Мемлекеттік қызметтегі ішкі талдау жұмысы жемқорлықтың алдын алады

Dalanews 22 шіл. 2022 10:27 143

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Басқосуға өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Денис Шәкенов, қалалар мен аудандардың әкімдері, облыстық басқармалардың басшылары қатысты.

Кеңесте «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағыты бойынша жобаны іске асырудың мәселелері қаралды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік басқаруда жаңа тәсілдерді қолдану туралы тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімі Даниал Ахметов бекіткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын іске асыру үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жобалық басқару принципі бойынша жүзеге асырылады.

– Сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу және бірлескен күш-жігер арқылы ғана оны қоғам мен мемлекеттік органдарда жоюға болады, – деді дербес басқармалар жұмысының нәтижелерін тыңдаған Алмасхан Бауыржанұлы.


Сондай-ақ, ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жандандырып, формализмді тыюды тапсырды.

– №4 Үлгілік базалық бағыт – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жол картасы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басты міндеті – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Біз әдістемелік көмек көрсетуге дайынбыз. Қарапайым тілмен айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ісіндегі мемлекеттік органдардың нәтижелерін тиімді бақылай отырып, негізгі міндеттер айқындалды.

Негізгі құралдардың бірі – ішкі талдау. Мемлекеттік органдардың басшылары сапалы ішкі талдауға өздері мүдделі болуы тиіс. Өйткені бұл болашақта сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмауға мүмкіндік береді. Басқарушылық қателіктер көбінесе құқықтық олқылықтар мен қақтығыстарға байланысты. Тек сапалы талдау ғана бізге алдын алу шараларын уақытылы қабылдауға және мемлекеттік қызметшіні сыбайлас жемқорлықтан қорғауға мүмкіндік береді, – деді Денис Шәкенов.

Жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу бойынша оқыту семинарын ұйымдастыруды ұсынды.

Ержан КЕҢЕСҰЛЫ

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x