Ердоған түркі әлемін сатқан жоқ. Ол Путиннің екі аяғын бір етікке тығады – журналист

Dalanews 10 там. 2022 12:05 249

Белгілі журналист Ибраш Нүсіпбаев "Ердоған Путиннің досы. Түркия Ресейдің айтқанын екі етпейді" деген Кремль пропагандасына ермеуге шақырды деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, Ресей тұл жалғыз. Есі дұрыс ел агрессордан аулақ жүргенді, онымен алыстан сыйласқанды жөн көреді.

Ал "Қытай, Үндістан, Түркия секілді елдер Мәскеуге риясыз көңілмен, достық пейілмен қарайды" деген ресейлік саясаткерлер сандырағына сенуге болмайды. Мұны кез-келген ақпаратты қорытпай қабылдай беретін орыс аудиториясын алдаусырату үшін айтады дейді.

"Ресейлік шенеуніктердің риторикасына назар аударған болсаңыз, олардың өтірікті судай сапыратынын аңғарар едіңіз.

Олардың пікірінше ілгерідегі елдер Ресейдің Батыс пен АҚШ-қа, ең бастысы Киевке қатысты ұстанымын толықтай қолдап, қуаттайды, оккупант деп атап жер-жебіріне жетпейді. Мәскеудің астамшыл саясатына асқан түсіністікпен қарайды.

Орыс аудитория "судырахметтердің" қырық өтірігіне иланады, Қытай мен Түркияға арқа сүйейміз деп сенеді. Шын мәнінде аталған мемлекеттердің Мәскеуге түкіргені бар. Ресейдің сұғанақ саясатын қолдамақ түгіл, бүтін бір елді қанға бөктірген Путиннен жаны түршігеді", – дейді әріптесіміз.

Оның пікірінше Бейжің болсын, Анкара болсын бірінші кезекте өз мүддесін ойлайды, олардың Путинге жаны ашып отырғаны шамалы.


Айталық, Қытай мен Үндістан Ресейді "сауын сиыр" ретінде пайдаланып отыр. Су тегінге сатылып жатқан арзан жанармайдан ешкім де бас тартпасы белгілі.

Мәскеу жасаған жақсылығының қайтымы болады деп күтсе де, Қытай да, Үндістан да Батыстың көзін бақырайтып қойып, жаңа технологиялардың құпиясымен бөлісуге немесе оларды тасымалдауға дайын емес. Батылы бармайды, дәті жетпейді. АҚШ-тың қас-қабағынан қаймығады.

"Ердоған Кремль басшысының ырқына көнбейді, ығына жығылмайды. Ресейлік пропаганда жазғандай ол Путиннің жанашыры емес. Ресейдің құшағына кіріп кететін құлдық санадан ада.

Жуырда Сочиге сапарлап келген Түрік президенті Кремль көсемімен кездесу өткізді. Ресейлік масс-медиа "арасынан қыл өтпейтін дос, сыйлас президенттер соңғы 17 күнде екінші рет дидарласты" деген сипатта хабар таратты. Ердоғанды "ресейшіл", "путиншіл" етіп жіберді.

Кремльден тарайтын кез-келген ақпаратты сіміре беретін орыс аудиториясы әлгіні естіп шат-шадыман болды. Шамамен төрт сағатқа тақау тілдескен екі ел басшыларының диалогына өтірік-шыны аралас ақпаратты молынан араластырып, теледидарға телміріп отырған аудиторияның алдына тосты", – дейді әріптесіміз.

Ибраш Нүсіпбаевтың айтуынша ресейлік пропагандистер "Ердоған Украинаның соғыстан кейінгі кескін- келбеті жөнінде және "Жаңа Ресейдің" қабырғасын қалауға қатысты пікір білдірді" деген жалған ақпар таратқан.


"Путин мен Ердоғанның кездесуінде Украин мәселесі, Жаңа Ресейдің жайы мүлде сөз болған жоқ. Келіссөздерге Сириядағы ахуал арқау болды. Түркия Сирия территориясының бір бөлігін тартып алуға талаптанып көрмек. Кремль көсемі бұған қарсы шыққан сыңайлы, бұл Түркия президенті ұнамай қалса керек.

Төрт сағатқа созылған кездесуден Ердоғанның көзі шатынап, сызданып шықты. Соғысқұмар Путиннің сазайын беруді көздеп, келесі күні-ақ Украинада Bayraktar өндіретін зауыттың құрылысын бастауға пәрмен берді", – дейді Ибраш Нүсіпбаев.

"Байрақтар" ресейлік басқыншыларды баудай түсіріп жатқаны өтірік емес. Күнде небір жан түршігерлік кадрларға куә боламыз. Жоқ, орыс оккупанттарына жанымыз ашымайды. Керісінше, Киевтің шабуылы үдей түскенін қалаймыз.

Сөй деген Ибраш Нүсіпбаев Түркия Ресейге емес, керісінше Ресей Түркияға тәуелді дейді. "Байрақтардың" құрылысына рұқсат берген Ердоған бұл әрекеті үшін Путиннің қаһары мен бопсасына ұшыраудан  қауіптенбейді.  Түрік лидері Кремль көсемінің кеңістігі тарылып жатқанын, Ердоғанмен ерегесер болса, өз қолын өз шабарын көріп, біліп отыр.

"Түркия Украин жерінде "Байрақтардың" зауытын салады. Путиннің бұл зауытты бомбалауға жүрегі дауаламайды. Ресейдің ракеталары бұл арадан аулақ ұшады. Бұған дейін Ресей билігі өз ақшасына Түрік жерінде АЭС құрылысын жүргізетінін хабарлаған болатын. Ердоғанның ашуына тиер болса, Путиннің екі аяғын бір етікке тығады, әлгі құрылысты әп-сәтте тоқтата салады, ал Ресей қып-қызыл шығынға батады", – дейді әріптесіміз.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ 


https://dalanews.kz/news/80363-assambleia-zhanynan-qurylgan-analar-ke

https://dalanews.kz/news/80375-freedom-holding-corp-i-toqsanda-227-mln-tabyspen-tuyindedi

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x