Жазықсыз қамалды

Dalanews 20 мам. 2022 09:26 108

ҚР Президенті Қ.ТОҚАЕВТЫҢ


ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Ж.АСАНОВТЫҢ


ҚР Бас прокуроры Б.АСЫЛОВТЫҢ


ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Е.САҒЫМБАЕВТЫҢ


ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы О.БЕКТЕНОВТІҢ


ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Ж.ЭЛИМАНОВТЫҢ  назарларына!


 

 

Маңғыстау облысы жұрты видеоүндеу мен ашық хаты арқылы, Маңғыстау облыстық, Ақтау қалалық «Ардагерлер кеңесі» ұйымдары және Маңғыстау облысының қоғамдық кеңесі өз хаттары арқылы, Ұлы отан соғысы, жапон милитаристеріне қарсы, оңтүстік және солтүстік Корей арасындағы соғыстарға қатысқан ардагердің баласы, сонымен қатар аты алашқа әйгілі, абыз Әбіш Кекілбайұлының інісі, мемлекеттік  қызметте 20 жылдан бері, яғни қатардағы маманнан бастап, облыстық басқармаларды басқарған, Ақтау қаласының әкімі, қәзіргі уақытта облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып жүрген Ғалымжан Ниязовтың үстінен, газ бағасының күрт көтерілуіне байланысты қылмыстық іс бойынша  жазықсыз қамалғанын айтып, Қазақстан халқымен Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрады.

 

Ол бағаны бақылайтын органға жетекшілік еткен жоқ 

Қаңтарда Маңғыстауда газдың бағасына байланысты халық бейбіт митингке шықты. Сол кезде «газдың бағасын негізсіз көтердің» деген желеумен өңірдің төл перзенті, адал азаматы Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғ.Ниязовқа жала жабылып, жазықсыз қамауға алынды. Бірақ, ол газ бағасын көтермек түгілі, оған араласа да алмайды. Өйткені, осы уақытқа дейін мұнай, газ саласына қандай олигархтардың иелік еткені жұрттың бәріне белгілі емес пе? Екі ортада болашағынан зор үміт күттіретін ел азаматы күйіп барады.

- Шын мәнісіне келгенде, облыс әкімінің орынбасары - өкілетті орган-Энергетика министрлігінің бұйрығымен бағасы тұрақты бекітілген әлеуметтік газ бөлу комиссиясының төрағасы болғанымен, нарықтағы бағаны бақылауы тиіс монополияға қарсы органға жетекшілік еткен жоқ. Тіпті керек десеңіз, Ғ.Ниязов бұл лауазымға тағайындалған кезде оның міндетіне газдың сатылуын қадағалау мәселесі мүлдем кірмеген. Ол ауылшаруашылығы, жер қатынастары, табиғатты қорғау салаларына жетекшілік етті. Ендеше, оның газ бағасының көтерілуіне тікелей де, жанама да қатынасы болмаған. Бұл жерде біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Өңірді газбен қамтудағы, осы кезге дейін «түсініксіз» болып келген жағдайларға байыппен қарайтын болсаңыз, көп нәрсені аңғарасыз. Мысалы, газ сату стансаларында газдың аздығы, бағасының тоқтаусыз өсуі, жергілікті халықтың наразылығын тудырды. Мұның арты ел арасында үлкен дүмпуге ұласты. Ал халықты кімдердің жаппай тәртіпсіздікке итермелегісі келгені белгілі болды емес пе, – дейді өңірде бірнеше жыл басшылық қызметтер атқарып, зейнетке шыққан ардагер А.Қартбай.

 

Ортада делдалдар пайда болды

«Газ және газбен жабдықтау» туралы Заңға сәйкес, 2018 жылы зауытпен  газ сату стансасы бар кәсіпкерлердің арасында делдал Газ желілік ұйымдары деген пайда болды. Бұрын газды зауыттан тікелей сатып алатын газ сату стансасы бар кәсіпкерлер, енді көтерме бағамен Газ желілік ұйымдарынан сатып алуға мәжбүр болды.

Осылайша, делдалдық қызмет көрсететін Газ желілік ұйымдары газды негізінен өздерінің жеке газ сату стансалары арқылы сатылуы барысында ұзын-сонар кезектер пайда болып, қалған жеке кәсіпкерлердің көп бөлігіне газ бермей, жеке кәсіпкерлер газдың аздығынан газды қымбатқа сатып, әлеуметтік наразылықтар туындап, жергілікті атқарушы органдардың жұмыстарына көңілі толмай бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Президентке, Үкіметке жеке кәсіпкерлер шағымданған.

 

Газ бағасына араласа алмайды және шала электрондық сауда қызметі

Былай қарап тұрсаңыз, газ бағасын облыс әкімінің орынбасары мүлдем белгілей алмайды. Ол мүмкін емес жағдай. Ендеше қаңтар оқиғасына себепші болды деп танылған газ проблемасы қайдан шықты? Неге бұл газ 10-12 жылға созылған шешілмейтін мәселеге айналды? Осы сұрақ әркімді мазалайтыны анық.

Газға қатысты барлық мәселелер 2012 жылдың 9 қаңтарында қабылданған «Газ және газбен жабдықтау» туралы Заңмен реттеліп келеді. 2018 жылы 2 мамырда осы аталған Заңға газдың 10-20% электронды сауда алаңдары арқылы сату туралы өзгеріс енгізілген.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ұсынысымен 2 жылдың ішінде, яғни 2022 жылдың қаңтар айынан бастап зауыттан шығатын газ 100% толығымен электронды сауда алаңы арқылы сатылуы тиіс болған.

Ақпарат ретінде: Заңға сәйкес 2018 жылдан аяғынан 2021 жылдың сәуір айына дейін, облысқа қажетті газдың 20% электрондық сауда алаңы арқылы сатылып басталған, ал 2021 жылдың сәуір айынан - жылдың аяғына дейін, ай сайын 5-10% дейін қосылып, жыл аяғында толықтай 100% электронды сауда алаңына өтті. Сол себепті, Комиссия өз жұмысын тоқтатты.

Бұл шешім сұраныс пен ұсынысты ескере отырып, боттарды пайдалануға жол бермеуге және субъектілерге әділ бәсекелестік қағидасының негізінде сауда алаңдарында газды сатып алу үшін бірдей қатысуға мүмкіндік беруі тиіс болатын.

«Көрші облыс, елдерге қарағанда біздегі газ бағасы өте төмен, сондықтан заңсыз сыртқа тасу, әрі елдегі бөлшек саудадағы газдың бағасы көтерме саудадан көп жоғары. Зауыттар халыққа (ішкі рынокқа) газ сатқаннан тәуір пайда таба алмай отыр, 2017 жылы елдің зауыттарының осы себептен жоғалтқан пайдаларының мөлшері 40 млрд теңгедей болды. Сонымен төмен бағамен газды ішкі нарыққа беру, өңдеу көлемін көбейту зауыттар үшін тиімсіз. Елімізде өндірілетін газдың 72% ішкі нарыққа беріледі. Сол себепті, зауыттарға дұрыс кіріс кіруі үшін бағаны көтеру керек, ол электронды сауда арқылы қамтамасыз етіледі», - деді министрлік өкілдері.

Сол кезден бастап, «ҚазМұнайГаз» компаниясына  бағынышты газ өңдеу зауыттары, газға өздері  баға қойып, электронды сауда алаңдары қызметін атқаратын жекеменшік мекемелер арқылы саттыққа шығарған.

Негізгі былықтың ордасы, газға өздігінен баға қойған газ өңдеу зауыттары және электронды сауда алаңының жетілмеген жүйе екені айдан анық болды. Демек, электронды сауда алаңы арқылы газ сату тетігі шала, яғни әбден пысықталмаған болып шықты. Мысал  ретінде: Кейбір азаматтардың айына бір рет өткізілетін сауда алаңы арқылы, сауданы өткізуші мекемемен саудаға қатысушы кәсіпкерлердің арасында заңсыз делдалдық көрсету нәтижесінде азғана кәсіпкерлердің жеңімпаз бола беруі, облыстағы барлығы 350-дей газ сату стансасы бар 250-дей кәсіпкердің наразылығын тудырды.

Ал, әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуші, осы шаруаларға бақылау жасауға міндетті Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сол кездерде қайда қарап отырған?

 

 ҚР Президенті әкімшілігінің тапсырмасы 

2021 жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында өңірде «Жығылғанға жұдырық» - дегендей, пандемиямен бірге, газ тапшылығы туындап, бағасы қымбаттап және ұзын-сонар кезектер пайда болып, әлеуметтік наразылықтар орын алып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Президентке, Үкіметке шағымданған газет-журналдарда материалдарды көріп жағдайдың оңай болмағанын көрдік .

Тапсырмаға байланысты 2021 жылы наурызда жыл аяғына дейін, өңірде әлеуметтік ахуалды тұрақтандырып, наразылықтарды болдырмау, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және газдың тапшылығын жою мақсатында  ҚР «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңының 22-бабына сәйкес, Энергетика вице-министрі Ж.Қарағаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінде газ желісі ұйымдары өкілдерінің қатысуымен жиналыс өтті. Одан әрі жыл аяғына дейін газ желісі ұйымдарының қолдуымен Маңғыстау облысында газ нарығында тәртіп орнады.

 

Комиссия газ саудасын белгілей алмайды

Облыс әкімдігінің  газ бойынша жұмысшы органы - Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасы болып табылады.

Газ желісі ұйымдары өздерінің газға қатысты сұраныстарын ай сайын, Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасына ұсынады. Одан әрі басқарма облысқа қажетті әлеуметтік газды газ желісі ұйымдары арасына бөлу үшін, Энергетика министрлігінің ережесіне сәйкес құжат жобасын дайындап, бірге шешім қабылдау үшін, комиссияға ұсынады, Комиссия құрамы: Төрағасы облыс әкімі орынбасары Ғ. Ниязов, комиссия төрағасы орынбасары  Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасы басшысы Б.Қартбаев, комиссия мүшелері облыстық мәслихаттың депутаттары А. Салманов, А. Сүгірбай, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі О. Тоғжанов, «Атамекен» ҰКП  орынбасары А. Тұрашева, қәзіргі «Қазақстан халқына» фондының комиссия мүшесі В. Трифонов және тағы басқалар.

(Ғ.Ниязов 2020 жылдың маусым айынан бастап облыс әкімінің орынбасары, ал 2020 жылдың қараша айынан 2021 жылдың қараша айы арасында заңнамаға сәйкес әлеуметтік газды, газ желілері арсында бөлінуі комиссия төрағасы болған).

Комиссия төрағасымен оның мүшелері және Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасы газдың бағасына, электронды сауда алаңы жұмысына, газ сату стансаларының жұмыстарына араласуға құқы жоқ. Сол себепті, газ бағасына ықпал ете алмайды.

 

Негізсіз айып тағылды

Бұдан кейін, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғ.Ниязовқа, Энергетика министрлігімен Қазақ газ өңдеу зауыты арасындағы 2021 жылы жасақталған Меморандумды бұзу туралы хат жолдап «Өзінің қызметін асыра пайдаланған» деген айып таққан.

Осы жерге тоқталсақ, 2021 жылы қыркүйек айында 350-ге жуық газ сату стансасы бар, құрамында 250 кәсіпкері бар «Мұнайлыавтогаз» ассоциациясы басшысы М.Нұртаев, заңмен реттелмеген жоғары және төменгі шекті бағаны алып тастау және электрондық сауда алаңындағы келеңсіз жағдайлар орын алып жатқаны туралы Энергетика министрі М.Мырзағалиевке және облыс әкімі Н.Ноғаевқа хат жазады. Бірақ та бағаны шектеуге және электронды саудаға қатысты шешім қабылдауға облыс әкімдігінің құзыры жоқ болғандықтан, ассоциация хатын тіркеп министрлікке Ғ.Ниязов шешім қабылдау үшін хат жолдаған.

Бұл жерде облыс әкімі орынбасары «Мұнайлыавтогаз» ассоциациясы өтінішін Энергетика министрлігіне жолдағаны үшін, ал Энергетика вице-министрі электронды сауда алаңына сауда-саттықты Заң талаптарына сай өткізуге ұсыныс жасағаны үшін күдікті болып отырғаны аян.

Парадокс, Ғ.Ниязовтың қорғаушысы Р.Умирболатовтың сауалына: «Энергетика министрлігі 2021 жылы Қазақ газ өңдеу зауытымен газдың бағасын реттеу туралы Меморандум болмаған деген» -  ресми жауап берген.

Маңғыстауда газға байланысты мәселенің түпкілікті шешілмей келе жатқанына 10-12 жылдай болды. ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті осы газға қатысты сұрақтарды «ҚазМұнайГаз» компаниясына бағынышты «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-басшыларына, электронды сауда алаңы арқылы газ сатуды ұйымдастырушыларға, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өкілдеріне қоюдың орнына, Энергетика вице-министрі Ж.Қарағаев пен облыс әкімінің орынбасары Ғ.Ниязовты күдіктілер ретінде қамауға алды.

 

Барлық кінәні бір адамға жаба салу мақсатын көздейді

 

«Ғ.Ниязов қызметтік міндеттерін асыра пайдаланды» деген негізсіз күдікке ілініп отыр, ол өзінің функционалдық міндеттеріне сәйкес, энергетика және  тұрғын үй-коммуналдық басқармасын сонымен қатар кәсіпкерлік басқармаларының  қызметін ешқашан қадағалаған да, басқарған да емес. Оның үстіне, тағы бір тағылған айыпқа тоқталатын болсақ, Ғ.Ниязовтың өзі жеке дара, жұмыс жасамайтын газ желісі ұйымдарына газ бөлген деген, шындығына келсек, ол газ желісі ұйымына 2019 жылдан бері, Ғ.Ниязовқа дейінгі комиссиямен де газ бөлінген (Ғ.Ниязов 2020 жылдың маусым айынан бастап облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді, ал 2020 жылдың қараша айынан 2021 жылдың қараша айы арасында заңнамаға сәйкес газды, газ желілері арсында бөлінуі комиссия төрағасы болған).

Сондай-ақ, облыстағы 10-ға жуық газ желісі ұйымдарының барлығы, өкілетті орган - Энергетика министрлігі департаментінен заңға сәйкес қызмет көрсету үшін алған аккредитациялары бар.  Комиссия - алқалы орган, шешім дауыс беру арқылы қабылданады. Комиссия төрағасы жеке-дара шешім қабылдай алмайды. Комиссияның аккредитациясы бар газ желісі ұйымдарына газ бөлмеуге құқы жоқ.

Сонымен қатар, ҚР Президенті Қ.Тоқаев шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, бару арқылы тексерулерді, профилактикалық бақылау, қадағалау және тексеру жүргізуге 3 жылға (2020-2022 жылдар) мораторий жариялаған.

Сондықтан облыс әкімінің орынбасары Ғ.Ниязовтың әрекеттерінде ешқандай қылмыстық құрам жоқ.

Бұл орын алған Қаңтар оқиғасы үшін Маңғыстау облысы бойынша барлық кінәні бір адамға жаба салу мақсатын көздейді.

 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! 

Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарының мүлтіксіз сақталуының кепілі ретінде жоғарыда аталған мәселеде қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі қысқартып, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязовты босатуға және одан барлық айыптауларды алып тастауға жәрдем көрсетуіңізді сұраймыз!

 

Бақыт ОЙСА.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x