«Алатау» дәстүрлі өнер театры гастрөлмен Нұр-Сұлтанда

Dalanews 21 мау. 2022 04:13 266

Ринат Рифхатұлы Заитовтың басшылығындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры төл өнеріміздің орнын айшықтай түсу, қанатын кеңге жаю мақсатында 2022 жылдың 10-28 маусым аралығында «Әгугай мен Игигай» атты халық ертегілері мен дәстүрлі әндерден құралған балаларға арналған музыкалық қойылым (2022 – Балалар жылы аясында), «Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші, айтыскер ақын Ринат Заитовтың «Мен сендерді жақсы көремін, адамдар» атты музыкалық кеші, сондай-ақ «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен (премьера) Нұр-Сұлтан, Павлодар, Екібастұз, Семей, Курчатов, Абай және Аягөзге гастрөлдік сапарлармен баруды жоспарлаған болатын.

Бұл сапардың Театр үшін тұңғыш рет екенін айта кеткен жөн. Театрдың көркемдік жетекшісі – Жұлдызбек Жұманбай.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының жаңа форматтағы қойылымдарына көрермендер тәнті болып, ақ жарма тілектерін айтып, ой-пікірлерін ортаға салды:

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов: «Алатау» дәстүрлі өнер театрының Елордамыздағы алғашқы гастрөлдік сапары сәтті болды деп ойлаймын. Барша жұртшылыққа дәстүрлі өнерімізді, мәдениетімізді жоғарғы деңгейде көрсетті. Осындай таланттар бар жерде біздің өнеріміз мәңгілік болады. Өнер иелерінің еңбектерін әрқашан бағалап, Мемлекет басшысымен қолдау бойынша жұмыстарды бірге атқарамыз деген сенімдемін. Театр ұжымына өз атымнан шексіз алғысымды айтамын. Әрқашан биікте болайық!».

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров: «Қойылым-концерттен керемет әсер алдым. Біздің салт-дәстүріміздің, төл мәдениетіміздің жаңа көрінісі. Ең алдымен осы ұжымды құттықтаймын. Екіншіден, осы бір тың бағыттағы қойылымдарды Қазақстан бойынша насихаттау керек. Табыстарға жете берсін, біз де көмектесуге дайынбыз және тілектеспіз».

«Жастар» театрының директоры, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әділ Ахметов: «Алатаудың бөктерінен, Алматыдан келген «Алатау» дәстүрлі өнер театрының «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын тамашалап, бір рахаттанып қалдық. Осы орайда Ринат Заитов пен Жұлдызбек Жұманбайдың үлкен ерлікке барғандарына куә болдым. Тура кешегі Жұмат Шанин, Темірбек Жүргеновтердің істерін атқарып отыр. Өйткені актерлер бар, дәстүрлі әншілер бар, бишілер бар, барлығын біріктіріп, ұжым етіп, бір дүние қылып шығару үлкен еңбек. Әріптестеріме алғысымды білдіремін. Театрдың болашағы зор. Қазақстанда мұндай ұлттық театр мәңгі өмір сүреді. Біздің өнеріміздің ең шыңында тұру керек деп есептеймін. Сәттілік!».

М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры Ернар Жұматаев: «Бүгінгі «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы өзінің ерекшелігімен өтті. Елорда төрінде, «Жастар» театрында көрермендердің қуаныштарында шек жоқ. Режиссердің өзіндік шешімі бар. Актерлерден бөлек, дәстүрлі әншілер және т.б. қатысты. Театрдың алға қойған мақсаты бар, өзіндік стилі бар. Қоғаммен байланыстыра отырып, біраз айтар ойы болды».

«А. И.» театрының директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, актриса Айгүл Иманбаева: «Біріншіден, мен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының тілекшісімін, көрерменімін. Шынын айту керек. Елордаға келді дегенді естіп, жұмысымды тастай салып келдім. Театрдың өзінің стилистикасын қалыптастырып келе жатқанын бүгін «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясынан көрдік. Біздің салт-сана, әдет-ғұрып, қазақтың ырымы, қазақтың қанына біткен қасиеттері, тіпті бала күнімізде ойнаған жоғалып кеткен ойындарымыз, жалпы қазақтың болмысы «Айман-Шолпан» қойылымында қамтылған. «Айман-Шолпан» бұрыннан қойылып келеді. Бірақ қазіргі алмағайып заманда бұл қойылым жаңаша бағытта болды».



Театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин: «Ең алдымен Алатау» дәстүрлі өнер театрын «Айман-Шолпан» пермьерасымен құттықтаймын. Өзінің жанрында, өзіндік бағытында қойылды. Өз мақсатына өз деңгейінде жетті деп ойлаймын. Көрермендердің көңілдерінен шықты. Ыстық ықыластарын алып отыр. Мұндай театр елімізге керек. Әрқашанда қолдаймыз. Насихаттаймыз. Еліміз бойынша араласа екен деген тілегіміз бар. Бұл театрда көп нәрсе жатыр. Біздің тарихымыз жатыр, ұлттық құндылықтарымыз жатыр. Ұжымды құттықтаймын. Ақ жол, сәттілік тілеймін. Пермьералар көп болсын. Үлкен-үлкен мерекелерде, фестивальдерде кездесе берейік».

Ақын Иранғайып Күзембаев: «Алатау» театры керемет бір демалыс сыйлады. Барлығына рахмет. Өнерлері өрге бассын. Шын мәнінде аттарына заттары сай болып, Айман мен Шолпанның өздерін көргендей болдық. Көтібар болсын, қайсысын алсақ та өздерінің шеберліктерін көрсетті. Оған куә бүгінгі көрермендердің қошеметтері. «Алатау» дәстүрлі өнер театры жасай берсін».

Қуаныш Жұмабекұлы,


«Алатау» дәстүрлі өнер театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x