"Назарбаев әулетінің шетелдегі капиталы елге қайтарыла ма?". Қошанов жауап берді

Dalanews 15 мау. 2022 09:37 229

Назарбаев әулетінің шетелдегі капиталы елден астыртын шығарылғаны анықталса, бұл қаржы Қазақстанға қайтарылады. Бұл жөнінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Оның атап өткеніндей заң алдында азаматтардың бәрі тең. Одан Назарбаев әулеті де аттап өте алмайды.

"Экс-президенттің шетелдегі капиталы мен дүние-мүлкі кері қайтарыла ма?" деген сауалға жауап қатқан Қошанов:

"Егер қаржы астыртын, заңсыз жолмен шығарылса, кім болса да заң алдында жауап береді. Ол туысқан ба, туыс емес пе, лауазымды қызметкер ме, оның бәрі заңның алдында жауап береді және заңсыз шығарылған қаржының бәрі қайтарылады. Алайда, қайталап айтамын, оның өзінің алгоритмі бар, бұл өте күрделі процес", - деді.


Мәжіліс төрағасы жақында президент Тоқаевтың жарлығымен шетелге заңсыз шығарылған капиталды қайтару бойынша комиссия құрылғанын еске салды. Ол тек президентке бағынады және оған есеп береді.

"Сондықтан комиссияның жұмысын күту керек. Әрине, ол шетелге кеткен ақшаны қайтару оңай жұмыс емес. Себебі Қазақстанда да, шет елде де ақшаның заңсыз жолмен алынғаны дәлелденуі тиіс", - деді Қошанов.

Бүгін Мәжілісте "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері туралы" заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Бұған дейін Тоқаев "экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) құру туралы" жарлық шығарған. Комиссия елден заңсыз шығарылған ақшаны Қазақстанға қайтарумен айналысады.

Сондай-ақ заңсыз жолмен алынған экономикалық ресурстардың монополиялық (олигополиялық) шоғырлануын анықтайды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыроватың мәлім еткеніндей тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстаннан, шамамен, 100 млрд доллар заңсыз шығарылған.


https://dalanews.kz/sadak/60052-ar-norvegting-shotynda-190-myng-dollar-bar

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x