Ораза айттағы мерекелік намазда молдалар экс-президенттің кітабын оқыды

Dalanews 04 мам. 2022 06:10 301

Түркіменстандағы молдалар Ораза айттағы мерекелік намазда экс-президент Ғұрбанғұлы Бердымұхамедовтің "Өмірімнің мәні" атты жаңа кітабын оқыды.

"Хроника Туркменистана" тәуелсіз басылымының хабарлауынша, кітап оқу сәті мемлекеттік ақпарат агенттігі дайындаған репортажда көрсетілді.

Ғұрбанғұлы Бердымұхамедовтің жаңа кітабы "Өмірімнің мәні" деп аталады. Мемлекеттік ақпарат агенттігі экс-президенттің бұл шығармасын "түркімен халқының мыңдаған жылдар бойы ұрпақтан ұрпаққа таралып келе жатқан даналығы мен ұлттық рухани құндылығы" деп сипаттады.

Кітапты 29 сәуірде автордың ұлы, Түркіменстан президенті Сердар Бердымұхамедов таныстырды.


Билікті ұлы Сердарға тапсырған Ғұрбанғұлы Бердымұхамедов сәуірде президенттен демалыс сұрады. Ол демалыс кезінде жаңа кітабын аяқтайтынын айтты. Оның демалысы қаншаға созылатыны хабарланбады.

Ғұрбанғұлы Бердымұхамедов 60-тан астам кітаптың авторы. Оның шығармалары сан-алуан тақырыптарға арналған. Саясаткер мемлекетті басқару, халықаралық қатынастар, дәрілік шөптер, жылқы шаруашылығы, ит асырау туралы шығарма жазды. Оның кітаптарын елдегі оқу орындары зерттейді, мемлекеттік БАҚ-тың тікелей эфирінде оқылады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x