Алакөлге жүретін пойыздарда купе саны көбейді – «Жолаушылар тасымалы» Басқарма төрағасы

Dalanews 30 мау. 2022 15:57 378

Өткен жылы көпшілік ішкі туризмде жоғары сұранысқа ие Алакөл көліне жүретін жолаушы тасымалы вагондарын қатаң сынға алып, жедел пойыздарды іске қосуды сұрағаны есімізде. Халықтың талап-тілеген ескерген «Жолаушылар тасымалы» АҚ биылғы жылы аталған бағытқа екі тальгоны қосты. Бұл туралы ОҚК алаңында өткен брифингте «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Тайжанов Жәнібек Жұмаұлы мәлім етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Біз Алакөл сияқты ыстық нүктелердің бағыттарын жіті қадағалап отырмыз. Қазір Алакөлге 11 бағытта маршрут жүреді. Өткен жылдың проблемаларын есепке алып, биылғы жылы біз барлық вагондарда кондиционерді іске қостық, плацкарт саны азайып, купелер көбейді. Министрліктің қолдауымен, тағы да екі тальго пойызы аталған бағытта жолаушылар тасымалымен айналысады. Өткен жылы жедел пойыздардың жоқтығы қатты сынға салынған еді, – деді Жәнібек Жұмаұлы.

Сондай-ақ, төраға Басқармадағы жаңа өзгерістер мен билеттерді алыпсатарларға қатысты мәселені де атап өтті.

– Стандартты вагондардың 800-і ескі типтегі вагондар, олардың пайдалану мерзімі 28-44 жыл аралығын құрайды. Осы вагондардың 70-ке жуығында кондиционер қосылмаған, қалғандары толықтай жабдықталған. Сондай-ақ, Ұлттық компанияларға 700-ге жуық кондиционер, клиниг қызметін көрсету саласында жаңа стандарттар енгізді. Атап айтсам, жолаушылардың жолға шығар алдында және сапар аяқталғаннан кейін, сапар барысында әр төрт сағат сайын үш рет тазалық жұмысы жүргізіледі. Билеттерді алып сататындарға қатысты айтар болсам, біз қазір жолаушы билеттерін мобильді қосымшалар арқылы сатамыз. Аталған қосымшаның нәтижесі жақсы. Қазір бізде билетке қатысты алыпсатарлық жоқ, – деді ол.


«Жолаушы тасымалы» АҚ халықаралық рейстерді де іске қосқан. Бүгінгі таңда ТМД аумағында 11 маршрут жүреді. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының аумағы бойынша 130-дан астам жолаушылар пойызы жүріп жатыр. Жылжымалы құрам паркінде 2,6 мың жолаушылар вагоны бар, орташа тозу деңгейі 46%.

Соңғы 10 жылда 1,1 мыңнан астам жаңа вагон, оның ішінде 600-ге жуық «Тұлпар-Тальго» вагоны сатып алынған. Ағымдағы жылы тағы 73 вагон сатып алынады. Осыған қарамастан, 800-ден астам вагонның мерзімі 30 жылдан асады, олар сұраныстың өсу кезеңінде пойыздарға қосылады.

Ескірген вагондар мәселесін шешу үшін министрлік бірқатар  шаралар қабылдап жатқандарын алға тартты.

– Еуропалық технологиялар бойынша отандық жолаушылар вагондарының өндірісін ұйымдастыру. Ол үшін швейцариялық Штадлер компаниясы тартылды. Жоба аясында «Тұлпар» вагон жасау зауытының базасында 537 вагон шығару жоспарлануда. Вагондар кемінде 35% оқшаулау деңгейімен, еуропалық сапа стандарттарымен және жаңа технологиялар трансфертімен шығарылатын болады. Мемлекеттік қолдау тетігін енгізу арқылы тасымалдаушыларды вагондарды жаңартуға ынталандыру.


Министрлік вагондарды сатып алуға кредит беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға жыл сайын қаражат бөледі. Соңғы 5 жылда осы бағдарлама аясында жеке тасымалдаушылар 85 вагон сатып алып, салаға 3 млрд.теңгеден астам қарыз инвестициясын тартты, – деп мәлім етті министрлік өкілі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x