторингілеу басқармасының басшысы Дәулет Зәкәрияновтың айтуынша мұхиттан қашық орналасқанына қарамай, Қазақстан экологиялық таза энергия көздеріне бет бұрған.

«Осыдан 13 жыл бұрын қайта қалпына келетін энергия көздеріне қатысты аса маңызды заң қабылданды. Соның арқасында салаға инвестор тартудың мүмкіндігі туды. 2025 жылға дейін Қазақстандағы қайта қалпына келетін энергия көздерінің үлесін 6 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз.

Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізу жоспарда бар. 2050 дейін осы көрсеткішті 50 пайызға дейін көтеріп, жер қойнауынан алынатын жанар-жағармай мен жасыл энергия арасында энергетикалық тепе-теңділік орнатқымыз келеді», – дейді министрлік өкілі.

Зәкәрияновтың атап өткеніндей осы уақыт аралығында қуаты 1400 МВт-ны құрайтын жасыл энергия көздерінің негізінде жұмыс істейтін 59 жобаның тұсауы кесіледі.

Энергетика министрлігінің мәлім еткеніндей Азия даму банкі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі аталған салаға инвестиция құюға әзір. Нақтылап айтқанда, аталған қаржы институттары күн энергиясынан қуат алатын екі бірдей жобаға инвестиция құюға оқталып отыр.

Бұл өз кезегінде энергиядан тапшылық көріп отырған Қазақстанның оңтүстігін қажетті қуат көзімен қамтамасыз етпек.


Dalanews осынау жобаларға қатысты қызықты мәліметке қол жеткізді.

Еліміздің оңтүстік-шығысында орналасатын М-КАТ күн электр станциясының қуаты 100 МВт-ны құрайтын болады, станцияның аумағы 300 гектарды жерді алып жатыр.

Айта кетелік, бұл Азия даму банкінің күн энергетикасы саласындағы Орта Азия аумағында бұрын соңды болмаған ерекше жобасы. Станция толыққанды іске қосылғаннан кейін орта есеппен 177 гигаватт-сағатты құрайтын энергия өндіреді деп күтілуде.

Қазақстан территориясында салынатын станцияның ерекшелігі күн қозғалысын бақылап отыратын, осының нәтижесінде электр қуатын 25 пайызға артық өндіретін әлеуеті бар.

Азия даму банкі инвестиция бағыттайтын тағы бір жоба: қуаты 50 МВт-ны құрайтын Байқоңыр күн электр станциясы. Еліміздің оңтүстік өңірінде орналасатын станцияның көмегімен ауаға тасталатын зиянды қалдықтарды жылына 40 мың тоннаға дейін азайтуға болады.

М-КАТ тілшісі бұл орайда «Байқоңыр Солардың» компаниясының басшысы Евгений Гладиевке хабарласып, маңызды ақпарат алған болатын.

«Станция Қызылорда облысында орналасқан. Өздеріңіз білетін боларсыз, Сыр өңірі қуат көздерінің 55 пайызын өзге өңірлерден тасымалдайды. Жаңа станция іске қосылған жағдайда тәуелділіктен біршама арылуға болады, бұдан бөлек 40 жаңа жұмыс орны ашылады, жұмысқа жергілікті тұрғындарды ғана аламыз», – дейді ол.

«Қазақстан экологияны таза ұстауға келіскен Париж келісім орындауға мүдделі. Жасыл энергия көздерінің үлесін арттыру арқылы алдағы 15-20 жылда энергетикалық сектордың сипатын өзгертеміз, онда қайта қалпына келетін қуат көздерінің үлесі артады», – дейді өз кезегінде сарапшылар.

Жасыл технологиялардың қыр-сырын білетін мамандардың айтуынша Қазақстан территориясы күн энергиясымен байланысты жобаларды жүзеге асыруға қолайлы аймақ.

Ал Дәулет Зәкәрияновтың атап өткеніндей аталған салаға инвесторлардың қызығушылығы артқан сайын жаңа жұмыс орындары ашылады. Ең бастысы бізді ел 2050 жылы жасыл экономикаға көшу туралы мақсатына қол жеткізеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x