Волонтерлік қызметпен айналысқан азаматтардың жұмысын насихаттап, дәріптеу керек

Dalanews 22 қыр. 2022 05:16 216

Соңғы жылдары елімізде волонтерлік қызмет жан-жақты дамыды. Бүгінде жастардан құралған еріктілердің көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, мәселесін шешіп беріп жатқаны жайындағы ақпаратты ақпарат құралдарынан жиі естіп, оқитын болдық. Волонтерлік қызметті жан-жақты зерттерген мамандар қоғамға пайдасына ерікті түрде қызмет атқару әлеуметтік жауапкершілік пен азаматтық қоғам дамған елде орын алатынын алға тартады. Рас, волонтерлік қызмет қоғамды ортақ іске жұмылдыруда таптырмайтын қатынас құралы болып тұр.  

Волонтерлік қызмет әр елде өзінше қалыптасқаны анық. Бұл – қызметті қандайда бір елге таңып, еншілеп беруге болмас. Айталық, қазақ қоғамындағы асарлатып іс бітіруді осы волонтерлік қызметке жатқызуға болар еді. Дәл осындай жақсы дәстүр өзге елдерде де кездеседі. Сол себепті волентерлік қызметті бір елге тән дүние деп кесіп айтуға келемейді. Қайта волонтерлік әрекетті жалпы адамзатқа тән құбылыс деп айтқан орынды сияқты.

Егер көне тарихқа көз салсақ, ХIV ғасырда Еуропада түрлі жұқпалы аурулар тараған індеттің таралып кетпеуі үшін мерт болған адамдарды жинауға жанын құрбан еткен адамдарды еріктілер деп атағанын білеміз.

Мұндай жанкешті әрекет біздің дәуірімізде де орын алды. Айталық, Жапонияда Атом электр стансаларында апат болған сәтте халық арасынан суырылып шыққан жанкештілер апаттың салдарын жойып, жас ұрпақтың амандығы үшін бастарын бәйгеге тікті емес пе? Бұл – нағыз волентерлік әрекеттің жарқын үлгісі десек болады.


Өткен ғасырдың басында Сталиндік қуғын-сүргін кезінде көптеген ұлт өкілдері Қазақстанға күштеп көшірілгенде, жол азабын тартып, өлімші күйде жеткен мыңдаған өзге ұлт өкілдерін қазақтар бауырларына басып, қолында барымен бөлісуі де волонтерлік істің айқын бір көрінісі деп тарих беттеріне жазып қоюуға болады.

Сол бір зұлмат жылдары қазақ халқының қамқорлығын сезінген көптеген ұлттар әлі күнге дейін Қазақ халқына алғыс айтады. Жүк көліктерін жүргізетін қазақтың жігіттері Еуропаға бара жатып, немесе, келе жатып шешендердің жерінен өткенде көлігі сынып, қандайда бір оқиғаға тап болса, сол маңдағы шешендер қазақтарға қол ұшын беріп, көлігін жөндеп, ас-суын беріп, қонақ қылып жіберетінен жиі естиміз.

Сол кезде шешеннің жастары сол бір қиын кезеңде өзінің ата-бабаларына қазақтардың қалай қамқорлық көрсеткенін айтқанда әрқайсымыздың көкейімізді мақтаныш сезімі кернейтіні анық. Бұл енді волонтерлік қызметтің құдіреті ғой. Ол кезде әміршіл-әкімшіл жүйе қуғын-сүргінге салған ұлттарды жоқ қылуды көздегені анық. Ал қазақ халқы бірнеше ұлттың жоқ болып кетуден сақтап қалды.

Осы жайттарды еске алып, ой қорытсақ, қазақ жерінде волонтерлік қызмет баяғыдан қанат жайып, сіңісті болғанын байқаймыз.

Күні кеше ғана Ресейден ондаған мың орыс ауа көшкенде ел азаматтары басына іс түскен мыңдаған орысқа көмек қолын созды. Жастардың бұл әрекетін біреулер сынаса, енді біреулердің құптады. Қалай десек те, осы жолы елімізге келген орыс ағайындар бізді жаңа қырынан танығаны анық.

Ертең олар өз еліне қайтып барғанда қазақтар жайында қисық пікір айтқан отандастарының ескерту жасап, қазақтың озық ұлтқа айналғанын айтатын болады.


Біздер кісіге көмектесуден жаманшылық көрмейміз. Өткен жылы елімізде қуаңшылық болып, батыс өңірде жем-шөп жетіспеген сәтте Құрмет бастаған азаматтар Батысқа вагон-вагон жем-шөп жөнелтіп, төрт-түлікті жұттан аман сақтап қалғаны бәріміздің есімізде.

Осы бір қарапайым жайттан-ақ, еліміз үшін волонтерлік қызметтің қазақ үшін маңызы зор екенін бағамдауға болады. Сондықтан біздер волонтерлік қызметті дамытып, бұл іске бел буып, білек сыбана кіріскен ісін насихаттап, дәріптеуміз керек. Осындай ізгілік шаруалар бізді тұтастырып, мемлекетімізді нықтай түсетіні анық.

Нұрлан ЖҰМАХАН.  

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x