Ресей аумағы арқылы қазақ мұнайын экспорттау толықтай қалпына келді

Dalanews 28 мам. 2022 04:15 91

Каспий құбыр желісі консорциумының (КТК) мұнай айдау мүмкіндігі қалпына келді, қазақстандық мұнайды қабылдау бұрынғыша толық жүзеге асып жатыр.

Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов КТК бас директоры Николай Горбанмен кездесуден соң осылай деп мәлімдеді.

– КТК-ның теңіз терминалындағы зақымданған құрылғылар жөнделгеніне қуаныштымыз. Кедергі жойылып, енді Қазақстан мұнай өндіру қуатын толық қалпына келтіреді, – деп мәлімдеді Әлихан Смайылов.

Қазақстанның Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған ірі кен орындарында өндірілген мұнай КТК арқылы экспортталады. Қазақстан үкіметінің мәліметінше, 2021 жылы осы құбырмен 53,1 миллион тонна, ал биылғы қаңтар-сәуір айларында 18,7 миллион тонна қазақ мұнайы тасылды.

Биыл наурызда Новороссийск түбіндегі портта КТК-ның жағалаудағы екі құрылғысы істен шығып, мұнай айдау көрсеткіші шектелді. КТК арқылы ағатын мұнайдың шамамен 90 пайызы Қазақстаннан келеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x