Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Гауез Нұрмұхамбетовтың қатысуымен жедел Штабтың кезекті отырысы өтті.
16.00-де іздеу жұмыстары Жамбыл ауылы - Тобыл өзені, Алтын дала ауылы, Қостанай қаласы, Самир ауылы бойынша төрт бағытта жүргізіліп жатыр.
"Штаб отырысында егістікке азық-түлік пен су қалдырып, оларға әуе шарларын байлау туралы шешім қабылданды. Бұл іздеу жүйелері үшін сигналдық нұсқа болады. Әр өрісте осы процесті бақылайтын бақылаушылар бар. Ауадан бақылау жалғасуда", – делінген хабарламада.
Кешкі алтыдан кейін баланы іздеуге көмекке келген Рудный дельтаклубының нұсқаушылары алаңдарды жоспарлайды.
Қазірдің өзінде 12-ден астам алқап әуеден, 8 алқап жаяу қаралған.
Іздеу аймағы тексерілген жерлерді ескере отырып төрт бөлікке бөлінген:
- Жамбыл ауылы – Тобыл өзені;
- Алтын дала елді мекені;
- Қостанай қаласы;
- Самир ауылы.
Айта кетейік, 7 тамызда таңғы 5.00-де Қостанай облысы Жамбыл ауылында 5 жасар Мәдина Ерланқызы жоғалып кеткен еді.
Қыздың анасының айтуынша, 5 жастағы Мәдина 18 және 13 жастағы үлкен әпкелерінің қарауында болған. Таңертең қыздар оянғанда сіңлісін таппай қалған. Бүлдіршін терезеден шығып кеткен.
Бұған дейін 5 жасар қыздың жүрген жерінен видео жарияланған болатын.