Back

Айдары Бауырымдай болған Бауке еді

Тоқсаныншы жылдары Торғай облысы екінші рет ашылды. Жаңадан өз алдына құрылып жатқан облыс болғандықтан жан-жақтан мамандар жиналды. Қызмет бабымен мен де бардым. Баукемен сол тарихы да, тағдыры да өзгеше өңірде жүздестім. Тілдесе келе екеуміз де Көкше өңірінің тумасы екенімізді білдік. Мен Тайынша ауданының Ынталы ауылынан болсам, ол Шортан ауданының Мәдениет елді мекенінен екен. Жерлестігіміз бір басқа, екеуіміздің ой-пікіріміздің үндестігі, көзқарасымыздың үйлестігі жақындаса түсуімізге себеп болды. Келе-келе ағалы-інілі бауырлардай араласатын болдық.

Баукеңнің менен бір жас айырмашылығы болатын. Жас сыйлап, ілтипат көрсету атам қазақтың қасиеті емес пе, кішілік ізетімнен аса алмай жүретін әдетім ғой, содан бір күні ол маған күле қарап:

– Әй, Төке, сен менен бар-жоғы бір-ақ жас кішісің. Бабаларымыз «бес жас бел құрдас, он жас ол да құрдас» демей ме? Маған «сіз» деуден жаңылмайсың. Оған бола құрметіміз азайып қалмас, сен деп айта берсеңші, – деген.

Сол сәт мен де сөз тапқан сыңаймен:

– Бауке-ау, солай болғаны өзіңізге жақсы емес пе? Аға тұтып, ізет сақтап иіліп тұрсам, керек кездің бәрінде, күн демей, түн демей қалаған шаруаңызға жүгіртіп жұмсай аласыз, – деп едім: – Ол жағы да бар екен, дегенмен құрдастың құны бір дегенді де ұмытпайық – деп, риясыз көңілмен күліп алды.

Баукең қайта түлеген Торғай облысы Ұлттық Қауіпсіздік департаментін басқарса, мен Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқардым. Кейін Қарағанды облысында да екеуміз екі жүйеде қызмет істедік.

Арада біраз жыл өткен соң, Атырау облысындада осылай екеуіміз екі жүйені басқардық. Одан кейінде қызмет бабымен барған облыстарда жұмысымыз осылай жалғасты. Екеуімізде генерал-майор шенін алдық.

Әңгімеміз үйлесіп кететін. Солай сыйласып, сырласып жүруді Жаратушы иеміз маңдайымызға жазған екен. Өзіміз ғана емес отбасы, бала-шағамыз да етене араласты. Ақ дастарханнан татқан дәм-тұзымыз одан да жақындастыра түсті.

Қай кезде де азаматты ажарландыратын әйелі ғой. Шәкең – Шәмшібану жеңгеміз ғажап кісі еді. Өмірін ғылымға ғана емес, арқа сүйер азаматына да арнады. Екеуі ел қызығатын ғажап отбасы болды. Іңкәр, Нұрдидар, Айнұр атты балалары жарасып, жайнап өсті. Оларға тағылымды тәрбие берді. Баптай білгендерінің арқасы, бәрі де өте жақсы деген бағаларға оқыды. Өнегелі болып есейіп, Іңкәр мен Айнұр мектепті алтын медальмен, жоғарғы оқу орнын қызыл дуипломмен бітірді. Екеуі де экономика ғылымдарының кандидаты болды. Кейін алған білімдеріне орай өз салаларының білгірлері болды. Бұл бір жағы болса, екінші көңіл толтырып айтатыным – өмірлік сыңарларын тауып, барлығы бір-бір үй болып кетті. Баукең мен Шәкең бұрын ұл-қыздары үшін өмір сүрсе, енді өмірлерін ұзартатын немерелер үшін тірлік кешетін жағдайға жетті. Тұңғыш немересі Хан-Темір, одан кейінгі Нәйлә, Фарангиз, Ибраһим, Абай ата мен әженің аялы алақан табымен еркелеп өсті. Олардың бәрі бүгінде есейген, жоғары білімді маман, тәуелсіз еліміздің белді бір-бір тірегі болуға лайық азаматтар. Соған қарап, ата-ананың армандарын ұзартып, еңбектерін ақтағанына іштей марқайып, мәз болып отырамын.

Уақытта тоқтам болмайды. Қызметтің бабымен еліміздің әр облысында жүріп зейнет жасына келгенімізді білмей де қалдық. Оған күнделікті қарбалас жұмысымыз да себеп болды. Осының сыртында отбасындағы үйлескен, шуақты күндеріміздеоң ықпал етті. Жарасып, жайдары ғұмыр кештік. Әрине, қызметтің біз үшін өте жауапты болғаны күмәнсіз. Сол жауапкершіліктің жүгін жеңілдетіп алмасақ дедік. Шүкір, бәрі абыройлы болды. Құрметті демалысқа құрметті болып шықтық. Зейнеткерлік өмірдің тәтті дәміне тамсанып алаңсыз жүрген күндердің бірінде аяулы Шәкең өмірден озды. Бұл 2016 жылдың 31 шілде еді. Жүрегім шым ете түсті. Солай болатынын қанша жерден күтіп жүрсең де, мұндай нәрсеқатты әсер етеді екен.«Қимасымыз болып кеткен қайран Шәке, шынымен-ақ жағдайдың осылай болғаны ма?» деген ой санамды инеше сұққылады. Сәл үнсіздіктен соң Бауке «жағдайы нашарлап жатыр» деді. Осылай Шәмшібану Әбішқызынан айырылып қалдық.

Шәкең бүкіл өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз еді.Жәй ұстаз емес, ұстаздардың – ұстазы! Әйгілі ҚазМУ-дың түлегі. Университет аудиториясынан түлеп ұшқан соң Алматы шетел тілдері институтында қызмет істейді. Осы институттың аспирантурасынтәмамдайды. Абай атындағы ҚазПИ-дің қазақ тілі кафедрасында оқытушылық қызмет атқарады. Одан кейін, екі жылдай өзі білім алған ҚазМУ-де дәріс береді. 1994 жылдың қарашасынан Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институтта кафедра меңгерушісі, араға уақыт салып деканы болады. Баукенің қызмет ретімен Қарағандыға ауысуына байланысты сондағы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде аға оқытушылық қызметке орналасады. Бәрі өмірлік жары, өзім ерекше құрмет көрсететін Баукенің жауапкершілігі зор мемлекеттік қызметіне байланысты. Ол қай жаққа ауысса, сол жерлерде болашақ жоғары білімді мамандарды тәрбиелеуге белсене атсалысты. 2005 жыл мен 2016 жыл аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті шекара қызметі академиясының кәсіби тіл кафедрасында профессор болды. Қаншама танымал тұлғалармен қатарласа қызмет ете жүріп ғылыммен айналысты. Қазақ тілінің теориясы және қолданбалы мәселелері, тілді оқыту әдістемесі бойынша кітап, елуден астам ғылыми мақалалар жазды. Қазақ тіліндегі кірме сөздер проблемаларымен тиянақты шұғылданған танымал ғалым болды. Айналасында осы саладағыеңбектерін ерекше бағалайтын әріптестері көп екен. Араларында өзіне ұстаздық еткен үлкен ғалымдар да бар. Бәрі Шәкеңнің өмірде алған орнын әр қырынан келіп әңгімеледі, қимастық сөздерін айтты. Қатар оқыған курстастары арасынан ғылым жолына түскен, шығармашылық еңбекпен айналысқан ғалымдар да, ақын-жазушылар да көптеп шыққан екен. Соңғы сапарға аттандырар кезде бәрі жиналды. Қимастық лебіздерін айтып, көздеріне жас алды. Өстіп елді елжіретіп кету үшінде адамның бойында адамгершілік қасиеті, аңқылдаған пейілі, сыйластық сезімі болу керек. Баукеңе адал жар, ұл-қыздарына аяулы ана болған Шәмшібану Әбішқызы осындай ғажап жан еді. Әрине, бәрімізге ауыр тиді.Әсіресе, аялап өсірген ұл-қыздарына…

Сондай кезеңде мен Баукемен бұрынғыдан да көбірек араласуға, жанында жанын жадыратып, құлазытатын ойлардан сергітетін сөздер айтуға тырыстым. Қайғы бұлты тезірек сейілсе екен дедім. Осылай күн артынан күндер өтті. «Уақыт– емші» деген рас, ол алға қарай оздырған сайын атқаратын шаруалар, араласатын адамдар, ағайын-туыстар, дос-жарандармен жүздесулер алдандырады екен. Өйткені, бұл өмір ғой. Көңілге кірбің ұялататын оқиғаның соңынан жүрекке нұр құятын жаңалық, өзгерістерөз ретімен келіп жатады. Соның бірі де бірегейі өзі бас болып құрастырған, қашан кітап болып қолға тигенше тыншу көрмеген «Шәмшібану» естелік жинағы. Шәкеңнің жылы қарсаңында жарық көрген бұл кітаптың бірінші бөлімі Шәмшібану Әбішқызының зерттеу мақалалары мен ата-баба, әке-шеше, туған жер, ұстаздарына арналған жазбаларына арналса, екінші бөлімі ол туралы қимас көңілден өрілген әдемі естеліктерден тұрады. Осы рухтас кітаптарды көріп жүрміз ғой, бірақ бұл жинақ мазмұндылығымен, тағылымдық ойларымен қолға алғандардың бәрінің көңілінен шықты. Кітаптың сәтті шыққанына Баукенің өзі де разы болып жүрді. Содан кейін де сынаптай сырғыған уақыт білдірмей өте берді. Бәрібір Баукенің ойында бақытым да, бағым да деп өткен Шәкең тұрды. Енді бес жылдығына орай асын берсем деп ниеттеніп жүрді. Тіпті ағайын-туыстары мен дос-жарандарға өткізетін уақыты туралы да хабарлаған. Бірақ…

Иә, бірақ бәрі Алланың қалауымен болады екен. Өткен жылдың 19 мамыры күні арамыздан кетті де қалды. Көрген түстей әсер етті. Сенер-сенбесімізді білмедік. Өйткені күні кеше ғана қатар жүрдік.Әңгімеміз жарасып, әзіліміз үндесіп жүрген қайран Бауке – менің Баукем өстіп мәңгілікке алыстады… Қарап отырсам, қимастықпен жер қойнына берген күнімізкеше ғана сияқты. Енді міне, «Жыл өтті асыл жүрек тоқтағалы» деп, жақсы бір досы қайтыс болып, соған арнап шығарған ақынның өлеңіндегі бір жолын еріксіз ауызға алып отырмын. Бақидан фәниге өткен досымның нұр бейнесі көз алдымда. Ол ешқашан көмескі тартпайды. Соңғы уақытында қалай көрдім, солай көз алдымда. Қаншама жылдар қатар жүріп, бірге өткізген уақытымызда жан жадыратып отырған сәттеріміз көп болды. Балаларымыз көз алдымызда өсті, есейді. Біз солардың әрбір қуанышын қызықтадық. Кешегі біздің өміріміздің мәні мен мазмұны солай өтті. Бір-бірлеріміздің жетістіктерімізге шын көңілден тілектестік білдіріп, қуанышымызды бөлістік. Арамызда айтылмаған құпия сырларымыз қалмаушы еді. Мен сондай арлы азаматтан көз жазып қалдым ғой… Мен білетін, ел білетін Бауыржан Ысқақұлы досқа – дос, жолдасқа – жолдас, ағайынға ағайын бола білген нар жігіт еді. Қолынан келген жақсылықты жасауға асық болатын. Әркімге жанашырлық жасайтын. Қажет десе, қолындағы билігі мен мансабын пайдаланып, сөзі өтетін жерлердің бәріне барып, сөзімен де, ісімен де қайырымдылық көрсететін. Сондықтан оған деген елдің ықыласы өзгеше еді. Қай кезде де қасымнан табылатын достарымның бірі Баукенің мен үшін орны бөлек. Тіпті қалай мақтасамда, қалай еске алсамда соған татитын тірлігі бар ғажап жан еді, орны ойсырап қалды… Жақсылықтың аты – жақсылық. Ол саудаланбайды, шынайы көңілмен жасалады. Елге адал қызмет етіп, абырой биігіне көтерілген Баукенің жасаған жақсылықтарымен айтқан жақсы сөздерін білетіндер, көзімен көргендер жыр етіп айта жатар. Енді ол сондай естеліктер мен сағыныш сезіміне толы еске алулар арқылы бізбен бірге жасай береді. Ал мен үшін уақыт ұзаған сайын оның қадір-қасиеті артып, тұлғалана беретіні күмәнсіз. Өйткені Бауке менің ең қимас досым еді. «Достыққа достық – қарыз іс» демей ме данышпан Абай? Ұлы ойшыл ақынның өнегеге толы өлеңдерін оқып өскен ұрпақпыз. Бұл бізге мәңгілік тағылым болған. Сол себепті Баукені ақырғы сапарына жөнелтерде аянып қалмадым. Өмірдегі қол жеткізген жетістік, абырой-атақтарына сай рәсімдік салтын жасап, қаси¬етті жер қойнына тапсыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Сөйтіп қана жеңілдейтінімді білдім. Бауке досым соның бәрін көріп, біліп жатқандай әсерде жүрдім. Қай жерде болса да құрметке бөленетін, тапсырылған істің бәрін адал атқаратын, айналасындағы елмен жақсы араласатын, жүрген жеріне шуағын шашып жүретін Бауыржан Ысқақұлын мәңгілік сапарына осылай аттандырып едік. Әрине, бәріміздің көңілімізді қимастық сезім тербеп,¬ тебірентіп тұрды. Көзіміздің жасын сығып: «Бақұл бол, бауырым! Жатқан жерің жұмақтың төрі болсын!» – дедік. Өмір дегеннің ұзақтығы білінбейді. Тіпті мың жасаған Лұқпан Хакімнің өзі «бір есіктен кіріп, бір есіктен шығып бара жатқандаймын» деген екен. Оның жанында Баукенің ғұмыр жасыештеңе емес сияқты көрінер. Алайда ол Алланың берген азды-көпті жылдарын мағыналы істерге арнады.Қатарластарынан оза шауып, көп жетістіктерге қол жеткізді. Солардың ішіндегі ең кереметі – артында өмірін ұластыратын өнегелі ұрпақ қалдырды. Әлбетте, ол туралы көп ойлаймын. Екі күннің бірінде тілдесіп тұратындосым үйге кіріп келетін секілді немесе шыр еткен телефонымның арғы жағында тұрып: «Төке, қал қалай? Аманшылық па? Мен Алматыдан келіп қалдым», – дейтіндей елеңдеймін. Бірақ ол қайдан болсын? О дүниеге бір кеткен кісі қайтып келмейді екен… Сондықтан екінші мәңгілік өмірінің тілеуін тілейсің. Мына бір шумақ өлең сондай қимастық ойдан туған: Тілеймін жатқан жерің жарық болсын, Топырағың жұмсақ, қабірің нұрға толсын. Жұмақтан орын беріп періштелер, Пайғамбар «жақсы үміт еттім» деп, қолын берсін!

Төлеген РАҚЫМЖАНОВ, генерал-майор

 

Желбіретіп әділдіктің ақ туын

Еш жақсылық күтпеген де басқадан,

Сәттерімді түзеп жүрген ақсаған.

Желбіретіп әділдіктің ақ туын,

Бұл жалғаннан өтіп барад жақсы адам.

Дат баспаған семсер едің, шарт сындың,

Маған медет еді сенің қарттығың.

Құбыланы бетке алып көш кетті,

Мұң аспанды күңірентіп ақтық үн.

Көшіп керуен бара жатыр үні жоқ,

Күні жабық, тас қараңғы, түні көк.

Ар-иманын ақ кебінге орады,

«Ана өмірге» алып кеткен түгі жоқ.

Жаным менің алқынады жоқ жерде,

Мұндай күйді кешпесін деп еш пенде.

Тілеуші едім жақсы адамның тірлігін,

Өрлігімен өрлейді деп өр кеуде.

Алқымымда сөзім қалды айтылмай,

Баяғыдай нөсерлетіп, жай тумай.

Бұл дәуірден көшті тағы бір адам,

Ар ізінен қарау ниет байқалмай..

Жатқан жерің жайлы болсын, жан аға!

Әлі сенсіз атар талай таң, аға.

Жүрегімнен мұңның бұлты жас төгіп,

Нөсер сеуіп бара жатыр далаға…

Ерлан ІБІТАНОВ, полковник

 

“Сүлейменовке Украинадағы тіл саясаты ұнамайды!”. Ол орыс тілінің қағажау көргеніне қарсы