Ақтау қаласының прокуроры халықты алаяқтарға жем болмаудың амалын айтты

Dalanews 14 мау. 2022 16:18 275

Ақтау қаласының прокуроры Берік Құлмағамбет көпшілікке үндеу жасап, алаяқтарға жем болмаудың жолын көрсетті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

1). Қазіргі таңда Полициямен азаматтарды алдап көлік несиесін рәсімдеген алаяқтар тобына қатысты іс тергелуде.

Аталған іс бойынша өңіріміздің тұрғындары ақшалай сыйақы алып, өздерінің аттарына миллиондаған несие рәсімдеп, көліктерді алаяқтардың қолына берген.

Мұндай жағдайдан аулақ болудың жалғыз жолы – ол ешқашан, кез келген сыйақыға, біреу үшін өз атына несие алмау.

 

2). Алаяқтықтың ең көп тараған түрі - банктік алаяқтық.

Сізге қоңырау шалып, алаяқтар өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, сіздің шотыңыздан біреу ақша алуға әрекеттеніп жатырғанын хабарлайды.

Шын мәнінде, сізді алдап, банк картасының нөмірлерін, құпия сөздерді алып кедергісіз сіздің ақшаңызды ұрлайды.

Мұндай жағдайларда не істеу керек?

Бірінші. Телефон арқылы банктік карталар мен шоттарға қатысты ақпаратты ешкімге бермеңіз.

Есіңізде болсын, ешбір банк немесе органдардың қызметкері ешқашан сізден жеке банктік ақпаратты сұрамайды!

Екінші. Мұндай әрекеттер туралы полицияға немесе банктің қауіпсіздік қызметіне хабарлаңыз.

Қажет болса, банктің жақын жердегі бөлімшесіне хабарласыңыз.

 

3). Өңіріміздің ерекшелігіне байланысты мұнай компанияларына жұмысқа тұрғызамын деген қылмыстық істер жиі тіркелуде.

Азаматтар алаяқтарға алданып жұмысқа тұрамын деген ниетпен сыйақы беріп өз ақшасынан айырылады.

Сол себептен, осындай ұсыныстар түскен жағдайда барлық сұрақтарыңызбен тек жұмыс берушінің кадр бөліміне ресми түрде хабарласу қажет.

 

4). Соңғы кезде жөндеу жұмыстарын, жиһаз, баспалдақ жасаймын деген алдау фактілері орын алуда.

Осындай жағдайларда алаяқтар жұмыс жасауды көздемейді, тек көзбояушылықпен айналысады.

Мұндай алдаудың құрбаны болмау үшін:

Біріншіден, сенімді адамдармен байланысыңыз, олардың ұсыныстары мен пікірлерін пайдаланыңыз.

Екіншіден, жұмыс тәжірибесімен, бұрынғы жұмыстарының фото-бейне жазбаларымен танысыңыз.

Олардың сайттарын, әлеуметтік желідегі парақшаларын зерттеңіз, ашылған күніне назар аударыңыз, комментарийлерді оқыңыз.

 

5). Қылмыстың келесі түрі мессенджерде топтар мен чаттар арқылы жасалады.

Әдетте, «Пайда», «Миллионер» және т.б. әдемі атаумен топ құрылады.

Бұл топта сізге өз үлесіңізді көбейтуге уәде беріледі.

Бастапқы кезеңде кейбір сомалар шынымен де түсуі мүмкін.

Бұл сіз арқылы басқа адамдарға жарнамалау үшін жасалады.

Уақыт өткен соң үлкен соманы жинап, топты құрушылар сізбен байланысты тоқтатып, ақшаңызды ұрлап ізін суытады.

Осыған байланысты сізден сұрайтыным:

- мұндай топтар мен чаттарға қосылмаңыз;

- егер сіз топта болсаңыз, қаржы салуды және басқа азаматтарды шақыруды тоқтатыңыз;

- егер сіз алданған болсаңыз, бұл туралы жақындарыңызға айтыңыз, қауіпті ескертіңіз;

- осындай фактілердің барлығын полицияға хабарлаңыз.

Құрметті азаматтар, бұл үндеу көпшіліктің назарын аудару үшін,  таныстарыңызға жолдауға мүмкіндігін беру үшін және қазіргі қауіптер туралы ескерту ретінде арнайы видео-форматта жасалған.

Тағы да ескертемін, сіздің қауіпсіздігіңіз өз қолыңызда.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x