"Мәсімовпен бірлесіп, кәсіпкерді алқымнан алған". Әбдірахымовтың үстінен іс қозғалды

Dalanews 08 мау. 2022 13:06 302

Алматы полициясы Шымкентің бұрынғы басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың үстінен ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша іс қозғалғанын растап, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Қалалық полиция департаменті Қ. есімді азаматтан Ғабидолла Әбдірахымовқа қатысты арыз түскенін растады.

"Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігімен (алаяқтық, бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену) сотқа дейінгі тергеп- тексерудің бірыңғай тізімінде тіркелді.

Қылмыстық іс бойынша өндірісті Алматы қаласы қылмыстық іздестіру департаментінің тергеу басқармасы жүргізіп жатыр.

Оның қорытындысы бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады", – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

...

Ал ZTB телеграм-арнасының жазғанындай Шымкенттің экс-әкімінен бөлек, қазір қамауда жатқан ҰҚК-ның экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтың үстінен де арыз түскен.

Мәсімов пен Әбдірахымовқа қатысты шағымды Alageum Group компаниясының қожайыны Сайдолла Қожабаев жолдапты. 


Оның айтуынша Шымкенттің экс-әкімі мен ҰҚК-ның экс-төрағасы және тағы бірнеше адам Қожабаевтан 2-3 млн доллар талап еткен. Былайша айтқанда, рейдерлікпен айналысқан.



Кәсіпкер әлгі қаражатты тауып беруге мәжбүр болған. Мәсімов пен Әбдірахымов бастаған топтың кәсіпкерді не үшін бопсалағаны айтылмайды.

...

Бұған дейін мамыр айының ортасына таман журналист Михаил Козачков "Мәдениет және спорт экс-вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымовтың үстінен "рейдерлік" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын» хабарлаған еді.

Алайда бұл ақпаратты Әбдірахымовтың өзі жоққа шығарып, үндеу жасаған.

Ғабидолла Әбдірахимов 1975 жылы 23 қаңтарда Қазақстанның оңтүстігінде дүниеге келген. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінен экономист-бухгалтер мамандығын алып шығады. 1997-1999 жылдары «Болашақ» бағдарламасы бойынша Неміс Жоғары мемлекеттік басқару мектебінде оқиды.

Төрт тілді меңгерген Әбдірахимов әр жылдары Қазақстанның лауазымды қызметтерін атқарды. Атап айтсақ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігін, ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігін басқарды, Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысы, Қазақстан Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары болды.

Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарды. «Нұр Отан» партиясының хатшысы, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі болып та қызмет атқарды.

2019 жылы 30 шілдеде ол Шымкент қаласының әкімі қызметінен алынды.

Сол кездегі Президент Әкімшілігін басқарған Қырымбек Көшербаев Ғабидолла Әбдірахимов туралы: «Оны еліміздегі ең лауазымды әрі жауапты қызметтерге тағайындады. Өкінішке қарай, мұны өзі жеткілікті түрде ұғынған жоқ», - деп пікір білдірген.


"Зың-зың" әкім әзір жұмыссыз. Әлемжелідегі соңғы жазбаларының бірінде Әбдірахымов президент Тоқаевтың саясатын қолдайтынын айтқан.

"Референдум — демократияның маңызды институты екенін ескерсек, енді халықтың талап-тілегі тікелей ескеріліп, орындалмақ! Басты жеңіс — осы", – деген еді Шымкенттің экс-әкімі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x