Әміреден қалған жәдігер

Dalanews 06 мам. 2022 11:14 291

"18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне" орай аталмыш мақала Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі қорында сақталған жәдігерлерді көпшілікке насихаттау мақсатында жарияланып отыр.

Тарихы тереңде жатқан іргелі қара шаңырақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі қазақтың төл тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін үнемі насихаттап келеді. Музей қорында сонау тас дәуірінен бастап күні бүгінге дейін қазақтың рухани және материалдық мәдениетінен сыр шертетін жәдігерлер көптеп сақталған.

Соның айқын бір дәлелі қазақтың әншілік өнерін, оның құлаққа жағымды, бойға сіңімді «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Дударай», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қосбалапан», «Балқадиша», «Бес қарагер», «Көк көбелек» және т.б. әндерін қазақ даласынан бастап, дүниежүзіне әйгілі Париж, Майндағы Франкфурт, Мәскеу сахналарында нақышына келтіре шырқаған атақты әнші, актер әрі музыкант Әміре Қашаубаев тартқан домбыра, шабадан және үш бөліктен тұратын айнасы (зеркало трельяж) сақталған.



Әншінің домбырасы мен шабаданын жары Оразке Қашаубаева 1947 жылдың 5 шілдесінде Музей қорына өткізген. Домбыра ұзындығы 80 см. Материалы: ағаш. Құрама домбыра. Қос ішекті, жеті пернелі (шанағы мен мойны түйіскен жерінде перне ізі болғандықтан, пернесі бұдан да көп болуы мүмкін).



Жәдігерді өткізген кездегі құжатқа жүгінетін болсақ, домбырамен әнші 1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік сән өнері көрмесінде, Мәскеу консерваториясының залында ән шырқаған. Әнші қайтыс болғаннан кейін домбыраны біраз уақыт халық әртісі Жүсіпбек Елебеков, әнші Нұғыман Әбішев тартқан.

Домбыраның Әміре Қашаубаевқа тиесілі екенін өнер қайраткерлері Қалибек Қуанышбаев пен Серке Қожамқұлов растайды.


Ал шабадан мен айнаны Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде болған Дүниежүзілік сән өнері көрмесінде өткен этнографиялық концертке қатысуға барған кезде сонда сатып алған. Шабаданның өлшемі: 68 х 37 см. Материалы: былғары.



Әнші айнасын Музей қорына 1975 жылдың 15 тамызында қызы Күләш Жақыпова өткізген. Әдетте үш бөліктен тұратын жиналмалы айнаның екі жағындағы бөліктерін біріктіріп жалғап тұрған орта бөлігінің көлемі басқаларынан үлкенірек болып келетін болса, бұл айнаның ерекшелігі үш бөліктің де көлемі бірдей. Айнаның өлшемі: 69 х 28  см. Материалы: металл, былғары, шыны. Айна ұқыпты, әрі жинақы жасалған. Оны үстел үстіне тұрғызып қоюға да болады, сондай-ақ қабырғаға ілуге ыңғайлы етіп жасалған артқы бөлігінде ілгегі бар. Мұндай айна түрлерін әртіс, актерлар күні бүгінге дейін мәдениет ошақтарының гримеркаларында қолданады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі ұлттық жәдігерлерімізді кеңінен насихаттап отыратын ғылым мен мәдениеттің ошағы.

Тимур БОЛСЫНБЕК


Қазақстан Республикасы


Мемлекеттік Орталық музейі


Алматы қаласы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x