Қаңтар оқиғасы: А. мен С. есімді азаматтардан әкімдікті талқандау туралы бұйрық түскен

Dalanews 26 сәу. 2022 05:06 153

5 қаңтарда Алматы облысында екі адам әлеуметтік желілер арқылы өңір әкімдігін басып алу жөнінде толық нұсқау беріп отырған.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты.

- Қаңтар оқиғасы ұйымдастырушылары мен қатысушыларын анықтау және оларды жауапқа тарту үшін жұмыс жалғасып жатыр. 4 қаңтарда Алматы облысында А. және бұрын сотты болған С. есімді азаматтар қирату, мүліктерді жою және билік өкілдеріне қарсы күш қолдану туралы алдын ала сөз байласқан.

5 қаңтарда аталған адамдар әлеуметтік желілер арқылы Талдықорған қаласындағы шағын ауданда 400 адамды жинап, осы жерде оларға облыс әкімдігін басып алу үшін толық нұсқау берген, - деді Е. Қилымжанов.

Оның айтуынша, ұйымдасқан топ орталық алаңға қарай жүріп, онда жол бойында тастармен және металл арматурамен қаруланған.


- Агрессивті топ қолда бар құралдардың көмегімен полицияның қоршауын бұзып өтіп, облыс әкімдігінің ғимаратын өртеді. Онымен тоқтамай, аталған А. және С. есімді адамдар топқа тағы 500 адамды қосып алып, одан әрі барлығы Талдықорған қаласы полиция басқармасының ғимаратын басып алуға барды. Олардың қылмыстық әрекетінен полиция ғимаратының 80 пайызы қирады, - деді Бас прокуратураның өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қаңтар оқиғасы бойынша тергеу органдарының іс жүргізуінде 5 041 қылмыстық іс бар.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x