Саясат Нұрбек жаңа қызметке сайланды

Dalanews 25 мау. 2022 02:22 127

Түркі мемлекеттерінің білім министрлері ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің төрағасы етіп сайлады, – деп хабарлайды Dalanews.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің 5-отырысына Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Бас хатшысы Бағдад Әміреев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әзірбайжан Республикасының Білім министрі Эмин Амруллаев, Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрі Алмазбек Бейшеналиев, Қазақстан Республикасының Білім министрі Асхат Аймағамбетов, сондай-ақ ТМҰ елдерінің елшілері қатысты. Жиынға қатысушылар Кеңестің жаңа басшысын сайлады, сонымен қатар білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық қарым-қатынас мәселелерін талқылап, Түркі академиясының ғылыми жобаларының бағыттары мен 2022 жылға арналған іс-шаралардың жоспарын бекітті. Түркітілдес бес мемлекеттің ғалымдарын біріктіретін ең беделді халықаралық ғылыми ұйымның Ғылыми кеңесін алғаш рет Қазақстан өкілі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек басқарады.

– Түркі әлемі өзінің ұлы ғалымдарын, сәулетшілерін, ақындарын, сазгерлерін мақтан тұтады. Сонымен бірге Ұлы Дала ежелден Еуразия аумағындағы интеграциялық процестерде шешуші рөл атқарды. Көшпелі өркениеттің арқасында Батыс пен Шығыс халықтары өзара біліммен және технологиямен алмасу мүмкіндігіне ие болды. Бүгін біз атақты ғалым, ағартушы, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы, Ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімін абыроймен еске аламыз, ол бүкіл саналы ғұмырын түркі мемлекеттерінің әлемдік кеңістікте лайықты орын алуына арнады, – деді Саясат Нұрбек.


Ғылыми кеңес отырысында білім министрлері алдағы уақытта түркі әлемі туралы оқулықтарды жарыққа шығаратын болып келісті. Атап айтқанда, «Жалпы түркі тарихы», «Түркі әлемінің географиясы» және «Жалпы түркі әдебиеті» оқулықтары түркі елдері ғалымдарының ғылыми еңбектері мен зерттеулері арқасында көпшілікке танымал болған бірегей дереккөздер негізінде түркі әлемі туралы ортақ түсінік қалыптастыратын болады.

Дәл осы күні Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған конференция Назарбаев Университетінде өтіп, аталмыш жиын барысында Халықаралық Түркі академиясы дайындаған бірқатар басылымдардың тұсаукесері болды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x