«AMANAT» жастар қанатының VI Съезі мәреге жетті

Dalanews 14 шіл. 2022 14:02 220

«AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының кезектен тыс VI Съезі аяқталды. Жастар форумының соңғы күні партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов төрт күн бойы белсенді жұмыс істегені үшін барлық өңірден келген делегаттарға алғыс айтып, естелік сертификаттар табыстады, – деп хабарлайды Dalanews.kz «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ол бүгінде «Жастар Рухы» Қазақстан бойынша 100 мыңнан астам жас азаматты біріктіретінін, олардың 90%-ы өңірлердегі белсенділер екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Съезд делегаттарына арнаған үндеуінде Отанға қажет әрі пайдалы болуға ұмтылу – әрбір жас адамның мақсаты болуы тиіс екенін атап өтті. Бұл іс-шара ұл-қыздардың бірлігі мен ынтымағын айқындады. «Жастар Рухы» жастар үшін толыққанды әлеуметтік лифт болатынына кәміл сенемін, – деді «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы.

Асхат Ораловтың пікірінше, жас азаматтар қуат-күшімен, Жаңа Қазақстанды құруға белсенді қатысуымен Президент бастамасымен қолға алынып жатқан реформаларды тиімді іске асыруға өз үлесін қосады.

Өз кезегінде қызылордалық делегат Нұрбол Серікпай Съезде партияның жастар қанатын одан әрі дамыту үшін маңызды шешімдер қабылданғанын атап өтті.

– Біздің ұйымның атауы өзгергені – оның 20 жылдан астам уақыт тарихындағы жаңа кезеңді білдіреді. Бүгінде елімізде терең реформалар жүріп жатыр. Жастар осы өзгерістердің бел ортасында болуы тиіс, – деді ол.


Ақмола облысынан келген Зарина Қайыржанның айтуынша, «Jas Talks» алаңында қызықты спикерлер болды.

– Біз өзге өңірлердің жастарымен кездестік. Тәжірибе алмасып, өз идеяларымызбен бөлісіп қана қоймай, басқа қалалардан келген әріптестеріміздің ұсыныстарын талқыладық. Жастар қанатын трансформациялау бағдарламасын ескере отырып, алға қойған міндеттерді іске асыру үшін тың күш-қуат пен ерекше шабыт алдық, – деп атап өтті Зарина Қайыржан.

Нұр-Сұлтаннан келген делегат Ерлан Марат Съезд жұмысының бейресми бөлігін жоғары бағалады.

– Пленарлық отырыстан бөлек, өте мазмұнды бағдарламалар болды. Яғни, ақпараттық тренингтер, семинарлар, қызықты мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды. Алаудың айналасында отырып, гитарамен ән шырқадық, – деп қосты Ерлан Марат.

Естеріңізге сала кетейік, Ақмола облысының Зеренді ауылында өткен Съезд жұмысына барлық өңірден 350-ден астам делегат қатысты. Қатысушылар үшін білім беру тренингтері ұйымдастырылды. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері «Jas Talks» ашық диалог алаңының қонағы болды.

Кезектен тыс VI Съездің шешімімен жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданды. Жастар ұйымының атауы мен Орталық кеңестің құрамы өзгерді.

Суретті түсірген Әли Ғалым

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x