Әрбір сапарға шыққан сайын есейтіп, шыныға түсемін – жас жүргізуші

Dalanews 18 қыр. 2022 11:40 308

Dalanews.kz ақпараттық агенттігі бiлiм мен ғылымда, өнер мен спортта, кәсiпкерлiк салада бағын сынап, ел намысын ту етіп көтерген жастар турасында үзбей жазып келеді. Бірақ жастардың бәрі спортшы, өнер иесі болмайтыны анық. Олардың арасында қарапайым еңбегімен ел назарын аударып, өз ортасында сый-құрметке ие болып жүрген азаматтар да баршылық. Бүгін біздер 60-70 тонналық ауыр жүк көлікгімен ондаған тонна жүкті ел ішінде, қала берді сырт елдерде тасымалдап жүрген жігерлі жас – Нұрбол Төлегенов жайында әңгіме қозғағанды жөн санап отырмыз.

Жастығына қарамастан алыс жолдын қызығы мен шыжығын бір кісідей көріп жүрген Нұрболмен көптен бері әңгіме-дүкен құруды ойлап жүрген едік. Іздегенге сұраған дегендей, Нұрболдың өзі бізге хабарласып, Үрімжіден Алматыға кіре тартып, қала сыртындағы қоймаға жүк түсіріп жатқанын айтты.

Бұдан кейін біз де жүк сақтайтын қойманы бетке алып жөнеп бердік. Бет жүзін жел қағып, дархан даланың төсінде айқыш-ұйқыш із қалдырып үлгерген Нұрбол бізді күлімдей қарсы алды.

Алыс жолдан жүкті діттеген жеріне жеткізген жас жігіттің жүзіне көз салғанымызда оны аздап жол соғып, шаршағанын аңғарғандай болдық. Дегенмен жүк көлігін тізгіндеп, талай түнді ұйқысыз өткізген өреніміз сыр алдырған жоқ.

Нұрболаға Dalanews.kz ақпараттық агенттігінің жүздеген мың оқырманына еңегімен ел дамуына өз үлесін қосып жүрген жастар турасында жазып таныстыруды мақсат тұтқанымызды түсіндіргенімізде ол қасын керіп, «мені интернт пен әлеуметтік желінің жұлдызы қылмақсыздар ма?» деп ақсия күлгенде күнге тотыққан жүзінде бір қуаныш сезімі жүгіріп өткендей болды...

Ел дамуына еселі еңбегімен үлес қосып жүрген жас жігіттің төтеден қойған сұрағына күлімдеп басымызды изей бердім. Алатаудан ескен самал ауаны құшырлана жұтқан Нұрбол әңгімесін бастап кетті.

– Менің көлікке жастайымнан құмар болуыма әкем – Манастың ықпалы зор болды. Өйткені ол талай жыл көлік жүргізіп, көптеген сапарларға шығып, жұрттың алғысына бөленген адам. Оның үстіне кез келген ер бала балалық шағында көлік жүргізуді арман етпей ме? Көлікке мінген адам жер көріп, көзайым болады. Оның үстіне әкеміз барған жерлері жайында, жол бойы бастан өткерген қызықты оқиғалары жайында сапардан оралғанда бізге майын тамызып тұрып, әңгімелеп бертін-ді.

Шешеміздің әкемізді күтіп, талай түндерді ұйқысыз өткізгені әлі есімде. Бірақ сол бір сағыныш әкеміз үйге кіріп келгенде шегіне жетіп барып, басылатын. Ал әкеміз болса, мойнына асылған біздерді құмары қанғанша иіскеп, Аяз ата сияқты әкелген базарлығын тартып мәре-сәре болатын. Сол түні біздің үйдің шамы түн ортасы ауғанша сөнбеуші еді. Бүкіл әлемнің қуанышы біздің үйге қонаққа келгендей күй кешуші едім. Осындай тәтті сезімдер менің темір тұлпарға деген қызығушылығымды оятты, – деп балалық шағын еске алған Нұрбол әңгімесін әрі қарай жалғады.


– Ержеткен сон бiлдiрмей, тиiп қашып әкеміздің көлігін айдап шығатыным әлі есімде. Ауылда машинаны жасырып айдап шығудың өзі романтика екенін өзіңізде білетін шығарсыз? Осылайша 18 жасқа толып, мектеп бітіргенде аттестат пен жүргізушілік куәлік қолыма қатар тиді. Содан бері темір тұлпардан тақымым ажыраған жоқ. Көлікті жүргізе білу үлкен өнер. Бұзылған жерiн дәл тауып, жөндеу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ал мен әкемнің арқасында көлік жөндеуді тез меңгеріп алдым. Менің туған жерім жазиралы Жаркент өңiрiн тоғыз жолдың торабы деп атаса болады. Бүгінде Қазақстан мен Қытайдың арасында күн сайын жүздеген жүк машиналары ерсілі-қарсылы тынбай ағылып жатады. Сондықтан біздің жақтың жастары темір тұлпарды тақымдап, алыс сапарларға шығуға жаны құмар. Қазір мұны логистика деп атап жүр ғой. Ұзақ сапарларға шыққалы бері еліміздің жүк тасымалдау саласында мүмкіндігі орасан зор екенін байқап жүрмін. Біздің Жаркент өңірі сауда-саттыққа, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруге қолайлы аймақ. Тәуелсіздік жылдары елiмiзге ентелей енген нарықтық қатынастар да жазиралы Жаркент жерін жатсынбағаны белгілі.

Сол кезде Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген саудагерлер Қытайдың саудасын қыздырған еді. Дәл осы уақытта әкеміз жүк тасып, отбасын асырауды кәсіп қылған болатын. Тәуелсіздіктің арқасында қазір біздер елiмiздiң транзиттік мүмкіндігін өз пайдамызға жаратып отырғанымызға дән ризамын. Бұған шүкіршілік айтуға тиіспіз. Осы 30 жылда елімізде түрлі мамандықтар пайда болып, оны жас тардын жатсынбай, бірден игеріп кетуін Тәуелсіздіктің үлкен жемісі деп білемін. Сан түрлі кедергілер мен ауыр сындарға қарамастан, қол жеткізген Тәуелсіздiгiмiз әрбір жастың жүрегін айрықша толқынысқа бөлейтіні хақ. Осы бір шынайы сезім өзіңді туған еліннің патриоты екеніңді сезіндіреді. Біздер еліміздің экономикасын, ғылымы мен мәдениетін көтеріп, дамытуымыз керек. Қазір біздің мемлекетіміз не істесе де, не атқарса да бәрін жастарға арнап жатыр.

Демек, біздің буын ортақ Отанымыз Қазақстанның оттанда ыстық екенін біліп жүруі тиіс, – деген Нұрболдың сөзінен біз тәуелсіз елдің жастарының қаншалықты ұлтжанды екенін аңғарғандай болдық. «Атың барда желіп жүріп ел таны» деген бабалардың қанатты сөзін берік ұстанған Нұрболдан еліміз бен шетелдегі жолдар жайында да сыр суыртпақтадық.

– Қытайдан тиеп шыққан жүкті Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанға жиi тасымалдап жүрмін. Қытайға барғанда көбінде ақылы автобамдармен жүреміз. Олардың жолына және оны күтіп ұстауына қандай да бір мін таға алмайсын. Жол бойындағы қызмет көрсету сапасы да жоғары. Егер жол бойында доңғалағыңыз жарылып, көлікті дамкратпен көтеріп, доңғалақ ауыстырғанда жолға алақандай зиян келтірсеңіз, автобамды әрбір 50-100 шақырым сайын бақылайтын транспорт кызметкерлері жедел келіп, қаншалықты жерді бүлдіргеніңді анықтап, оны қайта жөндеу үшін қанша шығын шығатынын сол жерде есептеп, айыппұл жазылған қағазды қолыңызға ұстатады. Айыппұлдың мөлшері өте қомақты. Сондықтан Қытайдың аумағына кіргенде өте сақ боламыз.

Осыдан біраз уақыт бұрын бір оқиға болды. Қазақстандық жүргізуші Үрімжіден жүк тиеп кері қайтып келе жатқанда көлігі бұзылған соң, ағамыз сол тұрған жерінде көлігін жөндей бастайды. Өзіңізде білесіз, көлікті жөндеген жерге май тамып, қолың майға шыланатыны белгiлi. Бiзде жолға майды шелектеп төксең де, ешкім ештеңе демейді ғой. Сондықтан әлгі ағамыз алаңсыз көлігін жөндеп жатқанда, жолдың күтіміне қарайтын транспорт қызметкерлері келіп, жолға тамған майдың жиырма тамшысын санап, сол жерде 700 доллар айыппұл салғанда, ішкі Қытайдың тәртібін жетік білмейтін ағамыз айран-асыр болған ғой. Содан амалсыз айыппұлды төлеген. Осыдан-ақ, Қытайда жолға қалай күтім жасайтынын байқау қиын емес.

Мұндай қатаң талаптар қоғамда заңдылықтардың сақталуын қамтамасыз ететіні белгілі. Бүгін асфальттың бетіне май тамшылатқан адам, ертең жолға шелектеп төкпесіне ешкім кепілдік береді. Ал мұның соны жол көлік оқиғасын ұрындыратыны айтпаса да түсінікті. Жолға тамған жиырма тамшы май үшін айыппұл төлеген әріптесімнің әрекетіне кейбіреулер күлуі мүмкін. Меніңше, бұл жерде күлетін дәнеңеде жоқ. Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмас» деп бекер айтпаған ғой. Кез-келген тәрбиенің бастауында қарапайым талап жататыны белгілі.


Дана халқымыз шектен шыққан есерге ес кіргізіп, тентекті тезге салып отырғанын тарихтан білеміз. Бұл бір адамның немесе бір отбасының емес, бір рулы елдің, бүкіл ауылдың міндеті болған. Сондықтан тәртіпке мойынсұну, сөзге тоқтау Қазақ халқынын канында бар. Шығыстағы көршілерімізден үйренетін іс өте көп. Олардың айдаладағы автобамдарды күн сайын жуып тұратынын мұндағы жұртқа айтсаң, сендіре алмайсың.

Қытайдың жолымен түнде жүргенде екі қапталдағы шамдар таң атқанша жарық шашып тұрады. О баста миллардтаған халқына қуат көзін жеткізе алмай отырған Қытай билігінің жол бойына шам жағып, қай сасқаны деген ойға қалған едім. Сөйтсем оным бекер болыпты. Жол бойындағы шамдар ешқандай қуат көзіне жалғанбаған, күндіз күн көзінен қуат алып, айналаны қою қараңғылық басқанда шамдар өздігімен жанып, түні бойы жол бойына самаладай жарық беріп тұрады. Міне, дәл осындай шамдарды бізде орнатуымыз керек. Бұл үшін соншалықты ақыл-ойдың қажеті жоқ.

Көрші елдермен алыс-берісіміз бен барыс-келісімізді жандандыру үшін салынған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бұрынғы Жібек Жолының орнын басқаны анық.

Бүгінде Үкімет республикалық маңызы бар жолдарды шетінен жөндеп, тіпті кейбіреуін күреп тастап жаңадан салып жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан ауызды қу шөппен сүрте берудің қажеті жоқ. Сөзіміз дәлелді болу үшін айтуға тиіспіз, қазір өзім туып-өскен Жаркент өңірінде ауыл арасындағы жолдар біртіндеп жөнделініп жатыр. Елiмiздегi күре жолдардың бойындағы қызмет көрсету сапасы да ешқандай елдікінен кем емес. Көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстанға барғанда жол бойынан демалып, саялайтын көлеңке таппай, қиналасаң. Ал бiзде 50 шақырым сайын асхана мен жанар-жағармай құятын стансыларды кездестіруге болады. Өзіміздің кең даламызбен жүргенде, көлігің сынып, жайсыз жайттарға тап болсаң жұрттың бәрі көмек қолын созуға даяр. Жер бетінде дархан мінезді Қазақ сияқты кеңпейіл халық жоқ шығар. Қазақстанда жүк көлігін жүргізіп, ары-бері жүк тасудың өзіндік машақаты жетіп артылады.

Мәселен, біздің солтүстік, шығыс аймақтарда қыста жүрудің өзі мүмкін болмай қалатыны белгілі. Алысқа бармай-ақ, мына Жоңғар қақпасын алайықшы, қыста бара қалсаңыз үскірік боран 4,5 метрлік жүк машинаңызды қарға көміп тастайды. Әй, мұндай қатал табиғатқа Еуропа мен Қытайдың қала берді көрші Орталық Азия елдерінің шопырлары шыдамайтын шығар?.. Омбы қарға малтығып, талай жолда қалған кездеріміз болды. Еліміздің құтқару қызметінде жұмыс істейтін апайтөс жігіттер әлденеше рет келіп, азық-түлігі мен жанар-жағармайын әкеп, жанымызды алып қалғанын қалай ұмытуға болады? Иен далада жатып біздер мемлекеттің қолдауын осылайша сезіндік. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметінің жiгiттерiне алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді Нұрбол.


– Әрбір сапарға шыққан сайын есейтіп, шыныға түскендей болам. Тағы да ауылға жеткенше асығам. Елдің, туған жердің қадірін сыртта жүргенде біледі екенсің. Мына іргеміздегі Қытайға сапарлағанымда анамның тамағын сағынамын. Ғаламат жол салған Қытайдың тамағы маған о бастан-ақ ұнаған жоқ. Қысық көзді көршiлерiмiз тамақтарына химиялық дәрінің күшімен өскен өсімдіктерді пайдаланады. Ол жақта Қазақстаннан жеткізілген тағамдар үлкен сұранысқа ие. Өйткені, біздің елімізде, жерімізде өскен астық пен жеміс-жидектің бәрі табиғи ғой. Сол себепті Қытайға барғанда ауылдың асын сағынамын, – дейді жастайынан еңбекке араласқан Нұрбол.

Ол әңгіме соңында алдағы уақытта отбасын құрып, еліміздің демографиясына үлес қосқысы келетінін де айтты. Қалындық та дайын болса керек. Нұрболға сайтмыздың жүзлеген мың оқырмандары атынан бақыт тіледік.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x