Грузияда көз жұмған Әсел Айтпаеваның туысына үкім шықты

Dalanews 02 там. 2022 12:50 241

Әсел Айтпаеваның туысы Мұрат Мейірбеков 15 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп.

Өткен жылдың 5 мамырында Грузияда 26 жастағы Әсел Айтпаеваның денесі табылған болатын. Өлім алдында ол досына аудио хабарлама жіберіп үлгерген. Аудиода ер адамның оны зорлықпен қорқытып жатқаны жазылған.

Грузия прокуратурасы бойжеткеннің зорланғанын мәлімдеді. Күдікті  56 жастағы Бесик Тордуа келесі күні ұсталды. Ол зорлау және өзін-өзі өлтіруге итермелегені үшін 8 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді. Алайда Тордуа кейін түрме ауруханасында қайтыс болды.

Грузияның бас прокуратурасы тағы бір күдіктіге – Әселдің туысы Мұрат Мейірбековке де айып таққан.


Оны Нұр-Сұлтан полициясы биыл 16 мамырда ұстаған еді. Мейірбеков қызды жұмысқа тұрғызу сылтауымен Грузияға шақыртып алып, кейін оны пайдаланып кеткен. Қылмыстық іс «зорлау» бабы бойынша жүргізілгендіктен, сот отырысы баспасөз үшін жабық өтетіні хабарланды.

26 жастағы Әсел Айтпаева Грузиядағы көпқабатты үйдің терезесі алдынан өлі күйінде табылған еді. Онда ол алыс туысы болып келетін Мейірбековтың  шақыруымен жұмысқа барған. Бұл өте өрескел қателік болды дейді марқұмның туыстары.

Әселдің әпкесінің айтуынша, ол әрқашан шетелде өмір сүруді армандаған. Өз пәтеріне ақша жинағысы келген. Қыз үйіне табытпен оралады деп ешкім ойламаған.


"Егер оны бөтен біреу шақырса, ол шетелге бармас еді. Біз де оны жібермес едік. Ал бұл ретте туысымыз ғой, шынымен де көмектесіп жібереді деп үміттеніп, сендік. Сөйтсек Әсел оның бірінші құрбаны емес екен. Инстаграм арқылы бізге тағы екі қыз шықты. Мына Мейірбеков ол екі қызға да шығып, шетелге шақырыпты", – деген болатын Dalanews.kz-ке пікір білдірген марқұмның әпкесі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x